Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қисса Нәрікбай-Шора (20-бөлім)

Шора · Майкөт—Ә. Сариев нұсқасы · 2 мин оқу

Үш күннен соң той қылды,
Қыналап жылқы, қой қылды.
Есін жиып ер Нәрік,
Бұл балаға той қылды.
Бәйтеректің басына
Жамбы байлап аттырды,
Тіллә керней тарттырды.
Екі жақтап, үш жақтап,
Түрікпенге ат шапқызды.
Шақырушы жігітке
Қара жорға мінгізді,
Қара торқа кигізді,
Тіллә қоңырау таққызды.
Екі жақтап, үш жақтап,
Түрікпенге хабар айтқызды.
«Түрікпен мұнда келсін,—деп,
Тамашамды көрсін,—деп,
Ырым десе, бар шығар,
Шашбауы болса, берсін,—деп,
Тамаша сейіл етсін,—деп,
Кедейлерді малданып
Қажетіне жетсін,—деп,
Аш-арығы түрікпеннің
Бір тойынып алдымнан
Армансыз болып өтсін,—деп,
Әліби итке сәлем де
Керек болса, келсін,—деп,
Шұбар атты алып кетсін»,—деп.
Бір шақырды келмеді,
Шақырды екі келмеді.
Екі қырық мың ел еді,
Атты тұрмақ Нәрікбай,
Бір жаяуды көрмеді.
Тарығып көрген неме еді,
Құтты болсын айталық,
Тым болмаса демеді.
«Қазандағы көп ел,—деп,
Қайран тама деген»,—деп,
Нәрікбай сонда еңіреді.
Жылағанмен қайтеді,
Қазанның жолы алыс-ты.
Қыналап жиған көп малды
Азғана ауыл тамасы
Тілімдеп бөліп алысты.
Күрескен болып ойын сап,
Тыраңдап бәйге жарысты.
Той тарқады, кетеді,
Арада үш күн өтеді,
Жана Нәрік той қылды.
Өзім деп келген мейманға
Бие сойып, қондырды.
Ақ орданы ап келіп,
Бір бөлек сазға қондырды.
Үлкенді-кіші демеді,
Таманың бәрін жидырды.
Бойыменен бірдей қып
Жаңа туған баланың,
Бір қалтаны тіккізді.
Толтыра тіллә қойдырды,
Молда, малшы қалмады,
Жаманды-жақсы демеді.
Бірі шашау болмады,
«Баланың атын қойсын,—деп,
Осы тілләні алсын,—деп,
Қара табан болғанда,
Қайтадан қолқа салдық»,—деп,
Ерлі-байлы екеуі
Зар қылып жүр жүгіріп.
Тамалар мойын салады,
Баланың атын қоя алмай,
Отырды естен айырылып.
Біреуі айтты былай деп,
Осыны берген Құдай деп.
Айтқаны қабыл бола алмай,
Нәріктен алып абұйыр,
Тамалар сасып сандалды.
«Қазандағы ақ сүйек,
Данышпан туған елім,—деп,
Қапияда ақылмен,
Қулықты тапқан залым,—деп,
Кереметті, ақылды,
Әмме жанға мәлім,—деп,
Соларым болса бұл жерде,
Лайық атты таппас па ед?
Осы ынтызарым»,—деп,
Нәрекем жылап егілді.
Нәрікбай қапа болған соң,
Таманың күлі төгілді.
Өстіп жылап тұрғанда,
Ел қыдырған бір сайыл
Бағына кісі көрінді.
Қуанғаннан Нәріктің
Жарыла жаздады жүрегі,
Екі көзі жылауда,
Қойнында бала тұр еді.
Ашылған жанға көл еді,
Нәріктің өзі білмеді,
Қара сақал диуана
Қасында қарап тұр еді.
Таныды Нәрік піріңді,
Аяғын құшып жығылды,
«Өзіңіз берген балаң,—деп,
Ап келдім, тағдыр, саған»,—деп.

Баланы пірі алады,
Етегіне салады.
Азан айтып, тәкбір қып,
Үш мәртебе зікір салады.
Сөге берді диуана
Жылап тұрған таманы.
–Берекесіз, тамалар,
Ақылың неден қамалар.
Бір ғаріптің ырысына
Іштен туған бала бар.
Жылқыдан туған құлынды
Айғыр қойсаң болмай ма?
Сандала бермей айрылып,
Әзір қойсаң болмай ма?
Қуантып Нәрік өзіңді,
Қойдан туған қозыны
Қошқар қойсаң болмай ма?
Мың кісіге бір кісі
Шоқпар қойсаң болмай ма?
Ешкіден туған лақ-ты,
Неше жыл Нәрік жылапты,
Жылап көрген шырақ-ты.
Ашты Тәңірім ісіңнен
Бітіп қалған бұлақты.
Түйеден туған ботаны
Бура қойсаң болмай ма?
Қалжың-мылжың қылмастан,
Тура қойсаң болмай ма?
Ақылың сенің кетпесе,
Нәріктен туған баланы
Шора қойсаң болмай ма?

Тағы оқыңыз