Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Ертедегі Шора батыр (5-бөлім)

Шора · Мұсабай жыршы нұсқасы · 2 мин оқу

«Ая толы шыны бал
Ұрттап ішкен ернің»,—деп,
Төменгі ернін теседі.
«Билік айтқан тілің»,—деп,
Тілінің ұшын кеседі.
Тілден аққан қара қан[ды]
Қолымен алып ішеді.
«Танауы алды таңырайтып,
Қармал жиек алтын телпекті,
Басына алып кигенде
Күнге күйген сайы деп,
Түлеуінің жайы»,—деп,
Тас төбесін сылиды.
Жұртта қалған тазы иттің
Күшігіндей ұлиды.
Екі қолын Боздақтың
Артына мықтап байлайды.
—Ақтайша мен Әліби
Түстен қалмай келсін,—деп,
Қырық баласын өлтірдім,
Тоғыз үйлі тамадан
Қырық жыл жеген шығынның,
Жары басын бөледі.
Жары көңілім қалды,—деп,
Меніменен ел болса,
Енді қалған малымды
Ақтайша мен Әліби
Қолынан санап әкеліп,
Өздері әкеліп берсін,—деп,
Бүгін малын бермесе,
Екеуі мұнда келмесе,
Кісіні өзіндей көрмесе,
Таң сарғайып атқанда,
Алтын ауыз қаланың
Есігінде көрсін,—деп,
Сәлем айтып болды да,
Қыз алатын Боздақты
Жап-жалаңаш айдады.

Сол ер Боздақ
Қырық баласын қырдырып,
Құлақ, мұрнын жұлдырып,
Боздақ заулап жөнеді.
Басына қонған шыбыннан
Күннің көзін көрмеді.
Мың сауысқан, жүз қарға
Қызыл қанға таласып,
Ортаға алып жөнеді.
Сол қалаға жеткенше,
Басына қонған қарғаны
Қорғауына қол таппай,
Қаласына жеткенше,
Шыбын жаны зар тапты.
Әліби жатқан қалаға
Қарға қуып келеді
[Қыз] алатын Боздақты
Әлібидің алдына.
Боздақ келіп сөйледі:
—Жемей кеткін, Әлі[би],
Кереңді жесең болмай ма?
Тумай жатып Шораға
Қырық баламды қырдырып,
Құлақ-мұрнымды жұлдырып,
Тоғыз үйлі тамадан,
Алты жасар Шорадан,
Құлақ-мұрнымды жұлдырып,
Қырық баламды қырдырып,
Менің-ақ күйігімді жеп пе едің?!
Сол секілді баланы
Өлтіріп келмей, алжыған,
Алты жасқа келгенше,
Жайында жатар деп пе едің?!
Көрсетті Шора көрімді,
Ойнаған асық жерімді,
Әуелі кесті қолымды,
Сонан соң кесті тілімді.
«Екеуіңді келсін»,—деп,
Мені саған бұйырды.
Апарып малын бермесең,
Басыңа пішеді кебінді.
Бір қалтаға санап сал
Тоғыз үйлі тамадан
Қырық жыл жеген шығынды.
Таманың саудың биесін,
Марықтың арттың түйесін,
Сонша жеген малыңды
Өзіне қайтып бересің.
Сол секілді көрімнің
Апарып малын бермесең,
Құдайдан бұрын өлесің.
Қырық баламды қырғызып,
Қыз аламын деген деп,
Басыма жетті киесі.
Көргенім өтірік болмаса,
Тамадан жеген шығынның
Бүгін келеді Шора иесі.

Сонда ханның кеулі бұзылды,
Айтып болып ер Боздақ,
Тілге келмей үзілді.
Боздақ «батыр» өледі,
Әліби сонда кейіді.
Қырық жігітін шақырды,
«Атыңа мін»,—деп ақырды.
Ақырып Әліби сөйлейді:
—Марықтан туған Шораға өзім барайын,
Басын кесіп алайын,
Артынан туғанды
Ат саурынына салайын.
Тоғыз үйлі таманың
Бәрін бірдей шабайын.
Жаяу жүрген Шораның
Жеті енесін ұрайын,
Қыршынын қияйын!

Шашақты қара ту алып,
Қырық жігітін қолға алып,
Шора, Тұрғын балаға
Әліби шауып жөнейді.
Шауып келсе Әліби,
Шора әлі тұр екен,
Баяғы сүйек басында.
Киімі жоқ үстінде,
Қолынан басқа қару жоқ,
Ақ білегін сыбанып,
Ұрыспаққа оңданып,
Сөйтіп жүрген Шораны
Әліби көзі көреді.
Жаяу жүрген Шораны
Әліби көзі көрген соң,
Мазақ қылып күледі.
Әліби атты, ол жаяу,
Қырып шауып келеді.
Сонда Әліби Шораға келіп сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді:
—Мен бір жатқан айдары,
Құйрығымды неге басасың.
Асыранды ит тама,
Өз басыма секіріп,
Мұнша неге тасасың.
Алтын қақпа қаланың
Сықырлауық есігін
Сұраусыз неге ашасың?!
Қарындасың Тұрғынды
Әкеліп өз қолыңнан бер,—дейді.

Шора

Барлығы: 64 жыр

Тағы оқыңыз