Қарасай—Қази (11-бөлім)
Қарасай-Қази · Белгісіз ақынның нұсқасы · 3 мин оқу
Сонда Әділ сөйледі:
—Емшектесім, жұбайым,
Қарағым, шекпе уайым.
Жаудан аман келермін,
Сақтаса Жаббар Құдайым.
Жылады сен деп, қарағым,
Қайғы алмайды жүрегім.
Сен жыласаң, қарағым,
Кетеді хандық дәуірім.
Ұядан бірге жасадым,
Артымнан жылап келгесін,
Еріген жездей босадым.
Айналайын, қарағым,
Келермін қайтып жылама,
Сапарымды сұрама.
Қырық мың әскер ноғайға
Басшы қылып қойғасын,
Енді қайтып бола ма?!
Шырағым, неге жылайсың,
Көзіңнің жасын бұлайсың?!
Қызылбасқа барма деп,
Сапарымды сұрайсың.
Жалғыз көпке ермей ме?!
Алыс жолға жүрмей ме?!
Жалғыздың жары әрқашан—
Бір Құдайым демей ме?!
Ажал келсе Алладан,
Үйде де болса өлмей ме?!
Құдай аман сақтаса,
Жаудан аман келмей ме?!
Айсадан туған бес батыр,
Бесеуі кетіп баратыр.
Қарындасы Ақсүңгі,
Ол жыласа көрмей ме?!
Құдіреттің ісіне,
Салса пенде көнбей ме?!
Содан кейін Ылия:
—Туысқаның, туғаның,
Болайын сенің құрбаның.
Көріп тұрсың өзің де,
Қызылбасқа барма деп,
Анаңның жылап тұрғанын.
Басыңа қиын іс түссе,
Сонда түсер есіңе,
Атадан жаңғыз туғаның.
Айсадан туған бес батыр,
Бесеуі кетіп баратса,
Ақсүңгі неге жыласын,
Бесеуі бірге туғасын?!
Кім қайрылар саған-ай,
Атадан жаңғыз болғасын?!
Көзімнің жасын көрмесең,
Жауда қалар сау басың.
Бізге салған бұл күнді
Пендеге Құдай салмасын.
Қарасай-Қази екеуі,
Бұлар кетіп баратса,
Ақ қымбат неге жыласын?!
Қарасай жауда қалғанда,
Қази барып алғасын.
Қази жауда қалғанда,
Қарасай барып алмай ма?!
Туысқаны болмаса,
Жалғыз шыбын шырқырап,
Басы жауда қалмай ма?!
Осыларды, ағеке-ау,
Ойласаңыз болмай ма?!
Ағасы қалса, іні алар,
Інісі қалса, аға алар.
Қиыншылық күн туса,
Сен байғұсты кім алар?!
Осыны айтып Әділге,
Қарындасы жылады,
Сапарын және сұрады.
Қарындасын қия алмай,
Көзінің жасын тия алмай,
Неғыларын біле алмай,
Қайғыланып тұрғанда,
Бесін уақты болғанда,
Әділдің досы Қарасай,
Бір қиялды ойлады,
Астындағы Қызыл ат
Секіріп көкке ойнады.
«Аламан!»—деп ақырып,
Әділ ханды шақырып,
Қолды тегіс жинады.
Қызыл, жасыл екі ту,
Көтеріп қолға алады.
«Хан Мамай!»,—деп ақырып,
«Орақ!»—деп ұран салады.
«Орақ!» деген дауысқа
Сүйегі қызып Әділдің,
Жауға аттанған басшысы
Қырық мың қолдың бәрінің.
Жаста болсаң әр жерге,
Кетіп еді дабылың.
Қызылбас мықты ел дейді,
Жоқ еді сенің аға-інің.
Жауға кетіп барасың,
Екі көзің мөлтілдеп,
Желке айдарың желкілдеп,
Мұңды болған бишара
Шешесі тұр еңкілдеп.
Қол жөнеліп жатқанда
Анасы жылап келеді,
Көзінің жасын төгеді.
Емшектен аққан ақ сүті
Етегіне шұбырып,
«Қарағым, тұр!»—деп жүгіріп,
«Жолығып кет!»—деп кідіріп.
Шешесін көріп ер Әділ,
Атынан түсе жылады,
Ананың қолын алады.
Сонда анасы толғады:
—Айналайын, шырағым,
Қызылбас болды құмарың.
Қызылбасқа барма деп,
Сапарыңды сұрадым.
Жолы қиын сапар деп,
Барған ерге қатар деп,
Естуші еді құлағым.
Енді маған сен жоқсың,
Көрсетті өзі Құданың.
Сен кеткесін, қарағым,
Күнім болар бір қысым,
Қашан қонар жыл құсым.
Қорқытты мені, қарағым,
Ұйқыда көрген бір түсім.
Құлыным едің, Әділім,
Барасың қайда, жалғызым?!
Емшегім сүті алдыңнан
Болып шықса ен дария,
Одан қайтып өтесің?!
Бара жатқан жауыңның
Алты айшылық жолы бар,
Үш айшылық шөлі бар—
Бұған не амал етесің?!
Аспанменен тірескен,
Бұлтпенен күрескен
Асқар биік тауы бар,
Қалмақтың мықты жауы бар,
Одан қайтып өтесің?!
Салған сарай қалаңды,
Қарындасың Ылияны,
Толып жатқан дүнияңды,
Қайтып тастап кетесің?!
Сонда Әділ сөйледі:
—Жылама, ана, жылама,
Жыламай көңіл тына ма!
Осы шыққан жолымнан,
Сапарымды сұрама.
Сұрағанша жолымды,
Сыйына бер Құдаға.
Көңіліне жедел енгесін,
Бармай көңілі тына ма?!
Басшы болып шыққан соң,
Бармай қалып бола ма?!
Бір тәуекел етермін,
Бармай қалсам бекермін.
Осынша қолдың ішінде
Бір жанымнан қорқып,
Қайтіп елге кетермін!
Қызылбастың еліне
Бұрынғы өткен ерлердей,
Алты ай жүріп жетермін.