Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарасай—Қази (8-бөлім)

Қарасай-Қази · Белгісіз ақынның нұсқасы · 2 мин оқу

Қыз Қымбат атты әкеліп қазығына байлап тастап, жайына барып жата берді. Қызыл ат жем жегісі келгенде шыңғырып, ащы дауыспен кісінейтін еді. Бір күні Қызыл ат қатты кісінейді, мұны кемпір есітіп шығып қараса, Қызыл ат байлаулы тұр. Бұл Қарасайдың мініп кеткен аты еді. Қарасайдың жолдан қайтып келетін реті жоқ. Не де болса осы Қымбаттан келген бәле шығар деп, кемпірдің Қымбатқа сөйлеп тұрған жері:

Тал таяғын қолға алып,
Ашуға мініп долданып,
Қымбатқа келіп анасы,
Сөз сөйлейді зарланып:
—Қымбат-ау, сенің неткенің,
Жауға кеткен ағаңның
Ізінен қуып кеткенің,
Сексендегі Қосайға
Шынымен беред деп пе едің?!
Ізінен қуып барғаның,
Рас па атын алғаның?
Жауға кеткен ағаңның
Басына сауда салғаның.
Көрдің бе тәуір ағаңның
Далада жаяу қалғанын.
Жазираның шөлінде,
Ата жау—қалмақ елінде
Өлді-ау тістеп бармағын.
Іс қылыпсың қолайсыз,
Жәрдемі тисе Алланың,
Ел шетіне жау келсе,
Ашылмастай дау келсе,
Қарасай-Қази сау жүрсе,
Сенің үшін екеуі
Балтаға басын салмай ма,
Айырып жаудан алмай ма?!
Ала алмаса айырып,
Сен үшін өліп қалмай ма?!
Ақылсыз қаншық болмасаң,
Соны ойласаң болмай ма?!
Жаяу кеткен Қарасай
Жазираның шөлінде,
Ата жау қалмақ жерінде
Шөлден өліп қалмай ма?!
Қарасай-Қази жоқ болса,
Тап боласың қандайға?!
Ақылға мұнша кем болып,
Тап болыпсың маңдайға.
Хан баласы, бейбағым,
Алды-артын ойлап көрмей ме?!
Бере ме, иә бермей ме,
Өзінше ойлап білмей ме?!
Қарасай жаудан сау келсе,
Қалмақтан жесір әкелсе,
Сені берген Қосайға
Қаракөз балыққа ұсатып,
Он бесін тізіп бермей ме?!
Сөйтіп сенің басыңды,
Қосайдан ашып алмай ма?!
Ақылы қысқа, шашы ұзын,
Дүзіқара қаншық болмасаң,
Соны ойласаң болмай ма?!
Қызылға қазір мін деймін,
Апарып атын бер деймін.
Өліп қалса далада,
Сүйегін алып кел деймін.
Жатпай, тұрмай, ағаңның
Тірі-өлісін біл деймін.
Жете алмасаң ізінен,
Жолында сен де өл деймін.
Апарып атын бермесең,
Жүзіңді сенің көрмеймін.
Өсек сөзге шын нансаң,
Мамайдан туды демеймін!

Анасы бұл сөзді айтқаннан кейін Қымбат ойланып, «кемпірдікі дұрыс екен. Мен ақылсыздық қылған екенмін» деп, атын алып, ағасының ізінен кетеді. Жазира деген шөлде ағасы шөлден өлейін деп жер бауырлап жатқанының үстінен шығады. Қарасайдың оң жағында жүз қарға, сол жағында жүз қарға көзін шұқыйын деп, ұшып-қонып жүр екен. Бірақ пірінің жәрдемі тиіп, қарғаларды ұшырып, Қарасайға қондырмай тұр екен. Қымбат зар еңіреп жылап, ағасының аузына су тамызып, ағасын тірілтіп алады. Қарасай көзін ашып қараса, қасында бір әйел адам пайда болды. «Ау, бұл жерде адамзат болмау керек еді ғой, бұл жын ба, шайтан ба, бұны кесіп тастайын»,—деп алмасын суырып алады. Қарындасы шашын алтын тормен қаптап қоятын еді. «Шауып тастар» деп өзін таныту үшін басындағы орамалын жұлып алады. Енді Қарасай қарындасы екенін танып, шауып тастауға көзі қимады. Қанға тимей қайтпайтын ақ алмас қайта салса, қынына симады. Сүйтіп, ағасы бір саусағын кесіп, алмасын соның қанымен майлап, қынына салады. Сол жерде Қымбаттың Қарасайға сөйлеген жері.

Қарасай-Қази

Барлығы: 180 жыр

Тағы оқыңыз