Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қисса Нәрікбай-Шора (29-бөлім)

Шора · Майкөт—Ә. Сариев нұсқасы · 3 мин оқу

Жамандықты тастайын,
Жақсылықты бастайын.
Қазынамның мен саған,
Есігін барып ашайын.
Өз атыңнан зор қылып,
Басыңа тіллә шашайын.
Жалғыз қызым Ақсұлу,
Перзент қып саған қосайын.
Дүниемді дос қылып,
Жалғыз інім Ақша би,
Екеуіңді дос қылып,
Өткерейін дүниеден,
Көңіліңді қош қылып.
Сонда Шора сөйлейді:
—Жақсы айтасың, Әліби,
Нәрекем ауған жерінен.
Көңілі ауып Нәрікбай,
Қарашы болған елінен.
Бейшара болып жай салды
Қоғалының көлінен.
Беліңе салып көп жылқы
Қараханның сөзімен.
Зекет алдың қорқытып,
Келместен жатып өзінен.
Құдайдан қорықпай, Әліби,
Нәрікбайды ұрдың-ау.
Барып ем әбден сенімен,
Дос түгіл құда болсаң да,
Сол шығар ма еді көңілімнен.
Жылаттың-ау баласын,
Келместен жатып Қазаннан.
Қайдан білдің қаңғырған
Қазанның қырық тамасын.
Қайдан білдің Нәріктің
Жоқ екенін баласын.
Қасиетті жан еді,
Жаманды-жақсы бір жұртқа
Қария болған хан еді.
Нәрікбайды ұрдың-ау,
Бүгін де маған зорсың-ау.
Тәңірі алдына барасың
Тәңірі—қазы, пайғамбар—
Шапағатшы болғанда,
Тең таразы құрғанда,
Арасаттың майданы,
Әммені бірдей қылғанда,
Тәңірінің алды бір,—деді,
Төренің алды тең,—деді,
Қоңсылық ақым сен,—деді,
Бір алармын жағаңнан,
Қисабын қайдан табасың.
Ат жүгіртіп шаппастай,
Томарлы ма еді жеріңіз.
Қаз бен үйрек ұшпайды,
Құрулы ма еді көліңіз.
Жалғыз атты мінбестей,
Жарлымен жалғыз жүрместей,
Зорлықшыл екен еліңіз.
Менмендікте, Әліби, тұр,
Білемін аяр көңіліңіз.
Аярлықты сен қылсаң,
Алдатпаспыз енді біз.
Қызыл таздың сөзімен
Қырғалы шықтың бізді сіз.
Айтпасаң да сырыңды,
Аңғарып тұрмыз сізді біз.
Мың қарғаға бір кесек,
Көптігінен күдер үз.
Мұндай ақыл ойласаң,
Аруақ ұрсын алдасаң,
Қайтып барғын еліңе.
Талай азап салғансың
Нәрікбайдың көңіліне.
Тартуыңды алып кеп,
Ісіңді сал жөніңе.
Мыңның жолы ашылар,
Мүсәпірді разы қып,
Салмасаң істі жөніне.
Желпіген көңіл басылар,
Қоңсының көңілін ауласаң,
Кәпірлікке кетпесең,
Жан достыңды жауласаң.
Қорықсаң, батыр, Құдайдан,
Қайтсаң ерте райдан,
Нұр жауады өзіңе.
Батпақ судан басып енді,
Қатты тиер көңіліме,
Қай жолменен жүрсең де,
Екі сөз айттым өзіңе,
Сиғанын қылғын өзіңе.

Сонда Әліби сөйлейді:
—Сенің өзің қумысың,
Қудан өткен сұмбысың.
Атыңды алам мен десем,
Тарту тарт деп тұрмысың.
Қырық мың үйлі қайрақты,
Екі қырық мың қосылса,
Біреудің сорын қайнатты.
Екі қырық мың елеттен,
Тарту алып тірі боп,
Жүрер пәнде қай жақта?
Азуын айға білеген,
Табанын көкке тіреген,
Өзінен зорды іздеген,
Сендей неше жалғызды
Әлдекеңіз жайратты.
Есіркесем білмейсің,
Есек болғың келді ме?
Аяғымның астына
Төсек болғың келді ме?
Әліңді білмей, әркімге
Өсек болғың келді ме?
Сыйлағанды білмейсің,
Аяғымның астына
Шиыр болғың келді ме?
Жалғыздығың білмейсің,
Көпке ұрынғың келді ме?
Бір топ біткен шоқ қамыс,
Отқа ұрынғың келді ме?
Ителгіні менсінбей,
Қаршыға алғың келді ме?
Әлібиден мал тілеп,
Талшық алғың келді ме?
Жалғыз басты қу ма едің,
Мықты болып біреуді
Қамшылағың келді ме?
Қыпшақтан да қу ма едің,
Әлібиді жалынтып,
Тарту алғың келді ме?
Ей, қырық жігіт, қырық жігіт,
Айтқанымды қыл, жігіт.
Жалғыз жүріп кешінен,
Асқан екен бұл жігіт.
Құйысқансыз, айылсыз,
Өліп кетсе дайынсыз,
Жалғызды ұстап, ор, жігіт.
Халық біліп аптығып,
Бет қойып маған тұр, жігіт.
Басын кесіп алыңыз,
Сенгені болса Қарахан,
Кеудесін алып беріңіз.
Ойран қылып таманы,
Өшіккендей шабыңыз.
Тамада мал көп дейді,
Олжа аласың бәріңіз.
Біреуіңе бой бермес,
Бәрің бірдей барыңыз.

Тағы оқыңыз