Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қисса Нәрікбай-Шора (31-бөлім)

Шора · Майкөт—Ә. Сариев нұсқасы · 2 мин оқу

Езуін тартып Ер Шора,
Ерлігімен күлді енді.
Әлібидің жанының
Тәтті екенін білді енді.
—Өлтірмес едім мен сені,
Керек деп отыр басыңды,
Өшпенді кісің үйде енді.
Күшті кісі едің деп,
Кеудесіне мінді енді.
Сонда Әліби жылайды,
Көзінен төгіп қанды жас,
Қан төгілді аралас.
—Білдім, Шора, аямас,
Беделіңе қарамас.
Ұртта менің қанымды,
Жеті атаңа болсын ас.
Тық шешеңнің к…не,
Керек болса, міне, бас.

«Құр айтады»,—деп Шора жас,
Сақалынан алады.
Кеудесінен Әлінің,
Тізесімен басады.
Аспаһанды ақ семсер[ді]
Алқымынан салады.
Кесіп басын алады,
Өшпенді жауым осы деп,
Қылыштың қанын жалады.
Аттанып кетті Ер Шора,
Әліби жатып қалады.
Болад деп қандай заманым,
Қырық үйлі тама, Нәрікбай,
Қалған екен қамалып.
Күңіреніп бәрі шулады,
Көрген соң аман баланы.
«Мінекей жаудың басы»,—деп,
Атасының алдына
Алып кеп тарту салады.
Таңда махшар күн болса,
Құрармыз ен таразы.
Өзі теңді жігіттің
Сұлтаны—Шора, қоразы.
Егескен жауы өлген соң,
Келдесін алып келген соң,
Әлібидің өлгенін
Тірлікте көзі көрген соң,
Шораны берген Құдайға
Нәрекем болды разы.
«Бүгін алса Құдайға
Болмаспын»,—деп,—наразы.
Тамалар шулап жылады,
Әлібиді өлтіріп,
Шора батыр шықты деп,
Дүниенің төрт бұрышына
Әуезе болып барады.
Шабады деп қай күні,
Алған соң әуел бәйгені,
Түрікпеннің елінен
Қайрақтыда ес қалмады.

Ал Әлібиді өлтіріп, неше күн көрген бейнет, неше күн көрген қорлық сол күні есінен шығып кетті. Енді уақыты қош болып, қатері жам болып, Құдайға шүкір деп жата берді. Шора батыр Әлібиді өлтіргенмен, дұшпанды мұқатқанмен, тамалардың күндері бұрынғыдан жаман болды. «Бұрынғы күніміз күн екен, жаман күнге енді қалдық,—деп, қырық мың үйлі қайрақты, қырық мың үйлі айрақты, екі қырық мың бір жерде тұтас жатқан ел еді, біз қырық ауыл елдің мұны өлтіргенімізбен ақырында осы шоқпар біздің басымызға тимей кімге тиер,— деп, Әліби екі қырық мың елдің басшысы еді, үкіммен болып тұрған адам еді»,—деп қайғымен қамкөңіл болды. «Егер де Шора біздің сорымызға тумаса, бұл жерде тұрарымызға туса, Қазанға барар,—деп әңгіме кеңес қылар еді, егер бұл Қазанға барса, адамның сырттаны бұдан да күшті болар еді»,—деуші еді. «Ол Қазанда Есім деген ағасы, ноғайлы тама деген елі бар, жана үш жүз деген қазақ бар, соларменен әскер жиып келіп, намыс қылып, бұлар қайғы-қасірет ойласа, біздер сол туралы жанымызды сақтап тұрар едік,—деп, Қазанға барса ағасы мен әскер тартып келсе, біз Қазаннан келген ерлерді көріп көңіліміз раушан болар еді. Шора Қазанға бармай мұнда тұрса, қартайғанда әке-шешесіне бір мехнат салар»,—деп, қырық үйлі тамалардың адамдары кеңес етті. «Атасы-анасы түрікпеннің қолында қалып пенде болып көп жапалар көрер ме екен»,—деп, бұл сөзді Шораға айта алмай, сыртынан Нәрікбайдың мазасын алып, сөз қылар еді. Бір күні мазасын алып қоймаған соң, тамалардың адамдарын ертіп келіп, ұйықтап жатқан Шораға Нәрікбайдың сөйлеген сөзі еді:

Тағы оқыңыз