Қарасай—Қази (19-бөлім)
Қарасай-Қази · Белгісіз ақынның нұсқасы · 2 мин оқу
Атаң Орақ ер еді,
Ылайығың сол еді.
Сенен басқа батырлар
Уайым айтып келеді.
Қызылбастан бір белгі
Алып келдің сен,—деді,
Көңілдендім мен,—деді.
Жолы қандай көрінді,
Елі қандай көрінді,
Хабарыңды бер?!—деді.
Сонда Қази толғады,
Жол хабарын қозғады:
—Оңай деп жолды иланба,
Жол хабарын сұрама,
Өзің барып көрерсің,
Көрмей көңлің тына ма?!
Тәуекел етпей әр іске
Ер құмардан шыға ма?
Барған адам ер екен,
Көргенін айтып жүр екен.
Басқа уайым салатын
Жалғыз аяқ жол екен.
Таудың бардым бетіне,
Жолдың шықтым шетіне,
Жете алмаса, ерге өлім,
Қызылбастың кентіне.
Қиын да болса сол жолды,
Анықтап барып көргенмін.
Жалған айтар мен бе едім?!
Зер салып келіп қарасам,
Ат жазылып шаба алмас,
Ат омбалап шыға алмас,
Орғыл-орғыл құм екен.
Құмнан өтіп қарасам,
Терең батпақ сор екен.
Сорға салған тас өткел
Жалғыз аяқ жол екен.
Сордан да өтіп қарасам,
Шалқып жатқан көл екен.
Көлге жалғас қазулы
Алты қатар ор екен.
Қазған ордың аржағы,
Айналасы айшылық,
Көлденеңі күншілік
Он екі ханның елі екен.
Он екі ханның бастығы—
Қондыкердің ұлы екен.
Дербент деген қаласы
Әр қаладан зор екен.
Кірер жерде қалаға,
Көмір артып алдымда,
Қырық көмірші жүр екен.
Қолыма белгі алғаным,
Одан әрі бармадым.
Көргендерім—осылар,
Айтпаймын сөздің жалғанын.
Сонда Әділ сөйледі,
Сөз мәнісін бұзды енді:
—Сен Орақтың баласы—
Асыл ердің данасы.
Өз басына бермесе,
Не болады жігіттің
Атасы менен анасы?!
Атаң Орақ болса да,
Туыпсың жаман шамасы.
Сенің айдап келгенің
Қаңғырып жүрген көмірші,
Мұнан да сендер өлсеңші.
Батыр болсаң, сен, деді,
Қызылбастың елінен
Бір қыз алып келмедің.
Қиын жолды көргесін,
Сенің де қорқып келгенің.
Сонда Қазы толғады,
Сөйлемеске болмады:
—Қайдан білдің кемімді?!
Білмейсің ата тегіңді,
Қатты-қатты сөз айтып,
Қалдырып тұрсың көңілді,
Ата-тегің кім еді?!
Тегіңде ерлік жоқ еді,
Қайдан таптың ерлікті,
Бересің кімге кемдікті?!
Менің атам—Едіге
Ата жауын жаулаған.
Егескен ханды өлтіріп,
Басын кескен деп еді.
Сенің атаң Махамбет,
Тегінде ерлік жоқ еді.
Перзент үшін зар жылап,
Қаңғып өткен деп еді.
Арғы атаң сенің Махамбет—
Қой бағып қойы құрттаған,
Жұмырдан айран ұрттаған.
Әкеңе байлар ақырса,
Жоқ еді жері ықпаған.
Батырсып маған сөйлейсің,
Түбіңде ерлік шықпаған.
Осы жерден мен қазір
Шұбар атқа мінейін,
Шұбалаңдап желейін.
Атаң болса батыр-ай,
Мінші Әділ атыңа-ай,
Өлшеуіңді көрейін.
Өз обалың өзіңе,
Сазаңды сенің берейін.
Осыны айтып ер Қази,
Орақтың туын алады.
Таласып тұрған тар жолға
Қолды бастап барады.
Жалғыз аяқ тар жолға
Әскерді айдап салады,
Зордан құлап болады.
Сол уақтарда ер Әділ
Жолды байқап қарады.
Жолдың қиын екенін
Көзі көріп нанады.
Жанашыры болмаса,
Жалғыздықтың жаманы—
Жалғыздық түсіп есіне,
Тұра алмады табаны.
Қарасай-Қазы досына,
Сөйлеп Әділ жылады:
—Қарасай-Қази, ер едің,
Екі досым сен едің.
Сіз екеуің болмаса,
Жоқ еді менің сенерім.
Қиын жолды көргесін,
Қайғыланды жүрегім.
Қайғыланбай қайтейін,
Алды-артымда дымым жоқ,
Жанашырға кем едім.