Қарасай—Қази (13-бөлім)
Қарасай-Қази · Белгісіз ақынның нұсқасы · 2 мин оқу
Ендігі жерде, достарым,
Сіз екеуің—тірегім.
Әуелде елден шыққанда,
Айтқан сөзің шын болса,
Ердің сөзі бір болса,
Сол сөзіңде тұр деймін.
Жалғыз аяқ тар жолға,
Түсейін деп біз тұрмыз,
Достым, жауап бер деймін.
Қарасай сонда сөйледі:
—Әділ достым, сен едің,
Сенің достың мен едім.
Осы қырық мың әскердің
Билігін саған беремін.
Жалғызбын деп жабықпа,
Жолды көріп тарықпа.
Сыртыңнан бағып жүрейін,
Біздер достым сау болсақ,
Қысылған жерде көмегің,
Бөтен емес тілегім.
Бұрынғы айтқан сертіміз,
Екі айтпайды ер деймін,
Ердің сөзі бір деймін.
Қол билігі өзіңде,
Қырық мың әскер ізіңде,
Жолды бастап жүр деймін.
Жіберіп бұрын қарауыл,
Жол хабарын біл деймін.
Осылайша келісіп,
Достық көңілін білісіп.
Қарауыл қарап қайтуға,
Жол хабарын айтуға
Қоянақ сынды қарыны
Шақырып алды қасына-ай.
Сөйледі Әділ осылай:
—Көп жасаған Қоянақ,
Неспе емес, бәрі нақ.
Қартайсаң да, қартымыз,
Бересің жауға тиянақ.
Қоянақ қартым, кел деймін,
Жолдас алып қасыңа,
Тауды барып көр деймін,
Таудан құлап тар жолдың
Хабарын дұрыс бер деймін.
Осы сөзді айтты да,
Серікке және сөйледі:
—Айсадан туған серігім,
Осындай жерде керегім.
Серігім келді дегенде,
Осындай қиын тар жолда
Пайдасы тиер деп едім.
Қоянақ қартқа еріңіз,
Таудың қиын бағдарын,
Жалғыз аяқ жолдарын
Өз көзіңмен көріңіз.
Өтірік дәлел таппастан,
Шетіне барып қайтпастан
Шын хабарын беріңіз.
Жұмсағасын екеуін,
Тұлпарына мінеді,
Қаруларын іледі,
Алладан жәрдем тіледі.
Сәрсенбі күн сәскеде
Қиғаш тауға жүреді.
Бұрынғы келген Қоянақ
Жолды жақсы біледі.
Қиғаш таудың бауырына
Салып жетіп келеді.
Жалғыз аяқ тар жолды
Екі батыр көреді.
Қиын жолды көргесін,
Батыр да болса бұлардың,
Көңіліне қайғы енеді.
Батылы барып кірмеді,
Кірейін десе сенбеді.
Көп жасаған Қоянақ
Мұндай қиын тар жолды
Өмірінде көрмеді.
Кірмесе де ішіне,
Жолдың түрін серледі.
Бұрғымен тескен тесік жол,
Жалғыз аяқ нешік жол.
Ойлап келіп қарасам,
Ерге мүшкіл кесір жол.
Атаңа нәлет, қызылбас
Қалап салған тесік жол!
Кіретін болсақ осыған,
Құрулы екен бізге тор.
Қызылбаспен соғысу—
Маңдайымызға болды сор.
Осы сөзді айтты да,
Атының басын бұрады.
Екі батыр кеңесіп,
Уайым айтып тұрады.
Кірмесе де тар жолға,
Жолдың түрін байқады.
Бұған кіріп болмас,—деп,
Кірген адам оңбас,—деп,
Қоянақ басын шайқайды».
Қасындағы ер Серік,
О да уайым айтады.
Жолдың көріп бағдарын,
Тау басынан қайтады.
Екеуі қайтып келеді,
Қиғаш таудың хабарын
Әділге келіп береді.
Қоянақ сонда сөйледі:
—Бір жейтұғын жем үшін
Қаршыға барып түседі
Саяттың құрған торына.
Саят аңшы дегендей,
Қуанады адамзат
Жеті мүше сауына.
Барып келдім, Әділім,
Қиғаштың Алатауына.
Бара алмайтын жер екен,
Алдырмайтын жау екен.
Қараспанның қарасы,
Есіткеннің бәрі рас.
Қаратауға қарасам,
Биіктігі тағы рас.
Қалықтап ұшқан қара құс
Тікелей барып шыға алмас.
Бауырын байқап қарасам,
Төрт тұяқты ат түгіл,
Құс та ұшып қона алмас.
Биік ұшпа, қызыл құж,
Ат бауырлап шығалмас.
Бұрғымен тескен жолы бар,
Адам басып кіре алмас.