Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарасай—Қази (21-бөлім)

Қарасай-Қази · Жақсылық жырау нұсқасы · 2 мин оқу

Қарасай-Қази досынан
Әдiлдi жоқтап сұрады:
—Дос болғаның осыма-ай,
Жалғыз көкем Әдiлдi
Ертiп кетiп қасыңа-ай,
Жауға тастап досыңды,
Өздерiң аман келгенiң,
Ылайық па басыңа-ай?!
Не де болса хабарын
Айта бергiн жасырмай.
Қарасай сонда сөйледi:
—Жалғыз бала Әдiлдi
Құдай артық жаратқан.
Қырық мыңға қолға бас болып,
Жұртты аузына қаратқан,
Әдiл аман келедi.
Тәңiр ақтан жаратқан,
Сапары болып оң деймiн,
Жолдастарын қуантты.
Сол уақтары болғанда,
Қарасай толғап тұрғанда,
Қази тұрып ақырды,
Батыр едi батылды.
Ағасына Қазидың
Қатты келдi ашуы.
Ашуы қатты келсе де,
Қия алмады жақынды.
—Ау, Қарасай не дейсiң?!
Жалған неге сөйлейсiң?!
Iздеймiн деп Әдiлдi,
Алты күндей соғысып,
Болып едiң Қарасай
Жетi жерден жаралы.
Мұнда да неге өлмейсiң?
Жаралы болып тұрғанда,
Сүйеп жатқан iнiңдi,
Сүйеп шыққан iнiңдi,
Сұрағанда бұларға,
Неге айтпайсың шыныңды?!
Дұрыс айтсаң болмай ма,
Ер болғасын шыныңды!
Жалған айтқан өлiмдi,
Әдiл достың, жолдасың,
Жауда қалды дегенде
Жаныңды алар дейсiң бе?!
Өтiрiк сөздi айтқанмен,
Бұлар нанар дейсiң бе?!
Әдiлдiң түсiп қалғанын,
Менi айтпас дейсiң бе?!
Жалған сөздi айтқанмен,
Бұлар да нанар дедiң бе?!
Әдiл жауда қалулы,
Басынан бақыт таюлы.
Досымды жауға түсiрiп,
Осы сапар Құдайым,
Әдiлдi жауда қалдырып,
Менi де Құдай ұрулы,
Ақ үйге қара тiгулi.
Ақ үйге қара тiге бер,
Әдiлден үмiт үзе бер,
Қайғы түрiн шеге бер.
Әдiл мiнген жорғаның,
Жал-құйрығын кесе бер,
Қайғыменен өте бер.
Әдiл қалды, бiз келдiк,
Етерiңдi ете бер.
Күйгенменен көрмек жоқ,
Қазасы жетпей өлмек жоқ.
Ой түбiне жетпек жоқ,
Жерге батып кiрмек жоқ.
Бiр Құдайдың iсiне
Басқа амал етпек жоқ.
Екi мұңды бейшара
Жер бауырлап құлады.
Құдай-ай деп жылады,
Оныменен өле ме,
Таусылмаса қазасы.
Әдiлдi жауда қалды,—деп,
Екеуi жылап жатқаны,
Алты күн түгел өтедi.
Қасындағы қызына,
Тұр, шырағым жатпа!—деп,
Шешесi тiлек етедi.
Басыңды көтер түргелiп,
Алла iсiне көне бер,
Кiмге еркелеп жатырсың?!
Шырағым, тұр,—деп айналып,
Тұрғызатын ағаң жоқ.
Саған түгiл, шырағым,
Iшiмнен шыққан маған жоқ.
Бiр Құдайдың iсiне,
Пендеге салса, амал жоқ.
Аға түгел iнiң жоқ,
Ендi бiзге тыным жоқ.
Алты күн жаттың дәм татпай,
Ажалдан бұрын өлiм жоқ,
Ордамызға кiрмек жоқ.
Ақ iсiне көнелiк,
Жатқанменен келе ме,
Жүр, шырағым, жүрелiк?!
Жылап жатқан қызына
Тұр, шырағым дегенi
Құлағына келедi.
Ылия қыз түргелiп,
Шешесiне ередi.
Иесiз қалған ордаға
Екi мұңды келедi.
Омар менен Оспанның
Тiлегiн Құдай бередi.
Әдiл жауда қалғасын,
Қуанып жайнап күледi,
Екi құл билеп жүредi.
Екi құлдың мұнысын
Екi мұңды бiледi.
Басында билiк болмады,
Ардақтаған Ылияны
Аламын деп зорлады,
Бiрiн-бiрi қинайды.
Екеуiнiң бiр жерге
Ендi басы сыймады,
Көздерi жаман аларды,
Бiр күндерi екi құл
Iлияға таласып,
Төбелестi салады.
Бiрiн-бiрi өлтiрiп,
Iлияны алмақ болады.
Күндерден күндер өтедi,
Айлардан айлар өтедi.
Пенде болған Әдiлдiң
Ес-ақылы кетедi.
Сүйретiп арқан мойнына,
Жас сорғалап қойнына,
Iздейтiн туған бауыр жоқ,
Жеке туған ер едi.

Қарасай-Қази

Барлығы: 180 жыр

Тағы оқыңыз