Қарасай—Қази (38-бөлім)
Қарасай-Қази · Белгісіз ақынның нұсқасы · 2 мин оқу
Шын тілесең Алладан,
Ертелі-кеш береді.
Бір уақыт болғанда,
Әділ жетіп келеді,
Баласын ханым көреді.
Жазуда солай болғасын,
Әділ азап шегеді.
Құтылуға азаптан
Пірінің болды себебі.
Ақташы хан Әділге
Өкіл ата деп еді.
Әділ аман келгесін,
Өзіне тағын береді.
Таққа мініп ер Әділ,
Хандық дәурен сүреді.
Отыз күндей той қылып,
Ел-жұртын жидыртып,
Қарындасы Ылияны
Сонша мал мен дүнияны
Қарасайға береді.
Омар менен Оспан құл
Енді соған келелі.
Қызылбастың қолына
Әділ түсіп қалғанда
Жамандық қылған құл еді.
Тарттырайын дегенде
Жазасы құлдың көп еді.
Жататын жері олардың
Жеті зымнан түбі еді.
Жамандыққа—жақсылық
Ердің қылар ісі еді.
Сол сықылды дұшпанның
Күнәсін кешті деседі.
Кеңшілік қылып ер Әділ,
Ақылменен шешеді.
Екі құлдың күнәсі
Көп те болса, кешеді.
Тірі келген пенденің
Үйлері жатыр қуанып,
Жылағаннан жұбанып.
Адамы жауда қалғандар,
Олар жатыр суалып.
Біреулер қалған секілді,
Жалғызы кетіп қуарып.
Жетімдер де ер жетіп,
Атасының ары үшін
Соғысып қайтқан секілді,
Қолына жасыл ту алып.
Әділхан жаудан келгесін,
Бұрынғыдай ел болды.
Қайтадан Қырым құралып,
Қосай шалға Қарасай
Қымбат үшін барыпты.
Тоғыз сусар тон менен,
Тоғыз тұлпар ат мұны алып.
Қалмақтан келген жесірден
Және он екі қыз алып.
Осыны беріп Қарасай,
Қымбаттың басын ашыпты,
Қосайдан алып ырзалық.
Әуелгі барған сапарда
Қайғы-қасірет тартса да,
Кейіні кетті оңдалып.
Ата жауы қалмақты
Бағындырып алыпты.
Сапарлары оң болып,
Бір қатерден қалыпты.
Бұларға Алла жар болып,
Атағы шықты Әділдің
Қырымға қайта хан болып.
Жетім менен жесірге
Қарасып тұрды ер Әділ,
Қазынадан қаржы, мал беріп.
Таққа мінді ер Әділ
Келген жылы кезегі.
Бұзылған жерін Қырымның,
Арба жегіп мойнына,
Қондыкермен түзеді.
Әділ асқан ер еді,
Өзіне берген азаптың,
Қалдырмай бәрін есептеп,
Қондыкерге береді.
Қарасай-Қази қос батыр,
Әділ ханмен үш батыр
Қиғаштың Алатауына,
Қызылбастай жауына
Аттанып қайтқан жері еді.