Қисса Нәрікбай-Шора (16-бөлім)
Шора · Майкөт—Ә. Сариев нұсқасы · 2 мин оқу
Ақырында қор болдым,
Бір перзент үшін зар болдым
Өзімнен туған балам жоқ.
Бастайтын Құдай, Пайғамбар,
Қазанда алтын тағың бар,
Үш алашқа хан болған,
Далада қалды көмусіз,
Нәрікбай деген кемеңгер.
Ажал жетсе пендені
Жұтпай қоймас жебір жер.
Айналайын, Құдай-ай,
Балаңа разы болайын,
Нәрікбайдың жанын бер.
Жылқы ішінде сұр мұңлық,
Халық ішінде біз мұңлық.
Ешкімге көнбей ұрынып,
Перзентке талап біз қылдық.
Перзент үшін зар жылап,
Жеті жолда біз жүрдік.
Әулие перзент беред деп,
Шөл жазираның жолында,
Нәрікбай сынды падиша,
Көмусіз қалған не сұмдық.
Қазанда бар-ды көп дұшпан,
Шыққанда болдым мен пышпан,
Көрсетіп алсаң соларды,
Разымын, Жаратқан.
Қазанда бар-ды көп туған,
Сыртымнан мені сөз қылған.
Соларға мәрт қып далада,
Алғаның ба, меһірбан,
Мына жалған дүниеде
Мінасар болды сол маған.
Қор болып өтті Нәрікбай,
Опасы жоқ қу жалған.
Дәнеңе жоқ ойымда,
Қандай боп өтті бұ жалған.
Шаһарлы жерде өлмеді,
Ісләмға жақын бір табан.
Өзім қиял, өзім жас,
Жанымда жоқ бір жолдас.
Неге жолдан қайырмай
Желіктірдім мен қу бас?
Иман айтар адам жоқ,
Өлсе, көмер заман жоқ.
Опасы жоқ дүние,
Өстіп алар дүние боқ.
Өкпелейін несіне,
Ойын-күлкі көп көрдім
Ерте менен кешінде.
Өзімнен туып бір бала,
Тармаспай кетті төсіме.
Қазанда жатқан пірлер-ай,
Хабарымды алмадың,
Түспедім бе есіңе?
Ұсынсам қолым жетпеді,
Аққала деген қаладан.
Жеті жыл болып мүсәпір,
Нәрікбаймен екеуміз
Күн көріп жүрдік даладан.
Өлсем де үміт үзбедім,
Бере ме деп баладан.
Баласы құрысын басыма,
Кесір боп ойнап жасыма,
Бала іздеген Нәрікбай
Ажалы жетті даладан,
Бір уыс топырақ бұйырмай
Туысқан-туған тамадан.
Әуелі тудым анадан,
Жаралдым қауыз, қанадан.
Көзімнің жасын көрмеді,
Бір тарбиат бермеді.
Есіме алып сұрасам,
Анамыз мама Ауадан.
Үміткер едім қорғар деп,
Пірім—қожа Ажардан.
Зар илеп тұрмын бұ жолда,
Болмаса медет Сарадан.
Иә, Патима, Әзірет,
Үмбетіңнен хабар ал.
Қаңғырып қалдым даладан,
Ғауыс Қияс әулие,
Құтқара көр пәледен.
Шөлдерді кезген, қырық шілтен,
Қысылған жерде қолдай көр,
Айрылдым Нәрік бабадан.
Шөл иесі,—шөл Қызыр,
Көл иесі,—көл Қызыр,
Арыған мен аңсаған,
Сусаған мен шаңқаған
Жетіледі сізден деуші еді
Далада қалып шаршаған,
Оңдай көргін, пірлерім.
Шаруа тігер шайласын,
Кедейлер қылар пайдасын.
Назаркерден Күлқаныс
Тауысып тұрды айласын.
—Айналайын атыңнан,
Иә, қырық шілтен, қолдай көр,
Далада қалдым қайдасың?
Байлар қымыз құяды
Аузы қайқы зеренге.
Мергендер оқ салады
Сегіз қырлы перенге.
Бад табиғат, назар қыл,
Ақылынан адасып,
Мүсәпір болған немеңе,
Ел-жұртынан айрылған.
Жетер заман бар ма екен
Біздей сорлы мүсәпір
Қазанда жатқан көп елге?
Ғайып Ерен, қолдай көр,
Кетті ғой Нәрік тереңге.
Босанды болат темірім,
Қор болып өтті өмірім.
Үстіме түскен, ауыр жүк,
Бар ма екен, сірә, кемірің.
Нәрікбай өлсе бұл жерде,
Көметұғын адам жоқ,
Үстіне орап кебінін.
Көлде жүрген, ерлер-ай,
Шөлде жүрген, ерлер-ай,
Жолда қалған ғаріптен
Хабар алғыш пірлер-ай.