Қарасай—Қази (26-бөлім)
Қарасай-Қази · Белгісіз ақынның нұсқасы · 2 мин оқу
Қызуына шыдамай,
Үш ай тоқсан күнінде
Жалаңаш қарға аунаған.
Анасының ішінде-ақ
Қызуы қашып қалмаған.
Сол себептен Қарасай
Кем болып туған деп еді.
Маған жерік болғанда,
Айдаһарды жеп еді.
Мен тікендей көрмеймін,
Найза түгіл, жебені.
Дұшпанға күлкі болғаннан,
Өзім-ақ шауып тастайын,
Осы жерде сені енді.
Қарасай сонда сөйледі,
Жарасынан меңдеді:
—Айналайын шырағым,
Өз басыңды сақтай бер,
Менің тиер ылаңым.
Жарам ауыр болғасын,
Құрып тұр менің ылажым.
Менімен ісің болмасын,
Өзің түсіп қаларсың.
Жауда қалған ағаңды
Ақыретте табарсың.
Қарасай асқан ер еді,
Жанынан үміт үзеді.
Үміт үзбей нағылсын,
Жарасынан жүдеді,
Қази келіп сүйеді.
Келеді сүйеп ағасын,
Жүректегі бір жара
Келеді құртып шарасын.
Қази сүйеп келеді,
Осындайда болмаса,
Жақынды неге тілейді.
Туысқанның себебі—
Тар жерде тиер көмегі.
Туысқансыз жалғыздың
Жауда қалар сүйегі.
Қарасайды қалдырмай,
Қази сүйеп келеді.
Келеді көріп жараны,
Қаны судай ағады.
Қорқытып келеді жарасы
Інісі Қази баланы.
Ағасын сүйеп жетелеп,
Жолымен келген төтелеп,
Таудан аман шығады,
Айдын көлге құлады.
Ағасының жарасын
Көлде жатып бағады.
Ақ дәрісін аюдың
Сүйегіне жағады.
Он күн бағып сол жерде,
Ағасын жазып алады.
Енді қайтіп бара алмай,
Досын іздеп таба алмай,
Арманда болып екеуі
Еліне қайтып барады.
Әділ досы шырқырап,
Баяғы орда қалады.
Кете тұрсын Қарасай,
Әділден хабар алалық.
Әділдің түскен орына
Көп қызылбас келеді,
Әділ ерді көреді.
Осы келген қызылбас
Бұл соғыста жоқ еді.
Әділді қырған қызылбас
Қорғасаның қолы еді.
Қарасай деген батыры
Бәрінен де зор еді.
Үш бөлініп үш жерден
Соғыс салды деп еді.
Әділ ханның қолынан
Олжасын теріп жүр еді.
Көп қызылбас көреді,
Хан Әділді ұстауға
Таласып орға түседі.
Бірінен-бірі қызғанып,
Мен ұстаймын деседі.
Сол уақтары ер Әділ
Қызылбастың үстіне
Топырақты шашады.
Қолына түскен қалмақты
Жолбарыстай басады.
Ұстай алмай қызылбас,
Ордан шығып қашады.
Әділді ұстап ала алмай,
Қасына жақын бара алмай,
Қызылбастар сасады.
Орда тұрып ер Әділ,
Қолына кесек алады.
Қамап жүрген қалмаққа
Жіберіп келіп қалады.
Лақтырған кесегі
Зеңбіректен кем емес—
Бірінің көзін шығарып,
Бірінің басын жарады.
Ұстаймын деп қызылбас
Шын бәлеге қалады.
Қызылбастар кеңесіп,
Ақыл айла табады.
Қолдарына қызылбас,
Бір-бір белді алады.
Топырақты құлатып,
Төбесінен құяды.
Топырақпен бастырып,
Әділді ұстап алады.
Мықтылығын білгесін,
Екі қолын айырып,
Сірілеп құрсау салады.
Шынжыр тағып мойнына,
Ордан алып шығады.
Қолға түскен ер Әділ
Екі қолы таңулы.
Енді не амал қылады?!
Қолға түсіп қор болып,
Көзі жайнап тұрады.
Қамап тұрып қызылбас,
Әділден жауап сұрады.
Қалмақтың ханы сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
—Орға түскен сұм бала,
Жөніңді айтшы, бишара!
Жөніңді айтсаң, босатып
Жіберейін, әй, бала.
Бұл не деген жер еді,
Әрбір елден зор еді.
Ердің басы Едіге,
Ол келмеген жер еді.
Нұраддин мен ер Мұса,
Сол қайсыңнан кем еді?!
Орақ, Мамай, Қобыланды—
Сол келмеген жер еді.