Қарасай—Қази (4-бөлім)
Қарасай-Қази · Белгісіз ақынның нұсқасы · 4 мин оқу
Қалмақтың ханы ойланып, бұл кемпірдің де айтқаны рас шығар. Себебі, Орақ-Мамай біздің елді қонысынан аударғанда бұл сегіз жастағы қыз екен. Орақ-Мамайдың көрсеткен азабын өз көзіменен көргеннен кейін зарлап тұрған шығар деп, аттануды қойып, Қырымға елші жіберуге кіріседі.
Қондыкер білгір ер еді,
Артық туған жан еді.
Кемпірдің зарлап тұрғаны
Қызылбастың қамы еді.
«Алдымдағы, мамам-ай,
Тілегің болсын, ал енді.
Хат жіберіп елшімен,
Көрейін барып сол елді»,—
Деді дағы, Қондыкер
Әділ ханға хат жазды.
Қарасай-Қази қос жетім
Қалмасын деген ат жазды.
«Ноғайлының баласы
Қарарыма көнсін,—деп,
Қолынан есеп берсін,—деп.
Қарарыма көнбесе,
Қолдан есеп бермесе,
Жер ортасы Қиғаш тау[ға]
Ұрысуға келсін,—деп
Балалық етіп жүрмесін.
Өзіне-өзі сенсін,—деп,
Орақ-Мамай барында
Біздер болдық жерсіз,—деп,
Ойламады қалмақты
Сіздер де тайпа елсіз,—деп,
Бізден артық емессіз,
Асып кетсең теңсіз,—деп,
Ендігі жерде, ноғайлы,
Күніңіз болмас менсіз»,—деп,
Қондыкер хатты жазыпты.
Өткендер түсіп есіне,
Көзіңнің жасы мөлтілдеп,
«Неде болса ноғаймен
Бір соғысып өлсем»,—деп.
Бұл хатты елші алып, бірнеше ай жол жүріп, Қырымның еліне келеді. Бір күні таң сарғайып атқан кезде Әділ ханның ордасының тұсына келіп, Әділге сөйлеп тұрған жері.
—Бар болсаң жолық, Әділ хан,
Таң сарғайып, атты таң.
Іздеп келген елшімін
Ата жауың қалмақтан.
Сіздің елдің ерлері
Біздің елді зарлатқан.
Жесір етіп шетінен,
Қиядан шауып қандатқан.
Бізде қазір жиналып,
Он екі хандай—ел болдық
Қашып барып жан-жақтан.
Мен бір жүрген хабаршы,
Түсіріп аттан, ардақтаң.
Құтылу қиын, хан Әділ,
Дұшпаның құрған қармақтан.
Ау, хан Әділ, хан Әділ,
Ашып қара қабақты,
Сөз айта келдім сабақты.
Орақ пенен хан Мамай
Біздің елді қамапты,
Қосақтап қойдай сабапты,
Берген екен азапты,
Көрсеткен талай тозақты.
Орақ-Мамай өлді деп,
Сізге де кезек келді деп,
Тартайын деп мен келдім,
Сойырдан қалған табақты.
Қондыкер патша жіберді,
Қарарыма көнсін деп,
Қолдан есеп берсін деп.
Қарарыма көнбесе,
Қолдан есеп бермесе,
Жер ортасы Қиғаш тау
Ұрысуға келсін деп.
Балалық етіп жүрмесін,
Өзіне-өзі сенсін деп.
Жіберген саған хаты бар,
Қарасай менен Қазидың
Екеуінің аты бар.
Екі күннен қалдырмай,
Бір жауабын білдіріп,
Хан Әділ, мені жолға сал!
Бұл хабарды естігеннен кейін хан Әділ ойланып; «Қалайда ата-жау қалмаққа ұрыспай берілгеніміз болмас,—деп,—келер жылға жазға соғысуға барамыз, патшаңа сәлем айт. Ұрыстың дайындығын көре берсін»—деп, елшіні еліне қайтарып жіберіп, Қондыкердің хатын ашып оқыған жері.
