Қарасай—Қази (12-бөлім)
Қарасай-Қази · Белгісіз ақынның нұсқасы · 2 мин оқу
Алдымнан шықса қиын жол,
Бұзып жарып өтермін.
Көзіңнің жасы көл дария,
Болып шықса алдымнан,
Қырық мың әскер қолменен
Көпір салып өтермін.
Алты айшылық жол болса,
Алты айшылық азықпен
Қызылбасқа жетермін.
Үш айшылық шөл болса,
Жай бұлтты жаудырып,
Әскерімді қандырып,
Одан да аман өтермін.
Аспанменен тірескен,
Бұлтпенен күрескен
Асқар биік тау болса,
Жалғыз аяқ жол болса,
Әскерімді шұбыртып,
Одан да ептеп өтермін.
Қызылбас мықты ел болса,
Қырық мың әскер қолым бар,
Қиын да болса сол жолға!
Уайым етпе, анам-ай,
Түс түлкінің боғы еді,
Айтып кеткен бабам-ай,
Қорықпа түстен, анам-ай,
Тапшы қылып жаратты
Іні менен ағаға,
Қайдан іздеп табайын!
Сапарымнан қалмайын,
Көп кідіріп тұрмайын,
Ұлықсат берші маған-ай!
Ылияжанды ерітіп,
Қайта бер, ана, қалаңа-ай,
Батаңды берші балаңа-ай,
Қырық мың әскер ноғайға
Басшы қылып қойғасын,
Бармай қайтіп тұрайын?!
Қол жөнеліп барады,
Ұлықсат сізден сұрайын.
Жазатайым іс болса,
Қайрылмастай күш болса,
Таңда маһшар күнінде
Өзім іздеп табайын.
Осылайша ер Әділ
Анасына толғады.
Қанша айтса да екеуі,
Әділ оған болмады.
Сол жерде өліп кетсе де,
Айтқан тілін алмады.
Батасын берді анасы,
Болмағасын баласы.
Екеуінің көзінің
Ағы менен қарасы.
—Кеткеніңе жылайын,
Жарылғасын Құдайым!
Жазып қойдың қағазға,
Сақтай көр енді панаңда.
Кетіп барад қалмаққа
Ақ шалмалы бір, Әділ,
Пірің еді, шырағым,
Қысылған жерде жадыңа ал,
Ұмытпа, балам, осыны,
Көрмейсің сонда қиынды.
Айтып-айтып тарқаттым,
Ішімдегі шерімді.
Ұмытпа, балам, Әділім,
Жеті ғайып піріңді.
Сені қайтып келгенше,
Жүзіңді аман көргенше,
Көре алмаспын тынымды.
Бір Аллаға тапсырдым,
Әділ жалғыз құлынды.
Анасы Аққа қол жайып,
Батасын беріп жылады.
Анасының батасын,
Әділ тұрып тыңдады.
Көзінің жасын тимайды,
Екеуін де қимайды,
Тұруға енді болмайды.
«Орақ!» деп ұран шақырып,
Ағын судай сапырып,
Қиғаш тауға бет алып,
Қол жөнелді жапырып,
«Орақ» деген дауысқа
Әділ шыдап тұра алмай,
Анасымен қоштасып,
Бұ да кетіп барады.
Екі мұңды жыласып,
Ылажы құрып қалады.
Кетіп барад ер Әділ
Бұрынғы өткен ерлердің
Бара алмаған жеріне.
Екі мұңды жыласып,
Әділменен қоштасып,
Қайтып кетіп барады
Қырымдағы еліне.
Жасынан-ақ Әділдің
Келмеген дұшпан шеніне,
Жалғыздығы болмаса,
Тас қайнаған деміне.
Әскер де көшіп жөнелді,
Аман жолға келеді.
Көп жасаған Қоянақ
Көпті көрген кәрі еді.
Көрген жерін білетін
Көңілі сергек ер еді.
Адастырмай әскерді,
Қолды бастап келеді.
Бірнеше ай жол жүріп,
Азғана емес мол жүріп,
Бір күн тал түс болғанда,
Алты ай мерзім толғанда,
Қамысты көл, құрғақ көл,
Айналасы қияқ көл,
Қоянақ қартқа сынақ көл—
Осы көлдің басына
Әскер келіп құлады.
Шаршап келген көп әскер,
Көлге келіп қонады.
Алдындағы Қиғаш тау,
Аспанменен тірескен,
Бұлтпенен күрескен
Мұнарланып тұрады.
Әділдің көзі шалады,
Сонда есіне түседі
Жалғыздықтың жаманы.
Жалғыздық түсіп есіне,
Тұра алмады табаны.
Қарасай мен Қазиды
Шақырып Әділ алады.
Достына ақыл салады:
—Екі досым сен едің,
Сіз—атадан екеусіз,
Мен атадан біреумін.