Қарасай—Қази (23-бөлім)
Қарасай-Қази · Жақсылық жырау нұсқасы · 2 мин оқу
Көңілi нұрға толады,
Төс қалтаға еңкейiп,
Қағаз-қалам алады.
Тiсiменен тiстедi,
Ернiменен күштедi.
Әдiл байқұс амалдап,
Қырымға сәлем жазады.
Әуелi бастап жазады,
Бiр жаратқан Алланы.
Екiншi бастап жазады,
Қарындасы Ылияны.
Үшiншi жаңа жазады,
Ақ сүт берген ананы.
Бара жатыр жазылып,
Тiсiмен жазған қаламы.
Күн батқасын келемiн,
Ол кешпенен бұл кешке,
Жарым алма бередi.
Қызылбастың қолында
Жары жасым кемiдi.
Қарасай бұзған қаланы
Қайта салған мен едiм.
Осындай ауыр тұрмыста
Әдiл азап шегедi.
Басыма Құдай салғаны,
Амалым жоқ көнемiн.
Оныменен тұрмайды,
Алып барып бiр жерге,
Тасқа мықтап байлайды.
Таң атқанша Әдiлдiң
Соры да сүйтiп қайнайды.
Қызылбастың баласы
Төбеме шығып ойнайды.
Қуалап ұстар дәрмен жоқ,
Екi көзiм жайнайды.
Қолыма түскен баласын
Қышырлатып шайнаймын.
Осы сәлем барғасын,
Бiр iздер деп ойлаймын.
Қарасай-Қази жан досым,
Сендер едiң сырласым.
Досым десең Әдiлдi
Бұл азапта қоймассың.
Осы сәлем барғасын,
Тiрi екен деп ойларсың.
Ақташ ханнан бата алып,
Қырымнан әскер жинарсың.
Екi достым сау болсаң,
Достығың маған шын болса,
Әскер алып Қырымнан,
Қызылбасқа аттаның.
Менi жаудан шығарып,
Қарасай-Қази досым-ай,
Сол уақытта мақтаның.
Қырымнан әскер шықпаса,
Өздерiң атты баптарсың.
Екi тұлпар қоса алып,
Азығына малта алсын,
Жiбектен тiгiп қалта алсын,
Тұлпарға балдан жем алсын,
Мен сорлыда туған жоқ,
Екi достым болмаса,
Менi жоқтап кiм алсын?!
Қызылбас ұстап тiл алсын.
Ақ сүт берген, анам-ай,
Аман жүр өлмей балаң-ай.
Аман болсам, көрерсiң,
Сабыр ет, анам, жыламай.
Бақыт пенен азапқа
Әуелi бастан Құдайым
Жазған шығар маңдайға.
Екi қолымды сiргiлеп,
Мойныма iлдi арбаны.
Тiсiммен тезек тергiзiп,
Кездiрiп қойды даланы.
Және дұғай сәлем де,
Емшектесiм жұбайым,
Мен үшiн шекпе уайым.
Жалғыз бауырым Ылияжан,
Айырды сенен Құдайым.
Құдiреттiң iсi ғой,
Бұған не амал қылайын?!
Екi қолым сергеулi,
Бұзып қалай шығайын?
Аман болсаң, шырағым,
Қапа болма, қарағым.
Тiсiмменен хат жазып,
Айтқан осы сәлемiм.
Бұдан басқа айтар жоқ,
Қимылдауға лаж жоқ.
Зарлаған сенiң даусыңды
Есiтедi құлағым.
Есiме түссе, қалмайды
Менiң сабыр қыларым.
Тапсырған бiздiң аманат,
Осы жазған қағазым.
Ұстап жазар қалам жоқ,
Тiсiм болды қаламым.
Осы хаттан бiлерсiң
Аман жүрген хабарды.
Ағаңды аман көрерсiң,
Және дұғай сәлем де,
Омар менен Оспанға.
Жақсылық етсең, шығарсың
Екеуiң де бостанға.
Жамандыққа бет бұрсаң,
Азып, шайтан дұшпанға,
Тiрi болсаң қоймаспын.
Кетсең де ұшып аспанға,
Айтып жазып сәлемдi,
Омар менен Оспанға.
Жылатып зәбiр бермесiн
Iлия менен анама.
Өкпелеймiн саған да,
Алтын орда үйiме
Тығып басың кiрмесең.
Екi бiрдей мұңдыға
Жылатып зәбiр бермесiн.
Кiм бiледi өлермiн,
Барар күнiм бар болса,
Сонда менi көрерсiң.
Және дұғай сәлем де
Он екі баулы өзбекке,
Бәрi де шықсын көмекке.
Үштаңбалы ноғайлы,
Тәуекел етiп Құдайға,
Екi достым сау болса,
Iсiм шығар оңайға.
Және дұғай сәлем де
Ел билеген биiме.
Ал, қарақұс жануар,
Ұлықсат бердiм өзiңе.