Қарасай—Қази (5-бөлім)
Қарасай-Қази · Белгісіз ақынның нұсқасы · 2 мин оқу
Олай болса, Қырымның қырық батырына тегіс хабар сал, Қазиды жіберелік деп, екеуі кеңесіп, Қазыны шақырып алып, Әділдің Қазыға толғап тұрған жері.
Орақтың ұлы Қазиды
Шақырып алды қасына-ай.
Сөйледі Әділ осылай:
—Жақында менің қасыма-ай,
Сен ер едің асыл-ай.
Орақ-Мамай барында
Көп қызылбас бұл жерден
Кеткен екен қашып-ай.
Қиғаштан өтіп жер алып,
Жер мөлшерін кең алып.
Қала шауып, ел алып,
Күшейіпті бүгінде
Он екі ханнан құралып.
Хат жіберген біздерге,
Ұрысуды сұранып.
Соның үшін, Қазижан,
Аттанамыз қалмаққа.
Үш-төрт күннен қалдырмай,
Хабарлау керек жан-жаққа.
Қырымның қырық батыры
Бір жерде емес, жан-жақта,
Ертеңнен бастап мін атқа.
Қырымның қырық ерінің
Қалдырмай бірін хабарла.
Күндіз жатпа, түн жатпа,
Қызылбасты қиратсақ,
Жетеміз сонда мұратқа.
Қалмақты жеңіп, қаратсақ,
Көрерміз тыныш сол уақта.
Тапсырғанды, қарағым,
Құйып ал қазір құлаққа.
Алаулаған қалмақты
Алдына салып айдаған.
Қырық-елуден қосақтап,
Айдардан ұстап байлаған.
Қолтығына қол салып,
Аждарханды барлаған
Айсаның ұлы Ахмет,
О да келсін, қалмасын,
Орап шықсын беліне
Алтыннан берен алмасын.
Ертіп шықсын жолдасын,
Тастамасын молдасын.
Қандай заман күн болад,
Атасыз қалмақ елінде
Имансыз өліп қалмасын.
Бір жиынның ішінде
Алпыс бес балта сындырған,
Дұшпанның көңілін тындырған
Ер Әнес пен ер Серік,
Бұларда келсін қалмасын,
Орай шықсын беліне,
Алтын балдақ алмасын.
Ертіп шықсын жолдасын,
Тастамасын молдасын.
Жау жағының бетінде,
Ел жағының шетінде
Қалмақпен талай ұрысқан,
Бар шығар солар есінде—
Тұлпар мініп ту алған,
Алмасын ханға суарған,
Жау көрінсе, қуанған,
Жау көрмесе, суалған
Томаға көзді қасқа азбан,
Ертеден шапса, кеште озған,
Қалмақ десе қол созған—
Қартқожақұлы Қоянақ,
О да келсін, қалмасын.
Орап шықсын беліне
Қару-жарақ, алмасын.
Ойламасын мал-басын,
Ертіп шықсын жолдасын.
Тастамасын молдасын,
Қандай заман күн болар,
Имансыз өліп қалмасын.
Осылардың бәрі де
Сайлап шықсын қол басын.
Бәріне айтқан сәлемім,
Біреуі де қалмасын.
Түсіндіріп, айтарсың,
Қазижан, өзің барғасын.
Қауіпті жерге кеттік деп,
Ізіндегі халқына
Уайым-қайғы салмасын.
Кететінін ұрысқа
Өздері ғана аңғарсын.
Бес күннен қалмай арысы,
Сарайға біздің жамдансын.
Елге де керек ер жігіт,
Қарасай менен екеуің,
Бұл соғысқа бармайсың.
Сау жүрсеңіз жалғанда,
Талай жерді шарларсыз.
Біздер аман, сау келсек,
Содан кейін, қарағым,
Атаңнын жауын аларсыз.
Осы сөзді тапсыртып, Қазиды жолға салады. Қази бес күн дегенде Қырымның қырық батырын қырық мың қолмен жинап, Әділге әкеледі. Енді Әділ Қазиды еліне жіберіп, біз бұл сапар Қарасай-Қазиға білдірмейік, тастап кетелік. Себебі, бұлар бұрын жау көрмеген жас бала еді. Жауға апарып өлтіріп алсақ, азулы ерлердің тұқымын құртып алармыз. Бұл бізге пайда болмас, әрі біздер келгенше елді сақтасын, егер біз жау қолында қалсақ, біздің арымызды арласын және келешекте елге тұлға болсын деп, Қарасай-Қазиға білдірмей, өздері аттанып кете береді. Бұлардың жауға айтпай кеткенін Қарасай біліп, ізінен кетейін деп қамданған жері.