Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарасай—Қази (20-бөлім)

Қарасай-Қази · Жақсылық жырау нұсқасы · 4 мин оқу

Мұндай азап-қорлықты
Көремiн деген ойда жоқ,
Басқа түссе амал жоқ.
Және бiр жерге айдайды,
Бiр азапты сайлайды.
Табанына тас салып,
Бекітiп мықтап байлайды.
Күнi-түнi азапта
Әдiлдiң соры қайнайды.
Қимылдарға дәрмен жоқ,
Екi көзi жайнайды.
Бұл да қылған Әдiлге
Қызылбастың қастығы—
Қызылбастың баласы
Қозы-лақтай секiрiп,
Басына шығып ойнайды.
Қуалап ұстар халi жоқ,
Жамбастап жатып жайменен,
Қолына түскен баланы
Қашырлатып шайнайды.
Қызылбаста көп екен,
Алма деген бiр жеміс.
Тамағына Әдiлдiң
Ол кеш пенен бұл кешке
Жарым алма жейдi-мiс.
Қадiрiн бiлген жақсылар:
«Қолға түсiп қор болды—
Ардақтаған ер екен.
Еркелетiп өсiрген,
Шырақ-ай өзi» дейдi-мiс.
Қадiрiн бiлмес жамандар:
«Жарты алмаға тоймайды,
Бiр жаман ғой» дейдi-мiс.
Күнi-түнi азапта,
Болып жүрдi еңбегi еш.
Әдiл жүрдi азапта,
Тыныш көрмей жазы-қыс.
Сөйтiп жүрген сорлыға
Қырым жақтан келедi,
Ұшып та жүрген қара құс.

Қырымдағы Байбикеш ханымнан сөз. Әдiл жауға кеткелi бiраз айлар өттi, жылдардан жылдар өттi. Жауға кеткен жалғыз келмедi. Не болғанын бiлмедi. Екi мұңдының басынан билiк кетiп, Омар мен Оспан құл дүниеге билiк етедi. Сөйтiп, екi нашардың басына қорлық жетедi.

Келмегесiн жас Әдiл,
Екi мұңды нашардың
Қорлығы жоқ көрмеген.
Зәбiрi жоқ бермеген,
Тек жаны бар өлмеген.
Қырық мың қолға бас болып,
Кеткелi Әдiл келмеген.
Омар менен Оспанқұл
Мал мен басты билеген.
Қызығы жоқ көрмеген,
Жорғасы жоқ жүрмеген.
Ер Әдiлдiң барында,
Мiнбек түгiл жорғаны,
Орынсыз қатты күлмеген.
Құдiреттiң iсiне
Салса пенде көнбей ме?!
Екi мұңды жыласып,
Төңiрекке қарасып,
Төбеден түспей еңiреп.
Еңiремей не қылсын,
Жауға кеткен жалғыздың
Не болғанын бiлмеген.
Қызы жылап тұрғанда,
Қызылбас жақтан келе жатқан,
Ауыр әскер қол көрдi,
Қол бастаған ел көрдi.

