Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарасай—Қази (16-бөлім)

Қарасай-Қази · Белгісіз ақынның нұсқасы · 2 мин оқу

Айтқанындай солардың,
Адам кірмес жер екен.
Қалмақтың жерін байқады,
Қолына белгі ала алмай,
Одан әрі бара алмай,
Қарасай кейін қайтады.
Әділге жетіп келеді,
Келіп жауап береді:
—Көріп кел жолды деп едің,
Көріп келдім жолыңды.
Өтірік деме мұнымды,
Айтайын, Әділ, шынымды.
Бізге қайдан алдырсын
Өлген атам Орақтың
Бармаған жауы бұрынғы.
Таудың шықтым бетіне,
Жолдың шықтым шетіне.
Көз жіберіп қарадым,
Қызылбастың кентіне.
Асқар биік тау екен,
Қызылбас мықты жау екен,
Жалғыз аяқ тар жолы
Бұрғымен тескен бар екен.
Таудан құлап қарасам,
Көріп қайтқан ерлердің
Айтқан сөзі шын екен.
Одан әрі қарасам,
Жалпақ жатқан сор екен.
Сорға салған тас өткел,
Жалғыз аяқ жол екен,
Ар жағы терең көл екен.
Көлге жалғас ар жағы—
Алты қатар ор екен.
Ордың арғы жағына
Көз жіберіп қарасам,
Он екі ханның елі екен.
Он екі ханның бастығы
Қорғасанның ұлы екен.
Дербент деген қаласы
Әр қаладан зор екен,
Жүруге жолың жоқ екен.
Анықтап келіп қарасам,
Жолының түрі сол екен.
Ат бауырын жаза алмас,
Ат омбалап шаба алмас,
Орғыл-орғыл құм екен.
Құмның арғы жағына
Көз жіберіп қарасам,
Шалқып жатқан көл екен.
Айналасы айшылық,
Көлденеңі күншілік
Он екі ханның елі екен.
Он екі ханның бастығы
Қондыкердің ұлы екен.
Он екі жерден құрылған
Хан белгісі бар екен.
Асты теңіз көл екен,
Үсті биік тау екен,
Ортасынан салдырған,
Дербент деген қала екен.
Дарбазасы темірден,
Күзеткен әскер бар екен,
Қаласы мықты зор екен.
Ойлап келіп қарасам,
Алдырмайтын жау екен.
Бізден де бұрын бұлармен
Соғысқандар бар екен.
Өткен жылдың жазында
Алпыс мың бар азында,
Қызылбаспен ұрысып,
Қырылып жатқан қынадай,
Жиюлы жатқан сынадай
Қырғыз деген ел екен.
Қызылбаспен ұрысып,
Қырылып қалған жер екен.
Нелер асыл ерлердің
Бейіттері бар екен.
Ескерткіштер аман тұр,
Оларға тиген жоқ екен.
Қиғаш таудан тестірген,
Асты тас та, үсті тас,
Қара үңгір деген жол екен.
Алдымызда, ер Әділ,
Көретін азап көп екен.
Көріп келдім көзіммен,
Ел көрер заман жоқ екен.
Осындай қиын жолы бар,
Жолдың арғы аузында
Тұлпардың тышқан боғы бар.
Бұған барған батырдың
Маңдайының соры бар.
Жолдың бергі аузында
Тақтайдай қара жолы бар.
Қара тастың бетінде
Арабша жазған хаты бар.
Хатты оқып қарасам,
Бұрынғы өткен ерлердің
Бәрінің де аты бар.
«Ала алмадық біздер,—деп,
Келерсіз балдар сіздер,—деп,
Өлген атам Орақтың,—
Қарасай-Қази шабар»,—деп,
Жазып кеткен анты бар.
Өтірік емес біреуі,
Көргенім менің—осылар!
Сонда Әділ сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
—Сен ер емессің, бекерсің,
Тек бір жүрген есерсің.
Қолыңнан келер бір зат жоқ,
Құрғақ тілге шешенсің.
Тартып тумай Ораққа,
Азып туған екенсің.
Орақтан тудым дегенше,
Орманнан тудым десейші.
Ерден тудым дегенше,
Жерден тудым десейші.
Асылдан тудым дегенше,
Масылдан тудым десейші.
Жаудан қорқып келгенше,
Сояқта жүріп өлсейші.
Ойламадым мен сені
Қорқып қашып келер,—деп.
Сеніп едім мен саған,
Тіл әкеліп беред деп.
Жоқ жерден тауып бәлені,
Келіп тұрсың себеп деп.

Тағы оқыңыз