Қарасай—Қази (33-бөлім)
Қарасай-Қази · Белгісіз ақынның нұсқасы · 2 мин оқу
Ал енді Қарасай-Қази Байбикеш ханымды қуантып, ордасына қайтарып жібереді. Сүйтіп, жатпай-тұрмай досын іздеуге талаптанған жері.
Екі мұңды кәріптің
Көңілдерін хош етіп,
Қызылбастың еліне,
Әділдің жатқан жеріне
Қарасай-Қази қос батыр
Аттануға қам етіп,
Екеуі атқа мінеді,
Ақташы ханға келеді.
«Іздейміз,—деп,—Әділді»,
Ханнан әскер сұрады.
Қызылбасқа баруға
Қырымға әмір қылады,
Хан әмірі болмады,
Бұрынғы барған әскерлер
«Өлеміз», деп бармады.
—Бәле болды біздерге
Әділдің жауда қалғаны,
Әркім де жақсы көреді,
Сау болғаны мал-жаны.
Қиғаш деген биік тау,
Қызылбас деген жаман жау.
Оған барсақ аттанып,
Келе алмаймыз аман-сау.
Қарасай-Қази, екеуің
Біздерден күдер үз,—деді,
Бара алмаймыз біз,—деді.
Қызылбастан өлгенше,
Өздерің-ақ қыр,—деді.
Сонда Қази сөйледі:
—Бұл айтқаны жөн,—деді.
Әділге ерген әскердің
Біреуі тірі келмеді.
Қиын сапар екені
Өтірік емес, шын,—деді.
Бармайтынын айтты ғой,
Қарасай аға, оңбағыр,
Неге тудың, құрмағыр?!
Көп жаманға жалынып,
Нағып тұрсың, тумағыр?!
Туғаның, аға, осыма-ай,
Кетейін өзім, досыма-ай.
Жалынғанмен көп жаман,
Ермес сенің қасыңа-ай.
Жамандық күні осылар,
Болады масыл басыңа-ай.
Жалғыз аяқ тар жолда
Қаптағанда қызылбас
Көргенің жоқ па осыны-ай.
Жалынғанша бұларға,
Тұлпар атты бағалық,
Аттың күйін табалық.
Тасқа тисе сынбастай,
Болаттан таға қағалық.
Ағайынды екеуміз
Қызылбасқа баралық,
Барып сойқан салалық.
Әділ хандай досымды
Суырып жаудан алалық.
Осы сапар алармыз
Дербент деген қаланы.
Қызылбасты қиратып,
Бағындырып бір алсақ,
Атамның бітер арманы.
Осыны айтып ер Қази,
Қарасайға толғады.
Қарасай мұны тыңдады,
Қырымнан әскер алмады,
Жаманға бұйым салмады.
Қарасай-Қази екеуі
Қырымға қайтып бармады.
Ноғайдан көмек сұрамай,
Тұлпар атты бағады.
Баратын жауы қызылбас
Алты айшылық жол еді.
Алысқа аңқып шабар деп,
Шараптың суын береді.
Тұлпарын баптап бағады,
Атының күйін табады.
Сауыры күнге күйер деп,
Мақпалдан жабу жабады.
Болаттан таға қағады.
Ат жарағын сай етіп,
Қызылбасқа жүруге,
Әзірленіп алады.
Арадан күндер өтеді,
Қызылбастай жауына,
Жүруге талап етеді.
Қызылбасқа баруға
Қырым жұрты қорықты.
Екі батыр жорықты,
Бара жатып екеуі,
Ханымға келіп жолықты.
—Байбикеш ханым, қалайсың?
Семіртіп қойың байлапсың,
Тарыққан жерде көрмесең,
Құдайласқан досыңның
Көреді қашан пайдасын?!
Досын іздеп барады,
Жауға тігіп найзасын.
Қарындасы Ылия
Қызыл гүлдей жайнасын.
Қызыл гүлдің ішінде
Бұлбұлдай болып сайрасын.
Үш айдан әрі қалдырмай,
Келтіремін ағасын,
Қуантамын анасын.
Сол уақтары анасы
Сүйінші сұрап келгенде
Беретұғын нәрсесін
Осы бастан сайласын.
Арғымақтың аяғын
Жібекпенен байласын.
Қолыңды жайып, бата бер,
Біз келгенше, мұңдылар,
Күліп-ойнап жата бер.
Әділдің жатқан жеріне,
Қызылбастың еліне
Сапар етіп баруға,
Тұтқындағы Әділді
Шығарып жаудан алуға,
Естігесін хабарын,
Көргесін сәлем қағазын,
Тына ма көңлім бір бармай.
Әділді алып келеміз,
Үш айдан әрі қалдырмай.
Үш айдан әрі қалдырсақ,
Алланың ісі болғаны-ай.
Әділді жаудан ала алмай,
Досыңның жауда қалғаны-ай.
Егер өліп қалмаса,
Шығарып жаудан алғаны-ай.