Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Ертедегі Шора батыр (8-бөлім)

Шора · Мұсабай жыршы нұсқасы · 3 мин оқу

Айтып болып Қазанға қарай жөнейді.

Тоғыз айлық Қазанға
Төрт мезгілде жеткіз,—деп,
Шұбардың басын қаратты,
Қамшыға бұтын таратты,
Байлады белге болатты,
Шұбар атын тебініп,
Қазанға қарап жол тартты.
Шұбар ат сонда шүйілді,
Сексен аршын бой жазып,
Жазылумен жөнейді.
Әр төбенің басында
Азар басын билейді.
Әр төбенің бір басып,
Ұшқан құспен жарысып,
Құстан да басып озады,
Арада төрт күн қонады.
Төртінші күн болғанда,
Көгеріп жатқан Жайықтың
Белінен соғып құлады,
Бұл күні сонда қонады.
Ертең таң атқан соң
Шұбарға тағы мінеді,
Жайықтан қарғып жөнеді.
Қазан деген қалаға
Талма түсте келеді.
Жетіп келсе Қазанға,
Түйдектеген шаң шықты.
Шаң астына қараса,
Келте қара ту шықты.
Ту астына қараса,
Тоғыз мыңдай қол шықты,
Қазылған арба жол шықты.
Қалмақтың жатыр қырық мың қол,
Қазылып жатыр арба жол.
Балдыр-балдыр сөйлеген,
Тілін адам білмеген,
Мәстектерін матаған,
Әкесінің тойына
Шошқа сойып атаған.
Сол Қазанның үстінде,
Қамап жатқан қалмақтың
Қаптаған жауды көреді.
Сандатты көзі көрген соң,
Сонда Шора келеді,
Көзі ештеңе көрмеді,
Не боларын білмеді,
Қалмақтың қалың көбіне,
Үрмелі мылтық оғына,
Зеңбіректің шоғына,
«Аллалап» жалғыз тиеді.
Ақ қара бас ту алып,
Өлімге басын байланып,
Қалмақ көп те, бұ жалғыз,
Атыспаққа ойланып.
Қалмаққа келсе ер Шора,
Келе жатса алдынан,
Алпысқа келген кәрі шал,
Қудай көзі қызарып,
Ақ сақалы желпілдеп,
Көзінің жасы мөлтілдеп,
Алдынан шығып келеді,
Шораның көзі көреді,
Қайырылып шауып келеді,
Шалға сәлем береді.

Сонда шал Шораға бүй деп сөйлейді:

—Келбетіңе көз салсам,
Садағың аузы шапшақтай,
Қылышың аузы қыпшақтай.
Алтыдан жасың өтпеген,
Жетіге жасың жетпеген,
Алты жасар баласың.
Қалмақ көп те, сен жалғыз,
Қайда кетіп барасың?
Қай таманың ұлысың,
Қай патшаның құлысың,
Танымаймын өзіңді,
Алыс көрдім еліңді.
Балам, саған жол болсын,
Білдір маған жөніңді?
Сонда Шора сөйлейді:
—Мен Марықтың ұлы Шорамын,
Мен Кеуістің ұлы тамамын.
Мен Шұбардың жалын өремін,
Қазанға кеткен таманың
Артынан іздеп келемін.
Ата, жолдан қалдырма,
Мен осы көп қалмаққа тиемін.

Сонда шал бетіне Шораның қарады,
Қарайды да таниды.
Сонда шалдың жайын сұрасаңыз,
Шораға танып жылайды.
Марықбайдың ағасы,
Ындысталы патшаның
Бізден соңғы бегі екен.
«Інімнен туған Шораны,
Қай уақытта келер»,—деп,
Алдын тосып тұр екен.
Мұның атын сұраса,
Есімбек деген бек екен,
Мұнан да перзент жоқ екен.

Сол уақытта Қазанға барған таманы көп қалмақ өзіне бағындырып алыпты. Қалмақтың бір Көзі қатты Құлманбет деген батыры таманың ханы Ындысталы патшаның Қарашаш деген сұлуын тартып аламын деп жүр екен, тоғыз мыңдай қолменен бір адамын далаға шығармай Қазанға қамап қойыпты.

Қамалып жатқан қалмаққа
Шора жалғыз жолықты.
Қарағай найза қолында,
Ақбалдақ қылыш белінде,
Көп кәуірдің соңында,
Айғайлап жауға тиеді.
Қолындағы найзаға
Сыйғанынша түйреді.
Найза толған қалмақты
Сілкіп тастап жөнеді.
Ту түбінен ат салады,
Туды бұзды қиратып,
Ту ұстаған қалмақты
Балықтай шаншып, тулатты.
Күн жетіге толады,
Жеті күн жалғыз қырғаны
Жеті мың кісі болады.
Тоғыз сан бұл кеуіштің,
Табан жерде ұлыды,
Жары нөкерін қырдырып,
Бір танауын жырдырып,
Күн жетіге толды деп,
Алты жасар Шораның
Жеті күнде қырғаны,
Жеті мың кісі өлді деп,
Құлманбеттей батырға
Біреуі қашып барады,
Барады да жылайды:
—Кел, қашалық, қаш аға,
Қашпайсың ба, жан аға?
Айдап келіп тап қылдың,
Шора деген тамаға.
Аман-есен бармаспыз
Өзіміз шыққан қалаға.
Сол уақытта
Көзі қатты Құлманбеттей батыры
Далаға шығып қарады.
Көп қалмақты қырып тауысып,
Келе жатқан Шораны
Сонда көзі көреді.
Алдынан шығып қарғайды,
Қарғағанда не дейді:
—Танаулатқыр, Шұбар ат,
Танаулатсаң болмай ма?
Төрт аяғы бүгілгір,
Үстіндегі жас бала,
Біздер атты, ол жаяу,
Еңбектеп, жаяу жүгіргір!
Көзі ештеме көрмегір,
Тілегіңді Құдай бермегір,
Алтыдан жасы өтпегір,
Жетіге жасы жетпегір!
Құлманбет атыменен сөй деп қарғады.

Шора

Барлығы: 64 жыр

Тағы оқыңыз