Қисса Нәрікбай-Шора (27-бөлім)
Шора · Майкөт—Ә. Сариев нұсқасы · 2 мин оқу
Ерлі-байлы екеуі,
Өздерін құрбан жана айтып,
Қырық үйлі тама, Шора үшін,
Мойнына салып белбеуін,
Жан басына мал айтып,
Нәрікбай мен Күлқаныс
Нұрлы жүзін сарғайтып.
Атасынан бата алып,
Әлібидің алдынан
Жөнелді Шора жол тартып.
Батырақты судың басына,
Тас бастаудың қасына,
Келіп атын байлады
Кереге жапсар тасына.
Тоғыз жолдың тоғасы,
Тас бастаудың жағасы,
Тоғыз жолдың тоғысқан.
Қатарлап жиды сол жерге,
Ақылын мұның қарашы,
Қоңыраулы нарды байлады,
Бұлақта қымтап сайлады.
Тартуын тастап бұ жерге,
Және бір ақылды ойлады.
Кемер тастың астына
Келіп тұрды көрінбей.
Ол уақытта Шораның
Көңілі тасып тұр енді.
Аспанменен заулаған,
Қанаттарын қомдаған,
Егескенін қоймаған,
Ішсе қанға тоймаған.
Орданы бұзып қайран қып,
Мың-миллионды ойлаған.
Көк дауылдың өзіндей,
Ердің жолы болмайды,
Басын таңып кезенбей.
Заманым қандай болад деп,
Нәрікбай тұр зар жылап.
Қорқақ емес Ер Шора,
Кетсе дағы тау құлап.
Жырта қарыс қабағы,
Адамның асыл манабы,
Басқарар емес көңілі,
Әлібиге талабы.
Ақ орамал басында,
Әлібидің қасында,
Ақ маңдайы жарқырап,
Ақ сүңгілі, найзалы,
Адамнан туған айлалы.
Жан көрінбей көзіне,
Жын пайда боп өзіне
Он бірдегі кезінде.
Сол уақытта көңілі,
Теңгерер емес ешкімді,
Тең келер деп өзіне.
Ордаға жапқан бидайық,
Тұмсығы алтын, түбі жез,
Тұяғы алтын болаттай,
Қанаты гауһар деген сөз.
Бидайықтай балаға,
Әліби бүгін болар кез.
Өзі сұңқар, лашын,
Есіткен жерді алам деп,
Сұңқардай жайды құлашын.
Әлібиді тосып тұр,
Бір тамаша қыласың,
Адамның асыл тұйғыны.
Әлібиден басқаны
Ойлар емес пиғылы,
Жанған оттың шоғындай.
Арасы зор алыстан,
Өмірдің мылтық тобындай,
Тасыған су өзендей,
Ердің жолы болмайды,
Басын тігіп кезенбей.
Мінген аты шал қасқа,
Қол қойып тұр алмасқа.
Бұл баланың көңілі жоқ,
Ұрыспай бекер қалмасқа.
Ер өлімі бір күн деп,
Есек жолы қырық күн деп,
Кімге тәңірі береді,
Бір тәуекел қылдым деп,
Бүркіттей көзі шүңіліп,
Көк тұйғындай түйіліп,
Түсіп тұрды Ер Шора
Әлібидің жолына.
Бар ма өлімнің қарасы,
Өлімнің жоқ шарасы.
Алғыр бүркіт секілді,
Шораның саусақ саласы.
Түс қайтып бесін болғанда,
Әлібидің шықты қарасы.
Қырық жігіт қасында,
Күлзар аты астында,
Жан көрінбей көзіне,
Жын пайда боп өзіне,
Жетіп келді Әліби.
Батпақты судың басына
Қара нар тұр байлаулы,
Зергерлі тұр шешулі.
Тоғыз қамқап алтын тон
Жолында тұр тартулы.
Мұны көріп Әліби,
Жанында бар қырық жігіт,
Бәрі мырза,батыры,
Қырық жігітке сөйлеген,
Әлібидің тамсылы:
—Ей, қырық жігіт, қырық жігіт,
Қамқап пен нар жолда тұр,
Бұ Шораның амалы.
Амал қылып алып кеп,
Жолымызға салыпты,
Бұл амалдың жаманы.
Ел екен деп ойлама,
Бұл ұйысқан таманы.
Өлтірмей тірі қоймаңдар,
Білмеген әсілін баланы.
Алды-артына көмексіз,
Өліп кетсе дерексіз,
Халін білмей бұл жалғыз,
Көңілі өсіп кетіп барады.
Аз үйден шыққан азулы,
Өлтірмей қойма Шораны.
Шауып алып жол қылған,
Жоқтап келсе көрерміз,
Қазаннан келген таманы.
Әлін білмей ұрынды,
Ойын екен бұрынғы.