Қисса Нәрікбай-Шора (4-бөлім)
Шора · Майкөт—Ә. Сариев нұсқасы · 3 мин оқу
Әлқисса, Нәрікбай Қазандағы елінен наразы болып, көшіп, Ақ Жайық деген өзенді жағалап, алты ай дегенде Қууа деген барып, қырық мың ауыл айрақты деген түрікпен қосылды. Аққала деген қаласы бар екен. Айдархан деген ханы бар екен. Айдархан хан өліп, жеті жасар Қарахан деген баласын атасының орнына хан қойған. Нәрікбай бұл жұртқа білдірмесем де, өздері біліп қалар деп, біреуден білдіргенше өзімді-өзім білдірейін дейді де, тоғыз жорға тарту алып, ханға барып, хан алдында сөйлеген сөзі.
Ертерек басып ентелеп,
Хан алдына келеді.
Ұзын жолды төтелеп,
Қысқа жолды келтелеп,
Тарту алып жетелеп,
Ханға келіп енеді.
Бір шаһардың бегі еді,
Тартуына патшаның
Тоғыз жорға жетелеп,
Мүсәпір болып кеп еді.
—Ассалаумағалейкум,
Алдияр тақсыр, Қарахан,
Атадан қалған бала хан.
Балалықты қылмағын,
Қажетіме жара, хан.
Алыстан сізді іздеген,
Бұқар деген—біз деген.
Мана көнек, биеміз,
Есебін тауып саусаңыз,
Мезгілімен иеміз.
Не қылсаң да, өзің біл,
Сіз болдың біздің иеміз.
Осы жатқан көк шөптің
Басын жесең мың күндік,
Түбін жесең бір күндік.
Алты ай жүріп арада,
Зорға жеттік біз мұңлық.
Арманда қатты көңіліміз,
Ағайын-жұрттан айрылып,
Үзілген асыл беліміз.
Айтулы дұшпан бізде жоқ,
Оншама суып көңіліміз.
Құдіретімен Құдайдың
Тұзың айдап келеміз.
Қолға түскен тұйғынбыз,
Бұйырған істі көрерміз.
Көрген жоқ атаң зорлықты,
Бір перзенттің жоғынан
Мүсәпір болып келеміз.
Жанға жаққан даурықсың,
Көлеңкеңе енеміз.
Жас та болсаң патшасың,
Не қылған адам демеңіз.
Келеріміз келген соң,
Бұйырған дәмді көрген соң,
Не айтамыз сізге біз?
Баршаның болдық атасы,
Бір көзбен қарап көріңіз.
Жатқан жерің Ақ Жайық,
Жағалай жатқан жел қайық.
Қазанда хан боп жүргенде,
Біз де болдық бидайық.
Пенделік басқа түскен соң,
Мойынсұнбай қалай тұрайық,
Әміріңді анық айт,
Жан-ділменен тыңдайық.
Әдейі іздеп келген соң,
Осылай болар туғандық.
Атаның ұғлы деген соң,
Сыртыңнан естіп қуандық.
Өзіңіз бөтен көрмесең,
Көңілді баста қылмайық.
Басыңа қонған бұлбұлмыз,
Шағыңда шыққан бір гүлміз.
Жазсақ сізге лайық,
Жел аударып келтірді,
Жерінде жатқан жек едік.
Тұз аударып келтірді,
Қазанда жатқан бек едік.
Жаманды-жақсы патша боп,
Біз де жұртты жеп едік.
Қырық қақпалы Қазанда,
Ноғайлы-тама ел едік.
Өзім деп келген ғаріпке
Сен қалай жүрсің демедік.
Біз де әділдік қылған боп,
Жүйесіз істі демедік.
Қайтарға көңіл бізде жоқ,
Мойын ұсынып кеп едік,
Алыстан танып атыңа.
Атаңның ұлы деген соң,
Патшасы өліп кетсе де,
Баласы оның бар екен.
Атаның бақытын күзетіп,
Жақсы туған жан екен.
Келемін деген ойда жоқ,
Айдаған бізді нан екен.
Қорғалауға келдік біз,
Жетсе, тақсыр, көлеңкең.
Қарахан сонда сөйлейді:
—Жақсы айтасың, Нәрікбай,
Пендеге тілек бермейді,
Мүсәпір болып тарықпай.
Тұзың ауып қалыпты.
Ажалдың оғы жеткенде,
Қорғаны болма[с] көбенің.
Түсі суық келеді,
Төрт қырлап соққан жебенің.
Әуелі сізге сән емес,
Жұртыңды тастап келгенің.
Келгеннен соң дұрыс емес,
Неге келдің дегенім.
Халықтан дәулет кетерде,
Қадірі болмас, жақсылар,
Ортадағы төбенің.
Жетімдігім болмаса,
Бізге де дәулет келгенің.
Қазынасы үлкен Құданың,
Не береді маған демегін.
Кәдіріңді білмеген
Ол жұртты да көрерміз.
Басында дарақ болмаса,
Көркі болмас өзеннің.
Таудың тасы болмаса,
Асуы болмас кезеңнің.
Шұқырынан су шықса,
Кәдірі болмас изеннің.
Өзіңнен шыққан жаманның,
Сөзі ашты болар көбеңнің.
Қайраты қатты болғанмен,
Ақылы жоқ кісі екен
Есім деген береннің,
Аман болсаң есітерсің,
Артыңыздан Қазанды
Жау шауып алды дегенін.
Пәндеге пәнде не берер,
Тәңірінің өзі тарқатар
Көңілдегі шеменің.
Тілеулес болып тұрармыз,
Неге келдім демегін.
Біз әзір жетім баламыз,
Құдай біздің панамыз.
Қалымыз келсе әр жерде,
Қанатпен қорғап қағамыз.
Сіз де, біз де мүсәпір,
Ниеттес болып тұрармыз.
Өзімізден зор шықса,
Келер ме біздің шамамыз?
«Жалаң» бізге есім бе,
Жақын боп қалды арамыз.
Атамыз сіздей хан еді,
Қасиетті жан еді.
«Қалың келсе ғаріпке,
Қайырыл» деген сөз бар еді,
Тапсақ ақыл салармыз.
Ата орнына ата бол,
Біз болдық сіздің балаңыз.
Кермісін деген жерім бар,
Қоғалы деген көлім бар,
Қайрақты түрікпен елім бар.
Ақ Жайықтың бойында
Бейлік деген белім бар.
Кермісіннің кең шалғын,
Керілей жылқы салыңыз,
Ақ Жайық пен Бейлікті
Мекен қылып алыңыз.
Биылша «ауғын», «босқын» деп,
Келген жұртқа намыңыз.
Арып-ашып жол тартып,
Арық сіздің малыңыз,
Биылша демді алыңыз.
Алық-салық закуннен,
Азат болып қалыңыз.
Биылдан соң келерсіз,
Зекетің болса берерсіз.
Әзірінше салықтан
Босанып елге барыңыз,
Өкпелеме, Нәреке.