Қарасай—Қази (19-бөлім)
Қарасай-Қази · Жақсылық жырау нұсқасы · 4 мин оқу
Жауда қалған ағаңды
Бұл дүниеден таппассың,
Ақыретте табарсың.
Қарасай қандай ер едi?
Менен күдер үзедi,
Үмiт үзбей не қылсын,
Жарасы мықты бар едi.
«Қайғыны жаман жама» деп,
Ағасының жарадан
Қуатының кеткенiн,
Сонда Қази бiледi.
Қолтығына қол салып,
Келiп басын сүйедi.
Осындайда болмаса
Жақынды неге тiледi?!
Туысқанның себебi
Тар жерде тиер көмегi.
Туғаны жоқ жалғыздың
Жауда қалар сүйегi.
Қарасайды қалдырмай,
Қази сүйеп келедi.
Жауға көзiн салады,
Қаны судай ағады.
Ағасын сүйеп жетелеп,
Жаудан алып шығады.
Ағасын алып аяңдап,
Айдын көлге келедi.
Ағасының жарасын
Көлде жатып бағады.
Ақ дәрiсiн аюдың
Жарасына жағады.
Он күн бағып ағасын,
Жарадан жазып алады.
Ендi қайтып бара алмай,
Досын iздеп таба алмай,
Арманда болып екеуi,
Қайтып кетiп барады.
Әдiл досы шырқырап,
Баяғы орда қалады.
Ендi ер Қази қызылбаста ағасын қалдырмай, өздерi де жауға алдырмай қайтады. Қарасай жаралы болып елге екеуi қайтқасын, қызылбас та елiне қайтады. Тас өткелге барғанда ер Әдiлдiң қолын көредi. Өлген адамның қалған олжасын тередi. Олжасын терiп жүргенде орға түскен Әдiлдi көредi. Қараңғы ордың iшiн жарық қылып тұрған Әдiлдi қызылбастар көрiп «мен ұстаймын, мен ұстаймын» деп таласып, орға түсiп қалады. Сол уақытта ер Әдiл қолындағы қорамсақпен жақындағанын ұрып жығып, ұстатпай жүредi.
Қамап тұрып қызылбас,
Әдiлден жауап сұрады.
Орға түскен сұм болса,
Шыныңды айтшы, бейшара,
Бұл не деген жер едi,
Әрбiр жерден зор едi.
Ердiң сойы Едiге
Бұл келмеген жер едi.
Едiге ұлы Нұрадын—
Бұл келмеген жер едi.
Нұрадын ұлы ер Мұса,
Бұл келмеген жер едi.
Орақ, Мамай, Қобыланды,
Бұл келмеген жер едi.
Ыспандияр, Төреқұл,
Бұл келмеген жер едi.
Он екi ханның елi едi,
Әр патшадан зор едi.
Аттаныс салған жерiме,
Бүлiк салған елiме,
Жылатқан қатын, баламды,
Қазбан деген қаламды
Шауып кеткен әскердiң
Қолбасшысы кiм едi?
Сонда Әдiл сөйледi:
—Қамап тұрған қызылбас,
Қолыңа түстi бiздiң бас.
Аяқ-қолым босатып,
Жiберер деп жалынбас,
Аяғыңа бас ұрмас.
Менiң атым—ер Әдiл,
Қорқып атын жасырмас.
Қырық мың әскер қолменен,
Жалғыз аяқ жолменен,
Үш бөлiнiп, үш жерден
Тиiп едiк қолыңа.
Алдыңғы тиген көп әскер—
Қарасай-Қази қос батыр.
Қазбан деген қаланы
Шапқан шығар солар-ай.
Екiншi әскер мен едiм,
Жалғыз аяқ тар жолға
Түскенiмде, қызылбас,
Ортаға алдың қамалап.
Қамап алдың жолымды,
Қолымды қорғап тұрғанда,
Ортасынан сарт етiп,
Садағым екi бөлiндi,
Тұлпарым орға жығылды.
Секiрiп шыға бергенде,
Өмiлдiрiк үзiлдi.
Сыпырылып мен түстiм,
Қараңғы ордың iшiне,
Таба алмадым жөнiмдi.
Қыдырып жүрiп, қызылбас,
Менi көрiп жүгiрдiң.
Ұстаймын деп тұрғанда,
Талайыңды қырғанмын.
Орға түсiп, қызылбас,
Ақыл тауып тағы да,
Қазған ордың iшiне
Топырақты суырдың.
Көрсетпедiң көзiмдi,
Ұстап алдың өзiмдi.
Әдiлдiң түскен орына
Көп қызылбас келедi.
