Қисса Нәрікбай-Шора (3-бөлім)
Шора · Майкөт—Ә. Сариев нұсқасы · 3 мин оқу
«Қой» деген сөзге қоймады,
Қоятұғын болмады.
Бір жұртқа алып келуді
Нәрікбай өзі ойлады:
«Жалғыз ағаң кетті,—деп,
Өлгенде көрген ағаңды
Тентіретіп неттің»,—деп,
Қазанның жұртын қинады.
Сол уақыттар болғанда,
Есімнің есі қалмады.
Баласы менен қатыны
Ағытқан қойдай зарлады.
Жалаң аяқ, жалаң бас,
Көзінен қаны аралас,
Құшақтап жылай береді:
—Бақылдар көлдің бақасы,
Дүниенің жоқ опасы.
Қайда кетіп барасың
Жұртымның жақсы сақасы?
Ашу—кәпір, ақыл—дос,
Ақылыңа ақыл қос.
Айтып едім бір сөзді,
Туысқандықпен түбі бос,
Болады енді демейін,
Бетіңе, сірә, келмейін.
Бір сөзімді кешпесең,
Жалғыз аға, не дейін,
Ісімнен қайтса көңіліңіз.
Бұ Қазанда тұрмайын,
Көз көрмеске жетейін.
Назаланба, Нәреке,
Бір көрінбей өлейін.
Туысқан деп қимасаң,
Мұсылман деп сыйласаң,
Қиямет жолдың аузында,
Бір көрініп көзіне,
Жолығайын өзіңе.
Жаманды-жақсы болса да,
Туысқан едім өзіңе.
Сонда Нәрік сөйлейді:
—Жақсы айтасың бұл сөзді,
Шырағым, Есім інім-ау,
Айтарыңды айтқан соң,
Тілейсің мұның несін-ау?
Бір ауыз сөзге келместен,
Кетті шығып мінім-ау?
Сыртымнан «қубас» атанып,
Көз алдымда не болар,
Нәрік боп көрген күнім-ау?
«Нәрікбай қубас» атанып,
Бұл Қазанда не болар,
Хан болып көрген күнім-ау?
Сен емес пе тірлікте
Арым менің, інім-ау?
Бастапқы ноқат бидікі,
Соңғы ноқат тидікі.
Ора төбе кімдікі,
Оралы болса бидікі.
Қара төбе кімдікі,
Қарары болса хандікі.
Нәрікбай өлсе, осы мал
Есімдікі емей кімдікі.
Дос-дұшпанның ішінен
«Қубас» демек оңай ма?
Азғана күн қубасты
Сыйлай тұрсаң болмай ма?
Жөнсіз оқты ап келіп,
Қос өкпеме қадайсың.
Атқан оқты-ай таста деп,
Тағы да мені қинайсың
Өзің қылған кінәңді
Өзің неге сұрайсың.
Қатының менен балаң көп,
Құшақтап неге жылайсың?
Алды-артымнан еретін,
Ұлым да, інім сен едің,
Құлым перзент бола ма,
Жастай ердің соңыма.
Көп көргенің, Есімжан,
Қазан болса ағаңа,
Тапсырайын қолыңа.
Мен Қазаннан кетемін,
Пияз еккін орныма.
Мен өлейін, өлейін,
Жерге басым көмейін.
Сенен қорлық көргенше,
Бөтеннен қорлық көрейін.
Көпсінгенің мен болсам,
Ноғайлы мен таманы
Қолыңа сенің берейін.
Абұйыр маған бермесе,
Өзі бендем демесе,
Жақсы ит құрлы жоқсың ба?
Тентіреп жүріп өлейін.
Бұл Қазаннан кетейін,
Көз көрмеске жетейін.
Жаратқан мені Құдайым,
Көз жасымды көрмесе,
Қаңғып жүріп өтейін.
Жақсы нұқсан сыр болса,
Дос сүйініп бағалар.
Табаның тайса бір істен,
Дұшпаның тұрып табалар.
Қайықшы мен балықшы
Өзен-суды жағалар.
Кетер болдым Қазаннан,
Қубас болған жазамнан,
Кемшілік көріп баладан.
Көргенімше аман бол,
Қауыстың ұлы тамалар.
Базарда ақша, теңгелер,
Жорға мінген дөңгелер.
Тәңірі бұйрық қылмаса,
Нәрікбайды кім көрер?
Көріскенше айналып,
Келін менен балалар,
Құрбы-құрдас, замандас,
Аман боп тұр, жеңгелер.
Амандасып еліне,
Ата қоныс жеріне,
Нәрікбай еңіреп жөнеді
Перзент түсіп көңіліне.
Әсте рахым қылмайды,
Құрбы-құрдас теңіне.
Етек-жеңін түрініп,
Қос-қолаңын буынып,
Інісі «қубас» дегенге,
Қаны қашып, буылып,
Нәрікбай ауып жөнелді
Баратұғын жеріне.
Ер өлімі бір күн деп,
Есек жолы қырық жыл деп,
Бір тәуекел қылдым деп,
Ата-жұртым қалды деп,
Басыма қайғы салды деп,
Босанғысы келмейді
Қайраты ердің көңілінен.
Нәрікбай көшіп жөнелді
Қырық қақпалы елінен.
Жұрт жақсысын қимастан,
Алты күн ұдай ереді.
Қақпалының адыры,
Нәрікбайдың өзінің,
Ит жүгіртіп, құс салып,
Аң аулайтын жері еді.
Сол адырға жеткенше,
Ел-жұрты қимай соңынан
Шулап еріп келеді.
Қайтпасын әбден білген соң,
Қырық қақпалы шәріден
Қырық құлды бұған береді.
Нәрікке қызмет қылсын деп,
Өлгенше бағып жүрсін деп.
Қырық үйлі тама қосылып,
Ауған аңдай жосылып,
Түрікпен елі қайда деп,
Нәрікбай ауып жөнеді.