Қарасай—Қази (22-бөлім)
Қарасай-Қази · Белгісіз ақынның нұсқасы · 4 мин оқу
Айсаның ұлы Ахмет
Қызылбасты қиратып,
Жолды тартып алады.
Қызылбас тағы көбейіп,
Жолды қайта қамады.
Сол уақта Ахмет
Және толғап алады:
—Қоянақ қартым, көрдің бе?!
Енді маған сендің бе?!
Қызылбас жау қайтадан
Қаптағанын білдің бе?!
Көз жіберіп қарасам,
Мына жаудың көбінен
Қорқайын деді жүрегім.
Жолға түсіп жол тартып,
Жүре берің, Қойеке.
Ағайынды бесеуміз,
Жаудың алдын кеселеп,
Жаудан қолды қорғайын,
Шамам келсе зорлайын.
Әскерімді түсіріп,
Көп ұятқа қалмайын.
Ұзын айдар қоңырат,
Төрт арыстан інімді-ай,
Қайраттандыр бүгін-ай.
Әскерімді қалдырсам,
Маған болар өлім-ай.
Осылай деп Ахмет,
Көпке толғап тұрады.
Қартайса да Қоянақ,
Жауды көріп тұрмады.
Боз тұлпарын бұлады,
Тебінгісін қысқартып,
Үзеңгісін ұзартып,
Қолдың артын қорғады.
Көп қызылбас ізінен
Қойдай шулап қалмады.
Айсаның ұлы Ахмет
Алабас атты қамшылап,
Маңдайдан тері тамшылап,
Айнала қолды қорғады.
Жалғыз жарым болмаса,
Көп әскерді түсірмей,
Таудан аман шығады.
Ахметті ала алмай,
Қызылбас шулап қалады.
Ахмет шығып кеткесін,
Жолдың аузын жабады.
Биіктігі қырық аршын,
Басына қала салады.
«Келгені қайдан шығад» деп,
Жаудың қылған амалы.
Іште қалған көп әскер
Осы жолдан бір шығар.
Ер де болса қырсығар,
«Бұзып жарып шығам», деп,
Біздерге бір ұмтылар.
Сол уақтар қамалық,
Таспен ұрып сабалақ,
Қол бастаған батырын
Қамап, ұстап алалық.
Осы жолдан шығармай,
Әскерін қамап қыралық.
Көп қызылбас кеңесіп,
Ақыл-айла табады,
Жолды мықтап жабады,
Жалғыз аяқ тар жолды
Қызылбас алып қалады.
Көп қызылбас жиналып,
Қол ұстасып тұрады.
Іштегі қалған әскерді
Қамап қырмақ—құмары.
Ал енді жолдың аузын алып, қаланы сала берсін, Қарасай- Қази, жас Әділден хабар берелік. Қарасай, Қази Қазбан деген қаланы алып, алты күндей сол қалада болады. Енді ер Әділден хабар берелік. Әділдің әскері жалғыз аяқ тар жолмен келе жатқанда, Қорғасанның көп қолы жолдың екі жағын алып қалады. Жалғыз аяқ тар жолдың екі жағы сор болады. Есіл ер жазылып соғыса алмай қор болады. Сүйтіп, намысты қойып соғыса береді.
Қарасай-Қази қос батыр
Қазбан деген қалада
Алты күндей болады.
Қала бұзып, қан алып,
Шулатып жесір тағы алып,
Алды малға толады.
Қызылбаспен ұрысып,
Ахмет шығып кетеді.
Қамауда қалды ер Әділ,
Енді не амал етеді?!
Жолдан шығып бұрылса,
Сорға батып кетеді.
Қызылбас жауы көп екен,
Өзіне мәлім жер екен.
Батпақ сордың үстінен
Қара таспен бастырып,
Қиын салған жол екен.
Жеті жерден ту алып,
Әділді көріп қуанып,
Шығар аузын бекітіп,
Қызылбастар тұр екен.
