Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарасай—Қази (28-бөлім)

Қарасай-Қази · Белгісіз ақынның нұсқасы · 2 мин оқу

Ал енді Әділ азапта жүре тұрсын. Қырымдағы шешесі Байбикеш ханымнан хабар берейік. Әділ жауға кеткелі біраз айлар, жылдар өтті. Жаудағы жалғыз келмеді. Екі мұңдының басына қорлық жетті. Екі мұңдының қайғысы күннен күнге артып, тек зарлап, жолына қарау болды.

Келмегесін ер Әділ,
Екі мұңды нашардың
Қорлығы жоқ көрмеген,
Жебірі жоқ бермеген,
Тек жаны бар өлмеген.
Қырық мың қолға бас болып,
Кеткелі Әділ келмеген.
Омар менен Оспан құл
Мал мен басты билеген.
Есіктен төрге өрлеген,
Қызығы жоқ көрмеген,
Жорғасы жоқ мінбеген.
Ер Әділдің барында
Мінбек түгіл, жорғасын,
Орынсыз барып көрмеген.
Құдіреттің ісіне
Пенде бар ма көнбеген?!
Екі мұңды жыласып,
Төңірекке қарасып,
Төбеден түспей еңіреген.
Жыламай мұңды неғылсын,
Жауға кеткен жаңғыздың
Не болғанын білмеген.
Талма-тал түс болғанда
Қызы жылап тұрғанда,
Қызылбас жақтан келатқан,
Ұйқы көрмей түн қатқан,
Ауыр әскер қол көрген,
Қол бастаған ер көрген.
Сонда Ылия сөйледі.
Сөйлегенде бүйдеді:
—Айналайын, анам-ай,
Маңдайдағы қабам-ай!
Бұл келе жатқан әскерде
Сенің сорлы балаң жоқ,
Мен қайтейін жыламай.
Жығылғанға ұқсайды
Үлкен сарай қалам-ай,
Әділ жалғыз балаң-ай!
Тапшы қылып жаратты
Іні менен ағаға-ай.
Қарасай-Қази екеуі
Бұл келе жатқан қолда жоқ.
Әділ түсіп қалғасын,
Қайрылған шығар соған-ай!
Атадан екеу туғасын,
Жоқ шығар оның арманы-ай!
Төрт інісі қасында,
Көп жолдасы артында,
Айсаның ұлы Ахмет
Келе жатыр аман-ай.
Көкемнің аман-жаманын,
Сұрап мұнан білейін,
Алдынан шығып қамалай,—
Деді дағы, Ылия
Екі етегін түрініп,
Аш күзендей бүгіліп,
Ахметтің алдынан
Екі мұңды жүгіріп,
Көзінің жасы төгіліп,
Екі мұңды оралып,
Ағасының хабарын
Ахметтен сұрады-ай:
Ахмет батыр ағасың,
Басыма қайғы саласың,
Хабарын айтпай ағамның,
Қайда қашып барасың?!
Бірге кеткен жолдасың,
Қарасай-Қази ер қайда,
Оған ерген қол қайда?
Жалғыз көкем ер Әділ
Қалмаса жауда, ол қайда?
Жан жолдасың, жалғызым,
Сеніменен бір кеткен—
Бесеуің аман келесің,
Келгеніңмен не пайда?!
Сіздердей болып көкемді
Бір көретін күн қайда?!
Келе ме аман туғаным,
Туғаннан жақын болғаным.
Көкем—жалғыз, сіз—бесеу,
Болар ма екен деп едім,
Қысылған жерде қорғаным.
Ахмет батыр, айтып кет,
Көкемнің қайда қалғанын!
Ахмет сонда сөйледі,
Сөзбенен көңіл делбеді:
—Ылия, жылап, мұңайма,
Көкең де аман келеді.
Шын тілесең Алладан,
Ертелі-кеш береді.
Жесір алып, олжа алып,
Көшіріп келеді көп елді.
Көкең аман, жылама,
Жыламай көңілің тына ма?!
Қашан аман келгенше,
Жыламасқа бола ма?!
Келеді ертең қонаға,
Ылия жылап, мұңайма,
Сыйына бер Құдайға.
Қарасай, Қази жолдасы,
Жалғыз ағаң ер Әділ
Басшы болып келеді.
Шын тілесең Алладан,
Құр кетпейді дерегі.
Ағаң барып қалмаққа,
Қызылбасты бүлдірген,
Жүректен найза ілдірген.
Қалмақтан олжа көп алып,
Жолдастарын күлдірген.
Ағаң аман келеді—
Хабарым осы білдірген.
Сонда Ылия сөйледі:
—Өтірік сөзді қой,—деді,
Ахмет, жалған айтасың.
Қиғаш деген тауды алсаң,
Қызылбас мықты жауды алсаң,
Алып келген олжаң жоқ,
Неге босқа қайтасың?!
Өтірік неге сөйлейсің,
Сөзбен көңіл делбейсің.
Ырас болса алғаны,
Көкемнің аман қалғаны,
Басынан соның садақа,
Дүние-мүлік, бар малы.
Осы айтқаның шын болса,
Озып неге келмейсің?
Сүйіншіге мені алып,
Ахмет неге сүймейсің?!

Тағы оқыңыз