Қисса Нәрікбай-Шора (1-бөлім)
Шора · Майкөт—Ә. Сариев нұсқасы · 3 мин оқу
Әуелі сөзді бастайын,
Жақсылар білер дос жайын,
Диқаншы білер қос жайын.
Өзі жүрген адамдар
Айы біткен айында,
Күні біткен күнінде
Кетеді ұшып құстайын.
Және сөзім және бар,
Қазан деген қала бар,
Ол Қазанның ішінде
Ноғайлы мен тама бар.
Ол Қазанды билеген
Нәрікбай атты баба бар.
Неше қилы ел өткен,
Неше қилы бек өткен.
Он сан ноғай болғанда,
Ормамбет хан өлгенде,
Ол Қазанды билеген,
Кемшілікті білмеген,
Бір перзентке зар болған,
Көзі тола қан болған,
Нәрікбай деген баба бар.
Еңсегей бойлы ер Есім
Ырысына біткен қазақтың,
Арыстан туған аға бар.
Нәріктен туған бала бар,
Ол баланы көрсеңіз,
Маңдайының арасы
Кере қарыс, сере бар.
Қазан деген қаланы ноғайлы тама деген ел отан қылады. Нәрікбай хан болып билеп тұрған екен, Нәрікбайдың бірге туған інісі Есім деген бар екен. Қалмақтан Қозбамбет, Садыр деген батыр шығып жылқысын шауып кетті, сонда ағасы Нәрікбайдың сиырдан туған шұбар, күміс құйрық Күлзар деген аты бар екен, соны Есім Нәрікбайдан сұрап келді.
—Бейғам жатқан бек едім,
Бұзды қалмақ ұйқымды.
Баялышты-ай бөз дөңнен
Салды қалмақ қиқуды.
Сізге келдім, хан Нәрік,
Қозбамбет пен Садырға
Алдырып бүгін жылқымды.
Қауыстың ұлы тама деп,
Халық айтар затымды.
Оны сөзге санамай,
Қорқытты қалмақ халқыңды.
Атаңа лағнет ит қалмақ
Тапқан екен артынан
Бір қумастай қатынды.
Кеңшілік қылғын, Нәреке,
Мінейін деп мен келдім
Күміс құйрық шұбарды,
Күлзар деген атыңды.
Тауға біткен тұмар-ды,
Ер тарқатар құмарды,
Айрылар жері қос патша,
Себеп болды Күлзары.
Шұбарды маған бересің,
Қара ағаштай көп қазақ
Қайрат қып бәрің ересің.
Ат мінгелі мен келдім,
Басқа жоқ менің кеңесім,
Шұбарды маған бересің.
Алып едім жылқысын,
Бұзып едім ұйқысын,
Қозбамбет, Садыр мақтанып,
Қатын екен көп қазақ,
Бір келмеді демесін.
Сонда Нәрікбай: «Менде Шұбардан басқа да ат көп, тұлпарлар бар, содан қалаған атыңды ал, Шұбар ат әрі ұлым, әрі қызым, әрі малым еді. Содан басқаны сұрай бер»,—деп жауап береді.
Сонда Нәрік сөйлейді:
—Ашылған бақта күл едім,
Сөйлеген қызыл тіл едім,
Қазаққа біткен патша,
Қасиетті кісі едім.
Қасиетім құрысын,
Бір перзенттің жөнінен
Бейшара болып жүр едім.
«Баласы жоқ Шұбарды
Кім мінед»,—деп ойлайды,
Халықтың көңілін білемін.
Тоғайда он мың жылқым бар,
Ажағайдай боз Шұбар,
Таңдап мін, Есім, біреуін.
Қартайсам да Шұбарды
Өзімнен туып бір бала,
Міне ме деп жүр едім.
Ырым қып жүрген бір атты
Неге мұнша тіледің?
Атасы болған сыбайдан,
Анасы болған құмайдан,
Екі асылдың белінен
Сиырдан туған ылайдан.
Қызыл шақа күнінде
Бауырына басты Күлқаныс,
Бала қылып бір жайдан.
Қартайса[м] да Шұбарды
Үміт қылып жүр едім,
Үстіне мінер бір перзент
Бере ме деп Құдайдан.
Алтыннан соққан тұяғым,
Күмістен соққан қияғым,
Тарылғанға ұқсайды
Есімжан, менің сияғым,
Дүние малы менде көп,
Неше тұлпар көлде көп,
Керек болса дүниенің
Бәрін айдап жүре бер,
Қапа болма, шырағым.
Жиған малым сиыр-ды,
Сиыр мұрнын жиырды.
Есіткен соң бұл сөзді,
Есім ерді жын ұрды.
—Мінем десем Шұбарды,
Мұнша неге құбылдың?
Маған бермей Шұбарды,
Міндірейін деп пе едің
Алтын айдар, шоқ белбеу,
Әлпештеп баққан ұлыңды.
Шұбар атты мінгенде,
Болады саған күнде жас.
Жылқысын қалмақ алған соң,
Қапа болып қалған соң,
Қайғыланды Есім мас.
—Мұсылман, кәпір жау болып,
Намыс қылды күллі алаш.
Мінетұғын ат болса,
Ат десек, бөтен аямас.
Маған бермей Шұбарды,
Мінгізейін деп еді
Әлпештеп баққан ұлына.
Беліңе бермей перзентті,
Берекесіз сен қу бас.