Келе жатқан ер Әділ
Көп дұшпанды көреді.
«Жайсыз жерден келдім»,—деп,
«Неде болса көндім»,—деп,
Қарсы желіп келеді.
Атқа мініп ұрсатын,
Ашық жері жоқ еді,
Бұрын алып тұр еді,
Бұрылса түсіп кететін,
Екі жағы сор еді.
Бір жағы терең көл еді,
Көлге жалғас қазулы,
Алты қатар ор еді.
Жүретін жерін жау алды,
Енді амалы құрыды.
Түсе қалып атынан,
Табанын жауға тіреді.
Жеті ғайып пір еді,
Сол күндері Әділдің
Пірі есінде жоқ еді.
Жеті жаста желденген,
Жеке туған ер еді.
Ер Сүлеймен дейтұғын,
Жан жолдасы бар еді.
Екі жерден оқ атып
Қиратып жауды тұр еді.
Кіші бесін болғанда,
Қиратып жауды тұрғанда,
Ер Сүлеймен оққа ұшып,
Шейіт болып жөнеді.
Ер Сүлеймен өлсе де,
Атыса берді бір өзі.
Қасындағы көп әскер,
Енді өлерін біледі.
Тұрған жері батпақ сор,
Әскері жаннан түңілді.
Күн кеш болып барады,
Қызылбас тағы қамады.
Әділдің қолын шығармай,
Жолдың аузын алады.
Ер Әділдің басына
Ақыр заман салады.
Ұрысып тұрған Әділдің
Ортасынан морт етіп,
Садағы сынып қалады.
Сарыжайы сынған соң,
Тарығып Әділ жылады.
Атайын десе садақ жоқ,
Енді не амал қылады.
Тұлпарға мініп алады,
Алмасын Әділ суырып,
Қызылбасқа шабады,
Ақыр заман салады.
Жауды көзі көрмеді,
Жалғыз өзі соғысып,
Әскерін жауға бермеді.
Жазылып соғыс салғанда,
Жауға алдырар ер ме еді?!
Таусылатын жау емес,
Толып жатыр өлгені.
Қабат-қабат әскерге
Әділ шауып кіреді,
Кейін қайтып шығуға
Ашық жері жоқ еді,
Терең батпақ сор еді.
Бір жағы терең көл еді,
Көлге жалғас қазулы—
Алты қатар ор еді.
Ескен желдей құбылып,
Қан базары құрылды.
Ұрысқан Әділ жерінде,
Көп қызылбас қырылды.
Жалғыз аяқ тар жолдан
Ұрысып жүріп бұрылды.
Астындағы тұлпардың
Сүрініп кетіп тұяғы,
Тайып кетіп аяғы,
Батпақ сорға жығылды.
Батпақ сордың ішінен,
Боз тұлпардың күшімен
Шығамын деп ұрынды.
Шыққан сайын түседі,
Бауырлап сорды кешеді.
Сонымен жүргенде,
Болдырды тұлпар деседі.
Бауырын жазып шаба алмай,
Жазылып ұрыс сала алмай,
Діңкесі ердің құрыды.
Күн батуға таянды-ай,
Аты қалды жарамай.
Қас қарайып күн батты,
Алды болды қараңғы-ай.
Атын ұрды қамшылап,
Маңдайдан тері тамшылап,
Тұлпарға «шу»—деп қарады,
Атынан көңлі қалады.
Әділ мінген Қызыл ат
Айуан қылды көп ұят,
Шабысынан танады.
Келіспеді сапары,
Ер Әділдің талабы.
Сол уақтар болғанда
Тарығып Әділ жылады.
Арманы күшті ерлердің
Бармағын тістеп өлгені.
Асау-асау бел жүрсем,
Алты айшылық жол жүрсем,
Белгісіз тұлпар мінгенім.
Атадан бірге тумаса,
Жақын деп жатқа сенгенім.
Тұлпар атым болдырды,
Атты кімнен мінермін?!