Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарасай—Қази (9-бөлім)

Қарасай-Қази · Белгісіз ақынның нұсқасы · 3 мин оқу

Қыз Қымбат сонда сөйлейді,
Ақылға келіп жөнделді.
Мойнына алды қатесін,
Енді сөзі жөн болды:
—Мен іс қылдым, аға, шарасыз,
Жоқ екен күнім ағасыз.
Біреу емес, ағеке,
Екі шалға қабат сат,
Барайын даусыз, жаласыз.
Сіз екеуің сау болсаң,
Маған қорған, панасыз.
Ендігісін өзің біл,
Тілекшімін залалсыз.
Күнәмді кешір, жан аға,
Сеніп лашын, мен қарға.
Өкпеңді қойып, атыңды ал,
Болайын, аға, садаға.
Етуге себеп бұл істі,
Бір әйел болды арада.
Атсыз кетіп қалмаққа,
Жаяу қалма далада.
Тапсырдым деп барайын,
Үйде қалған анама.
Туысқаннан тумалас,
Құтылмайды қайда да?!
Кімге берсең, оған бер,
Сүріндім енді күнәма!
Алдыңа келіп жыладым,
Көзімнің жасын көр, аға.
Атыңды мініп, алып кет,
Ашуыңды бермесең,
Мені өлтіріп, жарып кет!
Құрбандыққа жолыңа
Бауыздап қойша, шалып кет.
Қарасай сонда сөйледі:
—Атыңды ал да кете бер,
Жас жігітке қосылып,
Мақсатыңа жете бер,
Қарғап тым сені нетейін?!
Жаяу-ақ жауға кетейін,
Бұл жалғанның жүзінде
Көрмей-ақ сені өтейін.
Қымбат жылап егілме,
Қосыла бер теңіңе.
Атыңды алып қала алман,
Қайта бер тұрмай еліңе.
Ойлап едім мен сені
Бөтен емес өзім деп,
Мамайдан қалған көзім деп.
Қалайда менің Қымбатқа
Өтеді ғой сөзім деп.
Неде болса Алланың,
Салғанына көндім деп.
Енді атыңды міне алман,
Бөтен екен көңлің деп.
Бұдан басқа сөзім жоқ,
Қарағым айтты болдым,—деп.
Осы сөзді айтты да,
Түсе берді жолына.
Зар еңіреп қыз Қымбат,
Ере берді соңына.

Қарасай қарындасын қимай атын алып, Қымбатпен қоштасып, ауылына қайтарып жібереді де, Әділдің ізінен жүріп кетеді. Орақ, Мамай жауға тиерде, я ашуланса, бұлт шаңыт болып кетеді екен. Әділдің көп қолы дем алып жатса, ел жақтан бір шаң аралас бұлт келеді. Мұны Әділ көріп, Қарасайдың келе жатқанын біліп, ашуын сұрайын деп алдынан шыққан жері:

«Шаң аралас бұлт болып,
Келатыр екен Қарасай.
Алдынан шығып барайын,
Ашуын сұрап алайын.
Алдынан өзім бармасам,
Сапарын сұрап алмасам,
Бастығы Әділ хан қылып,
Қырымнан келген әскердің
Қырып кетер талайын».
Деді дағы, ер Әділ
Келе жатқан батырдың
Алдынан шығып тұрады.
Толық екен батырдың
Қару-жарақ құралы.
Ақ алмасты суырып,
Аспан мен жерді қуырып,
Түсе қалып атынан,
Ер Әділдің қасына
Жетіп келді жүгіріп.
Жетіп келді қасына-ай,
Сөйледі батыр осылай:
—Ажал айдап кетті ме,
Әділ хан, сені, досым-ай?!
Ізіңнен қуып келіп тұр,
Тастап кеткен қойшың-ай.
Жаныңды сенің алайын,
Ту сыртыңнан шабайын.
Етіңді итке жегізіп,
Сүйегіңді отқа жағайын.
Достым болсаң нетейін,
Кескілеп сені кетейін.
Бұл жалғанның жүзінде
Доссыз-ақ болып өтейін.
Неге хабар бермейсің,
Көзіңе неге ілмейсің?!
Атамның ескі жауына
Менімен неге жүрмейсің?!
Өзіңнен басқа білгір жоқ,
Көңіліне келер демейсің.
Мен бір жүрген сақамын,
Сен бір тұрған кенейсің.
Мен Орақтың ұлымын,
Сен бір жүрген кенейсің.
Көп әскерге ер керек,
Ол ерлерді қолдайтын
Қысылған жерде пір керек.
Қиын-қыстау жерлерде
Біле-білсең, біз керек.
Аттанып барад көп әскер
Осы қолдың ішінде,
Қайтарады кім дерек,
Неге тастап кеткенің?!
Ерден тумай біздерді,
Жерден туды деп пе едің?!
Атамның жауын жауламай,
Ауылда қалып неткенім?!
Алайын сенің жаныңды,
Төгейін судай қаныңды.
Мен сенен-ақ алайын,
Қалмақтағы арымды.
Тастап кетіп ауылға,
Бақтырайын дедің бе,
Отарда жатқан малыңды?!
Не себепті тастадың,
Өтірік айтпай, шыныңды айт,
Алмастан бұрын жаныңды?!
Сонда Әділ сөйледі:
—Айналайын, Қарасай,
Сөйлеген сөзің тамаша-ай.
Асқар таудай қарағым,
Көрмеймін сізді аласа-ай.
Сенің атаң ер Орақ,
Сен азулы ердің баласы-ай.
Кетіп едім мен тастап,
Болсын деп елдің панасы-ай.
Көңілімде кіршік қара жоқ,
Сөзімнің осы ырасы-ай.
Омыртқасы өспеген,
Жау көрмеген балдарды,
Өлтіріп жаудан алам деп.
Біздер жаудан келмесек,
Елге болар панам деп.
Ат жалға қолы жеткесін,
Бізді іздер олар деп.
Кемалына келгенсін,
Қалмаққа ойран салар деп.
Кек алатын іздегі—
Әруақты ерлер солар деп.
Шар болаттың сойы еді,
Елге болар тұлға деп.
Ар жағы пірден дөреген,
Түсінер балдар соған деп,—
Айтпауға себеп сол болды,
Тастамадым жаман деп,
Неғылсаң да өзің біл.
Алдыңа келіп бас иген—
Хан Әділ сынды ағаң,—деп.
Өлтірсең де өзің біл,
Тастап кеткен сазаң,—деп.
Тілек етіп сұрайын,
Ашуыңды бер маған,—деп.

Тағы оқыңыз