Қарасай—Қази (32-бөлім)
Қарасай-Қази · Белгісіз ақынның нұсқасы · 3 мин оқу
Зарлағанда даусымды
Естімейді құлағым.
Есіме түссе қалмайды
Менің сабыр қарарым.
Тапсырылғай анам-ай,
Осы жазған сәлемім.
Ұстап жазар қолым жоқ,
Осы хаттан білерсіз,
Аман жүрген хабарым.
Бір күні туса күніміз,
Және дұғай көп сәлем
Омар менен Оспанға.
Жақсылық етсең, шығарсыз
Екеуің азат бостанға.
Жамандық етіп қосылсаң,
Әзәзіл шайтан дұшпанға,
Тірі барсам қоймаспын,
Кетсең де ұшып аспанға.
Тағы сәлем айтайын
Омар менен Оспанға,
Жылатып зәбір бермеңіз
Екі бірдей қасқаға.
Жылатып зәбір берсеңіз
Ылия менен анама-ай,
Тірі барар күн болса,
Көрсетермін саған-ай!
Алтын орда үйіме
Ықтиярсыз кірмесін.
Екі бірдей мұңдыға
Жылатып зәбір бермесін.
Және дұғай көп сәлем
Қырық мың сан алуан ноғайға.
Қолынан ұрса Ұрымға,
Туып өскен Қырымға.
Және дұғай көп сәлем
Бауырлас туған қазаққа.
Тезірек іздеп келіңіз,
Мен жатырмын азапта.
Тағы сәлем айтамын
Ел билеген еріме,
Өсіп, өнген жеріме.
Ал, Қарақұс жануар,
Рұқсат бердім өзіңе.
Осы жазған сәлемді
Тапсырғайсың еліме».
Қарақұс емес пірі еді,
Қағазға қарап тұр еді.
Қары бойы қағазды
Қанатына іледі,
Қарақұс ұшып жөнеді.
Құдайға Әділ жылады,
Тілей қабыл болады.
Қырымға қағаз жіберіп,
Әділдің көңілі тынады.
Кеш болғанда ер Әділ,
Алты арбаны сүйретіп,
Қаласына барады.
«Осындай нәрсе көрдім»,—деп,
«Хабарлауға келдім»,—деп,
Бағып жүрген қызылбас
Ханына хабар салады.
Хат кетті деп еліне,
Өлтіруге Әділді
Ханы бұйрық қылады.
Атса, мылтық өтпеді,
Шапса, қылыш кеспеді,
Салса, найза теспеді,
Шоқпарменен ұрса да,
О да зиян етпеді.
Отқа салса, күймеді,
Суға салса, батпады,
Өлтірейін десе де,
Қызылбас айла таппады.
Ендігі тапқан амалы,
Амалының жаманы—
Жеті қабат зынданға
Апарып салып тастады.
Ал енді ер Әділ зынданға түсіп жата тұрсын. Қырымға кеткен ер Әділдің пірі Қарақұстан хабар алалық. Қарақұс бірнеше күн ұшып, Қырымның еліне келеді.
Қарақұс ұшып жөнеді,
Қарақұс емес пірі еді.
Қырым деген шаһарға
Қарақұс ұшып келеді.
Ер Әділдің үйіне
Қарақұс еніп келеді.
Екі мұңды сорлының
Отырған жылап кезі еді.
Екі мұңды егіліп,
Аш күзендей бүгіліп,
Отыр еді түңіліп.
Жылап жатқан мұңдының,
Ісін Құдай қалады,
Тілегі қабыл болады.
Бір қарақұс аспаннан
Ұшып келіп қонады.
Әділдің берген қағазын
Анасының алдына
Тастап кетіп барады.
Ханым оқып қарады,
Ашып оқып қараса,
Өзінің жалғыз баласы
Әділдің жазған қағазы.
Екі мұңды қуанып,
Жылағанын қояды.
Жауда қалған Әділді
Көргендей-ақ болады.
Қайта жанды мұңдының
Өшіп қалған шырағы.
Хатты оқып көргесін,
Жауда қалған Әділдің
Тірі екенін білгесін,
Қарасай, Қази досына
Қағазды алып барады.
Қарасай-Қази ер еді,
Артық туған шер еді.
Жауда қалған досының
Тірі-өлісін біле алмай,
Қапа болып жүр еді.
Қайғы менен қан жұтып,
Ауру болып жүдеді.
Әділдің жазған қағазын
Қарасай оқып көреді.
Жауда қалған досының
Тірі екенін біледі.
Сонда Қази сөйледі:
—Бүгін өлсем ырзамын,
Бір шыбындай жанымды
Досыма құрбан қылайын.
Досым үшін жанымды
Сарп етуге тұрайын.
Қаріптер, қайтіп жүре бер,
Қызық дәурен сүре бер,
Ордаңа барып кіре бер.
Құдай тілек бергесін,
Қабағыңды ашып күле бер.
Өлсем, өліп кетейін,
Досым үшін өтейін.
Егер өліп кетпесем,
Әділді алып жетейін.
Енді тұрман бұл жақта,
Әділді қойман азапта.
Қызылбасқа жүрейін,
Қарасай аға мін атқа.
Көңіліңді қош етіп,
Қайта бер, ханым, үй жаққа.
Қасыңдағы қызыңды
Қайғылы етіп жылатпа,
Ағасын аман әкеліп,
Жеткіземін мұратқа.
Ау, Қарасай, ағам-ай,
Талап етіп мен тұрмын,
Жауда қалған досымды
Іздемей нағып тұрайын,
Іздемесем досымды,
Таңда мақшар күнінде
Көремін қалай жүзін-ай.
Сен бармасаң, Қареке,
Кетемін іздеп өзім-ай.
Әділ үшін аттану—
Міндетіміз бізің-ай.
Қареке, қалай көресің,
Осылай менің көңлім-ай?
Ендігісін өзің біл,
Менің бітті сөзім-ай.