Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарасай—Қази (20-бөлім)

Қарасай-Қази · Белгісіз ақынның нұсқасы · 3 мин оқу

Басыма қиын іс түссе,
Екі досым ат салып,
Алып шығар деп едім.
Енді жауға кіресіз,
Ат құйрығын өресіз.
Екі досым сендерге
Көңлімді айтып білдірдім—
Ендігісін, достарым,
Өздерің ойлап, біліңіз.

Сонда Қази толғады:
—Әділ досым сен едің,
Сенің досың мен едім.
Қарасай жауда қалғанда
Сені алармын деп едім,
Бұрынғы ойым сол еді,
Ол көңілді білмедің.
Кем тудың деп атадан
Тіл тигізіп сөйледің.
Қынап салдың көңіліме,
Талабыңнан көрерсің.
Өз обалың өзіңе,
Жүре бер, Әділ, жөніңе,
Келтірме бірақ көңіліңе.
«Орақ!» деп жауға шабармын,
Шұбыртып айдап салармын.
Мұсылманның ары үшін
Жауда қалсаң, Әділім,
Сонда іздеп табармын.
Ер Әділ сонда сөйледі:
—Бұл дүнияға келген соң,
Аяқ басып жүрген соң,
Өлерімді білгенмін.
Мен атадан туғансын,
Беліме жарақ буғасын
Жалғыздыққа көнгенмін.
Атадан жалғыз болсам да,
Қайратыма сенгенмін.
Туысқансыз тәуекел,
Жолдас болып жүргеннен,
Жақсы емес пе одан да,
Жауға барып өлгенім!—
Деді дағы, ер Әділ
Ызаланып долданды,
Алтын туын қолға алды.
Тас өткелдің аузына,
Көп әскерге қарамай,
Жалғыз шауып барады,
Досына көңлі қалады.
Қази көріп шапқанын,
Атына мініп алады.
Баратқан шауып Әділге:
«Тұр»,—деп айқай салады.
Қуып келіп соңынан,
Сонда Қази толғады:
—Әділ, қайда барасың,
Жолға неге шабасың?!
Жол менікі шабайын,
Менен қалай аласың?!
Аламын деп жүргенде,
Құр далада қаласың.
Менен бұрын жол алмақ,
Қала бұзып, қала алмақ,
Келмес, Әділ, қолыңнан,
Аулақ кет, Әділ, жолымнан,
Жолымды беріп өзіме,
Ере бер, Әділ, соңымнан.
Сонда Әділ сөйледі:
—Шапқан Әділ тұра ма,
Атының басын бұра ма.
Өзі болған жігіттің
Ата-тегін сұрама.
Қорлыққа Әділ көне ме,
Қаза жетпей өле ме?
«Жол менікі» дегенге
Қорқып жолын бере ме?
Жолымды қорқып бере алман,
Қорлығыңа көне алман,
Енді саған сене алман.
Сендер екеу, мен жалғыз,
Жалғыз да болсам тұра алман.
Қорқып беріп жолымды,
Ізіңе сенің ере алман.
Сенен қорқар мен емес,
Ерлігім сенен кем емес,
Қорқытар жігіт сен емес.
Қорқып беріп жолымды,
Дұшпанға болман келемеж.
Сенен қорқар мен бе еді,
Ерлігім сенен кем бе еді?!
Мықты болсаң тартып ал,
Ал жолыңды бермеді!—
Деді дағы, ер Әділ
Қайрылмады жолынан.
Алтын туын көтеріп,
Тастамады қолынан.
Ұрысайын деп керісіп,
Қазидың шықты оңынан.
Атайын деп бір жебе
Суырып алды оғынан.
Екеуі жолға таласты,
Салуға қару қарасты.
Достықты бұлар бұзғанын,
Таласып жолға тұрғанын
Қарасай батыр біледі—
Ол ақылға кең еді.
Өзім барсам, болмас деп,
Екеуі де тұрмас деп,
Қоянаққа келеді,
Келе сөйлей береді:
—Жол бастаған, ағам-ай,
Көрейін бе тұрып ананы-ай.
Қази менен Әділдің
Таласып жолға тұрғанын,
Тапсырамын саған-ай.
Екеуі еді,
Екеуінің біреуі
Болса еді жаман-ай.
Екеуі екі көзім-ай,
Менің өтпес сөзім-ай.
Өзім барсам осыдан,
Інісіне Қарасай
Болысуға келді деп,
Досымның келер көңліне-ай,
Қойеке, жылдам бара гөр,
Көңіліне сана сала гөр.
Ұрыстырмай екеуін
Тату қылып ала гөр.
Көпті көрген көне едің,
Сен ақылға дана едің.
Ақылменен, Қойеке,
Тату қылып жібер деп,
Тапсырып тұрған мен едім.
Ұрыстырмай екеуін
Жарастырар деп едім.
Бұл сөзді естіп Қоянақ,
Боз тұлпарға мінеді.
Қази менен Әділге
Қартың жетіп келеді,
Келе сөйлей береді:
—Қырымның ханы жас Әділ,
Қырық мың қолға бас Әділ!

Тағы оқыңыз