Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарасай—Қази (25-бөлім)

Қарасай-Қази · Белгісіз ақынның нұсқасы · 2 мин оқу

Шамалады сол кезде,
Жау жыраға жақындап.
Досын іздеп екеуі,
Басын қойды балтаға,
Жанын салды ортаға.
Ердің сойы болған соң,
Бұлар жаудан қорқа ма?!
Қызылбасты шабады,
Әділ досын қарады.
Соңғы ұрыс зор болды,
Көргендер қайран қалады.
Қара тұман шаң болды,
Шаң аралас қан болды—
Қала өртеніп барады.
Алты күнгі соғысты
Зор ұрыс деп санады.
Жауда Әділ ер қалды,
Енді өлмеген не қалды?!
Қарасай мен ер Қази
Әділ досын таба алмай,
Қызыл қанға былғанды.
Алты күн болған соғыста
Аспан менен жер жанды.
Қарасай мен Қазидың
Есі кетіп сандалды.
Қолына түскен қалмаққа:
«Әділмісің сен?»—деді.
Қорыққанынан қызылбас:
«Әділ досың мен»—деді.
«Әділ болсаң, досым-ай,
Кел артыма мін»,—деді.
Алып шығып қараса,
Қызылбастың адамы.
Өлер жерің осы деп,
Найзаменен түйреді.
Әділ досын екеуі
Алты күндей іздеді.
Табылар деп бір жерден,
Сірә, үміт үзбеді.
Екі тұлпар жануар
Сүйегі қызып ойнады,
Секіреді қояндай.
Соғыс болды алты күн,
Екі батыр аянбай,
Таусылатын жау емес,
Жау жартыға таянды-ай.
Алты күнгі соғыста
Қарасай болды жаралы-ай.
Аяқ-аяқ қан құсып,
Шыбын жаннан баз кешіп,
Тұрған екен табандай.
«Қарағым Қази қайда?» деп,
Қызылбастан найза жеп,
Найзасына таянып,
Жарасынан қан ағып,
Тұрған екен шақырып.
Сүйеп шық деп ағаңды-ай,
Төңірегін қызылбас,
Алған екен қамап-ай.
«Қайда кетті көкем?»—деп,
Жүр екен Қази таба алмай.
Зарлап тұрған ағасын
Сонда Қази көреді.
Сонда Қази қамшылап,
Көзінің жасы тамшылап,
«Бауырым!» деп шабады,
Жетіп келді қасына-ай.
Ойлады Қази осылай:
«Жауһарды тіреп көрейін,
Шығар ма екен асыл-ай?!
«Жамансың!» деп қайрасам,
Көтерер ме екен басын-ай?!
Жанына тиіп қайрасам,
Кезеніп батыр кетер ме?!
Жай бұлттың сойы еді,
Ашуланып тұрсам мен,
Жараға себеп етер ме?!
Қолтығынан сүйесем,
Бір жағынан демесем,
Тау басына жетер ме?!
Ашуын қайрап келтірсем.
Кезеніп батыр кетер ме?!»
Осыны айтып ер Қази,
Қасына жетіп келеді.
Қан құсып тұрған ағасын
Өз көзімен көреді.
Жараны көзі көрген соң,
Көзінің жасын төгеді.
Сонда Қази сөйледі:
—Нағылып тұрсың, аға,—деп,
Қызылбастан жара жеп.
Кім айтар сені, Қарасай,
Орақтан туған бала деп?!
Нағылып тұрсың, Қарасай,
Батып тұр ма жаныңа,
Жаудың салған жарасы-ай.
Жауға сырын алдырмас,
Бітпесе ердің шамасы-ай.
Азда болса көп болар,
Сабырсыз ердің жарасы-ай.
Шыдамсыз болып жаралған,
Мұншама неге кем болдың,
Екеуміз де, Қареке,
Бір кісінің баласы-ай?!
Осындайда ашылар,
Жақсы мен жаманның
Екеуінің арасы-ай.
Атадан бірге тусақ та,
Туыпсың жаман шамасы-ай.
Қылыш тисе морт етіп,
Найза тисе сырт етіп—
Айтушы еді анам-ай,
Ана сыншы болады-ай.
Атадан бірге тусақ та,
Бәрі бірдей бола ма-ай?!
Атамыз Орақ ер еді,
Ақылға атам кең еді.
«Үлкен балам Қарасай
Сынық сүйем өзімнен,
Кем болып туған дер еді.
Қазиым жауға тигенде,
Бұзар дейтін жебені.
Қазижаным өзімнен
Артық туған деп еді.
Кемдігінің себебі—
Қарасайды туғанда,
Мүскілдің қара тасына
Жерік болды деп еді.
Туарында анасы,
Мүскілдің қара тастарын
Қашыр-құшыр шайнаған,
Онда да жерік қанбаған.

Тағы оқыңыз