Қарасай—Қази (31-бөлім)
Қарасай-Қази · Белгісіз ақынның нұсқасы · 2 мин оқу
Жауға түсіп қалғанда
Екі досым ат салып,
Алып шығар деп едім.
Досым жауда қалды деп,
Бір қайрылып келмедің.
Келмесең де, достарым,
Сендерден үміт үзбедім.
Үзбесем де батыр-ай,
Елге барып жатыр-ай.
Бір іздемей жатқаның,
Қарасай-Қази досым-ай,
Ылайық па басыңа-ай?
Қызылбастың қолында
Алты арбаны сүйретіп,
Аман жүр әзір досың-ай.
Қарасай-Қази, сендерге
Мұңымды жаздым айтып-ай.
Мені тастап қалмаққа,
Бардыңыз елге қайтіп-ай?!
Және дұғай көп сәлем,
Қырықсан қырық еліне,
Құрбы-құрдас теңіме.
Жететұғын күн қайда,
Туып өскен жеріме!
Лалаулаған қызылбас,
Айтсам түспес тіліме.
Екі қолым босанса,
Жетер едім түбіңе.
Осы күні, достарым,
Қызылбас аузын бірлеулі,
Күнде мені тергеулі.
Қимылдауға дәрмен жоқ,
Екі қолым сірлеулі.
Мойныма шынжыр тағулы,
Бір қызылбас бағулы.
Аяғыма тас қағып,
Сүйтіп, көңлі табулы.
Осындайда келмеген,
Достың жайын білмеген,
Екі досым, сендерге
Менің көңілім қалулы.
Қызылбастың қолында
Достың азап көрулі,
Жарым жасым кемулі.
Қамыт іліп мойныма,
Алты арбаны жегулі.
Азаппенен алдырды,
Ақыл-естен тандырды.
Азап беріп қызылбас,
Ішімді оттай жандырды.
Қарасай бұзған қаланы,
Алты жігіт мойныма,
Соны маған салдырды.
Тісіммен тезек тергізді,
Тірі азапты көргізді.
Шығарып айдап жүретін,
Бір қызылбас мінгізді.
Тісіммен тезек теремін,
Далада күндіз жүремін.
Алты арбаны сүйретіп,
Күн батқанда келемін.
Ол кеш пенен бұл кеште
Жарым алма жегенім.
Басқа Құдай салғасын,
Амалым жоқ көнемін.
Оныменен қоймайды,
Және бір жерге айдайды.
Алып барып бір жерге,
Сыналап тасқа байлайды.
Таң атқанша достыңның,
Сүйтіп, соры қайнайды.
Қызылбастың баласы
Басыма шығып ойнайды.
Қуалап ұстар қолым жоқ,
Екі көзім жайнайды.
Қолыма түскен баласын
Қашыр-құшыр шайнаймын.
Осы сәлем барғасын,
Бір іздер деп ойлаймын.
Қарасай, Қази досым-ай,
Менің жайым осылай.
Осы сәлем барғасын,
Тірі екен деп ойларсың.
Достым десең Әділді
Бұл азапта қоймайсың.
Ақташы ханнан бата алып,
Қолыңа бұйрық хат алып,
Қырымнан әскер жинасын.
Дос екені шын болса,
Менің үшін қиналсын.
Осы сәлем барғасын,
Екі досым жатпасын.
Әскер алып Қырымнан,
Қызылбасқа аттансын.
Мені жаудан шығарып,
Қарасай, Қази «достым» деп,
Сол уақытта мақтансын.
Қырымнан әскер шықпаса,
Өздері атын баптасын,
Екіден тұлпар ат алсын.
Екі досым болмаса,
Мені жаудан кім алсын,
Мені іздеп таппасаң?!
Және дұғай көп сәлем,
Ақ сүт берген анам-ай,
Қызылбастың қолында
Тірі жүр Әділ балаң-ай.
Аман болсам көрермін,
Сабыр ет, анам, жыламай.
Рахат пенен азапты
Әуелі баста Құдайым
Жазған шығар маған-ай.
Екі қолым сірлеулі,
Мойныма салды арбаны.
Тісіммен тезек тергізіп,
Қыдыртып қойды қаланы.
Және дұғай көп сәлем,
Емшектесім, жұбайым,
Мен үшін шекпе уайым.
Жалғыз бауырым Ылия,
Айырды сенен Құдайым.
Құдіреттің ісіне,
Бұған не амал қылайын?!
Екі қолым сірлеулі,
Бұзып қалай шығайын?!
Аман болсам шығармын,
Қапа болма, шырағым!
Тісіммен хат жазып,
Жіберген осы сәлемім.
Мұнан басқа мұңым жоқ,
Қимылдауға әлім жоқ.