Қарасай—Қази (25-бөлім)
Қарасай-Қази · Жақсылық жырау нұсқасы · 2 мин оқу
Көп жаманға жалынып,
Не қылып тұрсың құрмағыр?!
Туғаның сенiң осы ма?!
Кетемiн өзiм досыма,
Неге бардың қасына?!
Жалынғанмен көп жаман,
Келе ме сенiң қасыңа?!
Болады бейнет басыңа,
Жалғыз аяқ тар жолға
Қамағанда қызылбас,
Көргенiң жоқ па осыны?
Жалынғанша жаманға,
Тұлпар атты тағала,
Мұзға тиiп таймастай,
Тасқа тиiп сынбастай,
Болаттан тағы тағала.
Ағайынды екеумiз,
Қызылбасқа баралық,
Қырымнан көмек сұралық,
Барып сойқан салалық.
Сапарды Құдай оңдаса,
Атам Орақ бар болса,
Шығарып жаудан алады.
Осы сапар алармыз
Дербент деген қаланы.
Қызылбасты қиратып,
Бағындырып бiр алсақ,
Атаманның бiтер арманы.
Осылай деп ер Қази
Қарасайға қарады.
Қарасай мұны тыңдады,
Қырымнан әскер алмады,
Жаманға бүлiк салмады.
Қарасай-Қази екеуi
Елiне қайтып барады.
Ноғайдан көмек сұрамай,
Тұлпар атты бағады.
Аттың күйiн табады.
Саны күнге күйместей,
Мақпалдан жабу жабады.
Табанын тас қағар деп,
Болаттан таға қағады.
Ат-жарағын сай етiп,
Қызылбасқа жүредi,
Күн дәуiрге жетедi.
Қызылбас биiк тауына,
Қызылбастың жауына
Жүруге талап етедi.
Қызылбасқа баруға
Қырым жұрты қорықты,
Қырғаннан көңiлi торықты.
Қызылбасқа түзедi
Екi батыр жорықты.
Бара жатып екеуi,
Ханымға келiп жолықты:
—Байбикеш ханым, қайдасың?!
Семiртiп қой байласын.
Тарыққанда көрмесе,
Құдай дескен досының
Көрерсiң қашан пайдасын?!
Қарындасы Iлия қыз
Гүлдей болып жайнасын.
Қызыл гүлдiң iшiнде
Бұлбұл болып сайрасын.
Жиырма күннен қалдармай,
Әкелемiн ағасын,
Қуантамын ағасын.
Сол уақтары анасы,
Сүйiншi сұрап келгенде,
Беретұғын нәрсесiн
Осы бастан сайласын.
Арғымақ аттың аяғын
Жiбекпенен тұсатар.
Әдiл достың шығарып,
Жаудан қолын босатар.
Екi досы аттанып,
Әдiлдi iздеп баратыр,
Қолыңды жайып бата бер,
Дуасы қабыл мүсәпiр.
Әдiлдiң жатқан жерiне,
Қызылбастың елiне
Сапар етiп баруға,
Тұтқындағы Әдiлдi,
Шығарып жаудан алуға.
Досының естiп хабарын,
Тына ма кеулi бiр бармай.
Жиырма күннен қалдырмай,
Әдiлдi алып келермiн.
Бүгiннен бастап санай бер,
Сөзiмнiң болмас жалғаны.
Жиырма күннен қалдырсам,
Алланың iсi болғаны.
Егер тiрi болса ол,
Қызыл басты қиратып,
Бағындырып аламын.
Сонда ханым сөйледі
Сөйлегенде бүй дедi?
Көңiлдi болып барың,—деп,
Әдiлдi жаудан алың,—деп,
Ақ батасын бередi,
Ақ тiлегiн тiледi.
Өзiнiң айтқан жолымен,
Белгiлеп кеткен жерiмен
Қарасай кетiп барады.
Екi батыр жөнелдi,
Күн-түн түсiп тынбастан,
Қатты жүрiп келедi.
Бiрде шауып желедi,
Тау қарасын көредi.
Екi тұлпар жануар
Бауырынан жарады.
Сылап-сипап батырлар,
Жал-құйрығын тарады.
Таң сарғайып атқанда
Жалғыз аяқ жолменен,
Өзiнiң көрген жерiмен
Қаратаудан құлады.
Күн қызарып шыққанда
Тас өткелге барады,
Бұнан да өтiп шығады.
Сәске уақыт болғанда,
Сонда келiп тұрады.
Өзi шапқан қалаға,
Қаланы көрiп қараса,
Қызылбас ақыл тауыпты,
Қаланы мықтап жауыпты.
Екi жерден ашылған,
Дарбазасын салыпты.
«Қарасай-Қази келер,—деп,
Қаланы шауып кiрер»,—деп,
Болған екен қауiптi.
Қас қарайып күн батсын,
Қаласына жау жатсын.