Қараңғы орды шамшырақ
Қылып тұрған Әдiлдi,
Олжа қарап жүргенде,
Көп қызылбас көредi.
Осы келген қызылбас
Бұл соғыста жоқ едi.
Әдiлдi қырған қызылбас
Қарғасаның қолы едi.
Қарғасаның батыры
Баршасынан зор едi.
Үш бөлiнiп, үш жерден
Соғыс қылды деп едi.
Көп олжаға тап болып,
Олжа терiп жүргенде,
Әдiлдi көрiп қалады,
Таласып орға түседi.
Бiрiнен-бiрi қызғанып,
Мен ұстайын десе де,
Сол уақытта ер Әдiл
Қызылбастың үстiне
Топырақты шашады.
Қасына түссе жiбермей,
Жолбарыстай басады.
Ұстай алмай қызылбас,
Ордан шыға қашады.
Оң келгенiн оң ұрып,
Сол келгенiн сол ұрып,
Терең ордың iшiнде,
Сала бердi ұрысты.
Әдiлдi ұстап ала алмай,
Қасына жақын бара алмай,
Қызылбас жаман сасады.
Көп қызылбас қамады,
Жүгiрiп жүрген ер Әдiл
Қолына кесек алады,
Жiберiп келiп қалады.
Бiрiнiң көзiн шығарып,
Бiрiнiң басын жарады.
Ұстай алмай қызылбас,
Бiр бәлеге қалады.
Көп қызылбас сөйлесiп,
Ақыл-айла табады.
Қолдарына қызылбас,
Бiр-бiр белден алады.
Топырақты құлатып,
Төбесiнен құяды.
Топырақпен бастырып,
Әдiлдi ұстап алады.
Мықтылығын бiлген соң,
Екi қолын артына
Шегелеп құрсау салады.
Шынжыр тағып мойнына,
Ордан алып шығады.
Қолға түскен жас Әдiл—
Екi қолы байлаулы,
Ендi не амал қылады?!
Қолға түсiп қор болып,
Көзi жайнап тұрады.
Атаңа нәлет қызылбас,
Бiлгенiң болса, аяма!
Мен де саған бiр күнi
Жеткiземiн өлiмдi,
Көрсетемiн көрiмдi.
Босатса Құдай қолымды,
Сұрасаң менiң жөнiмдi,
Қырымның ханы мен едiм,
Қол бастаған ер едiм.
Қызылбасты қиратып,
Жесiрiн қойдай шулатып,
Шауып алсам деп едiм.
Тұлпар орға жығылып,
Болмады қабыл тiлегiм.
Өлсем, өлiп кетермiн,
Егер өлiп кетпесем,
Бiлгенiмдi етермiн.
Екi достым сау болса,
Түбiңе ақыр жетермiн.
Қызылбас ханы сөйледi:
—Қол бастаған хан болсаң,
Әдiл деген шын болсаң,
Мойныңа қамыт iлесiң,
Алты арбаны жегемiн.
Алты арбаның үстiне,
Толтырып тасты үйемiн.
Мықтысынған батырдың
Күшiн сүйтiп көремiн.
Әдiл хан болсаң сен өзiң,
Жазаңды сөйтiп беремiн.
Осыны айтып қызылбас,
Қолын байлап әкелдi.
Қазбан деген қалаға
Әдiлдi айдап келедi.
Мойнына қамыт iледi,
Алты арбаны жегеді.
Алты арбаның үстiне
Бiр қызылбас мiнедi.
Арбаға жеккен Әдiлдi
Шыбықтап айдап келедi.
Қарасай бұзған қаланы
Әдiлдi жегiп түзедi.
Айдап жүрген қызылбас,
Қолына алды көк шыбық,
Әдiлге болды көп қызық:
Арбаға тас тиедi,
Алты арбаны ер Әдiл
Өгiздей өрге сүйредi.
Қаһарланып тартқанда,
Үзiледi арқаны.
Арқан қиып арқасын,
Жанына қатты батады.
Жанына жақын келуге,
Қызылбас та қорқады.
Бұрынғыдай Әдiлдiң
Еркелейтiн елi жоқ—
Алты арбаны сүйретiп,
Жолға түсiп жортады.
Қарасай бұзған қаланы
Әдiлге жегiп арбаны,
Алты айда түзеп алады.
Қаланы түзеп алғасын,
Тағы да қастық ойлады.
Әдiлге тезек тергiзiп,
Қол-аяғын тұсады.
Тiсiмен тезек тередi,
Қорлықты Әдiл көредi.
Бiр қызылбас жасауыл,
Тергiзiп тезек жүр едi.
Арбаға тиеп тезегiн,
Кеш болғанда келедi.
Өлiп-талып келгенде,
Жана бiр азап бередi.