—Келе жатқан Әдiл жоқ,
Айналайын анам-ай,
Маңдайдағы панам-ай.
Келе жатқан әскердiң
Iшiнде Әдiл балаң жоқ,
Мен қайтейiн жыламай?!
Құлағанға ұқсайды,
Алтын сарай қалаң-ай.
Жауға қалғанға ұқсайды,
Жалғыз Әдiл балаң-ай.
Тапшы қылды Құдайым,
Iнi менен ағаға.
Қарасай-Қази қос батыр
Келе жатқан қолда жоқ.
Әдiл түсiп қалғасын,
Қайырылған шығар соған-ай.
Атадан бесеу туғасын,
Жоқ шығар, ана, арман-ай.
Жолдастары қасында,
Көп жолдасы маңында.
Айсаның ұлы Ахмет
Келе жатыр аман-ай.
Алдынан шығып Ахметтiң,
Бiлейiн сұрап анам-ай,—
Дедi дағы, Ылия
Екi етегiн түрiндi,
Аш күзендей бүгiлдi.
Ахметтiң алдынан
Екi мұңды жүгiрдi,
Көзiнiң жасы төгiлдi.
Ахмет көрiп, тұра алмай,
Атының басын бұра алмай,
Қарамай кетiп барады.
Екi мұңды жүгiрiп,
Көзiнен жасы төгiлiп,
Алдынан шығып оралды.
Қарсы шығып алдынан,
Ағасының хабарын
Ылия келiп сұрады:
—Ахмет батыр, ағамсың,
Басыма қайғы салғансың.
Хабарын айтпай ағамның,
Қайда қашып барасың?
Бiрге кеткен жолдасың,
Жұрт сыйлаған қолбасың—
Менiң ағам Әдiлдiң
Неге айтпайсың хабарын?!
Қарасай-Қази ер қайда?
Оған ерген қол қайда?
Қол бастаған ер Әдiл,
Жалғыз көкем бұл қайда?
Жан жолдасың бұл да жоқ,
Әскерiңмен есен-сау,
Бесеуiң аман келесiң.
Келгенiңнен не пайда?!
Сендердей болып көкемдi,
Бiр көретiн күн қайда?!
Келедi аман туғаның,
Ахмет батыр, айта кет,
Көкемнiң қайда қалғанын?
Ахмет сонда сөйлейдi:
—Көкең аман, жылама,
Жыламай кеулiң тына ма?!
Көкең аман келгенше,
Жыламасқа бола ма?!
Көкең аман келедi,
Қосыласың аман-сау
Кеткен Әдiл ағаңа-ай!
Iлия жылап мұңайып,
Сыйына берді Құдайға.
Қарасай-Қази жолдасы,
Жалғыз ағаң ер Әдiл,
Басшы болып келедi,
Кейiнгi әскер ноғайға.
Қарасай-Қази жолдасы,
Жалғыз ағаң ер Әдiл,
Басшы болып келедi,
Кейiнгi әскер маңайда.
Қарасай-Қази маңайда,
Алды толы асылға.
Қызыл басты бүлдiрген,
Жүректен найза iлдiрген.
Аман-сау Әдiл келедi,
Хабарым осы бiлдiрген.
Сонда Ылия сөйледi:
—Ахмет, жалған айтасың,
Белгiлi ойлап байқасам,
Қиғаштау, Қаратауды алсаң,
Қызылбастай жауды алсаң,
Алып қайтқан олжаң жоқ.
Неге босқа қайтасың?
Жалған неге сөйлейсiң?!
Сөзбен көңiл демейсiң,
Рас болса айтқаның,
Неге озып келмейсiң?!
Сүйiншiге, Ахмет,
Менi алып неге сүймейсiң?!
Ойлап тұрмын, Ахмет,
Осы сөзiң бекер, деп,
Қайғымен көңiл өтер, деп.
Қарындасы Ылия
Көрiнгеннiң қолында
Олжа болып кетер,—деп,
Iлия толғап еңiреп,
Ахметке сенбедi.
Осы сөздi айтты да,
Ахмет батыр жөнедi.
Екi мұңды жылады,
Қайғыланып толғады.
Қарасай менен Қазидың
Жолын тосып тұрады.
Бiр күндерi болғанда,
Қосарланған зор қатар
Қызылбас жақтан шығады.
Екi мұңды пақырдың
Алыстан көзi шалады.
Анасына Ылия
Сонда толғап қарады:
—Айналайын, анама-ай,
Көрдiң бе анау қараны-ай?!
Қарасай-Қази сықылды,
Келе жатқан солар-ай.
Өздерi аман келатыр,
Көрiнбейдi балаң-ай.
Өзi жалғыз болғасын,
Жауға түсiп қалғаны.
Келе жатыр қасында
Туысқан Қази iнiсi.
Тастап кеткен бiлемiн,
Жалғыз туған қасқаны,—
Дедi дағы, бейшара
Зар жүгiрiп жылады,
Көзiн жасқа бұлады.

Қарасай-Қази

Барлығы: 180 жыр

Тағы оқыңыз