Хатты оқып қараса,
Жазуы хаттың тамаша.
Оқи алмайды бұл хатты
Ханы менен қарасы.
Бір қосылып жазылған
Екі сөздің арасы.
Әкеліп жатыр әр жақтан
Молла менен песірді.
Жазуға сәйкес келмейді,
Өгіз сиген секілді.
Қалмақтың жазған қағазы
Әділдің есін кетірді.
Бір шетінде Қырымның
Оқыған он жыл қалмақта,
Барып жүрген жан-жаққа.
Үйренбеген тілі жоқ,
Ол жақ пенен бұл жақта.
Сол молданы әкеліп,
Оқытып хатты көреді.
Мазмұнына бұл хаттың
Түсініп, Әділ біледі.
Батыр да болса Әділдің
Қорқайын деді жүрегі.
Жау көрмеген жас бала
Есі кетіп жүдеді.
Баяндауға хабарды
Қарасайға жүреді.
Бірнеше күн жол жүріп,
Қарасайдың үйіне
Әділ жетіп келеді,
Келе сөйлей береді:
—Ау, Қарасай, Қарасай,
Сөз айта келдім тамаша-ай,
Азып кеткен заманда
Жарамайды азаға.
Арғымақтың баласы-ай,
Атаға тартып ұл тумас,
Енеге тартып қыз тумас.
Жақын күннің ішінде
Көргенім жоқ түсімде.
Қиғаштың ала тауынан,
Қызылбастың жауынан
Ұзындығы үш құлаш,
Көлденеңі бір құлаш
Жалғыз тартқан хат келді.
Қарасай-Қази қос жетім
«Қалмасын» деген ат келді.
Адам да емес, аң да емес,
Әуре де емес, жан да емес,
Бір қарғадай бала ап келді.
Біздей жетім пақырға
Осындай зат тап келді.
Ендігісін өзің біл
Жаныма менің батты енді.
Қарасай сонда сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
—Ау, хан Әділ, саспаңыз,
Ақылды босқа шашпаңыз.
Қырымға тегіс хабарла,
Енді қарап жатпаңыз.
Қалмаққа амал етерміз
Келер жылдың жазына.
Қырық мың әскер қолменен
Аттанып, Әділ, кетерміз.
Қалмақты шауып алмасақ,
Ер емеспіз—бекерміз.
Бұл қалмақтың тағдырын
Аттанып барып шешерміз.
Ол қашып кеткен қызылбас,
Сол үшін құрбан біздің бас.
Ата жаумен айқасу
Шартты белгі бұзылмас.
Осы келген қалмаққа
Бұрында бүлік салғанмын,
Қонысын тартып алғанмын.
Қиғаш таудан өткесін,
Қиынға асып кеткесін
Атам Орақ бара алмай,
Елін шауып ала алмай,
Әлі де бар арманым.
Осы сапар аттанып,
Тапсырып кеткен атамның
Бітірейін арманын.
Олжа қылып алайын,
Сол қалмақтың мал-жанын.
Қорқып келдім дегенше,
Қуанып келіп, Әділім,
Менен сүйінші неге алмадың?!
—Ау, хан Әділ, хан Әділ,
Айырдан туған, нар Әділ.
Біздердей ерге қалмақ не,
Сол қалмақты алмай не?
Жас жетіге толғанда,
Ер азамат болғанда.
Атамның жауы кез болып,
Соғысып өлсем арман не?!
Мен кетейін алдымен,
Тастама Әділ мені де.
Мен бір бүлік салайын
Қызылбастың еліне.
Өзім барып қайтайын
Өлген атам Орақтың
Бара алмаған жеріне.
Қиғаш биік тауменен,
Ноғайлы құрақ еліне.