Қисса Нәрікбай-Шора (32-бөлім)
Шора · Майкөт—Ә. Сариев нұсқасы · 2 мин оқу
—Жаңбыр жаумай су болды,
Пұлы қымбат манатым.
Тасқа тиіп мұқалды
Балдағы алтын болатым.
Нәрікбай қылып басында,
Жақсы қылып, Құдай, жараттың.
Қырық қақпалы Қазаннан,
Алып келіп бұл жайға.
Қырық үйге мені қараттың,
Қырық үй алды мазамды.
Басыңды көтер, ер Шора,
Құйрығым мен қанатым.
Кім көтермес пендеге,
Құданың салған нәубетін.
Әлібиді алған соң,
Ойлап едім баяғы.
Келер деп кеткен дәулетім.
Қырық үйлі қоңсы қылды зар,
Басыңды көтер, Шоражан.
Айтатұғын сөзім бар,
Көтерші басты ұйқыдан,
Өлгенде көрген перзентім,
Қиямет болды бұл күнім,
Тұтасты дене, жұлыным.
Айтатұғын сөзім бар,
Басыңды көтер ұйқыдан,
Тілеп алған, құлыным.
Жаман да болса туғаным,
Сыртыңнан сөзін тыңдағын.
Өзім адам болдым деп,
Бұларды жерге ұрмағын.
Ұлық болсаң кішік бол,
Тәкаппарлық қылмағын.
Айтайын деген сөзімді,
Өлгенде көрген, шырағым,
Өз аузымнан есіткін,
Ағаңның айтқан жауабын.
Жаман да болса бұл сенің,
Өз жаманың, туғаның.
Жамансыз жақсы болмайды,
Ырысына шыққан жақсысы
Өз жаманын қорғайды.
Жаман біткен денеңді
Кесетұғын күн қайда?
Бірге туған таманы
Көрмейтұғын күн қайда?
Жаманның сөзін тыңдасаң,
Түбінде Құдай оңдайды.
Айтатұғын сөзім бар,
Шуылдап жаман қоймайды.
Алпыс атан, мұрындық
Қаяққа барса соған бар.
Жаманда қызыр бар деген,
Туысқанның тілін ал.
Жаманның айтқан сөзіне,
Шырағым, Шора, құлақ сал.
Кеткеніңді Қазанға
Бұл жұрт көрді мінесар.
Қайрақты мен тама боп
Жүрер жан саған қайда бар?
Өлмей тұрсаң көрерсің,
Азғана ауыл таманы
Қараңғы тұман бір басар.
Сыртыңнан дұшпан тыңдап жүр,
Тамалар естен адасар,
Аман күнде жұрт таппақ,
Есен ерге жарасар.
Алты айшылық осы жерден
Атаңның жұрты Қазан бар.
Билеп тұрған Қазанды
Есім деген ағаң бар.
Бұл жерде тұрма, жоқ болып,
Ертерек, жаным, соған бар.
Аттанып келер қайрақты,
Бір мыңын оның қырарсың,
Екі мыңын қырарсың,
Он мыңына келгенде,
Көпке не айла қыларсың.
Жан көрінбей көзіңе,
Жалғыздық түсер өзіңе.
Жалғызбын деп жыларсың,
Саныңды ұрып, арман қып.
Қиындық көрген кезіңде,
Саныңды бір күн ұрарсың.
Өзгенің несі кетеді,
Қартайғанда әкеңді
Біреуге пенде қыларсың.
Көмек берер адам жоқ,
Құдайдан басқа панаң жоқ.
Өзің жалғыз, көбің жоқ,
Көпке айтар сөзің жоқ.
Екі қырық мың қайрақты,
Тұтасып кетер қырық мың боп.
Әліби—жұрттың егесі,
Жоқтаусыз қалар деймісің.
Қартайғанда әкесін
Қайрақты олжа қылды деп,
Боларсың жұрттың кеңесі.
Тілімді алсаң Қазан бар,
Қазанда Есім ағаң бар.
Жаманды-жақсы болса да,
Туысқан еді ер Есім.
Жоқтамай қалар демесін,
Айтайын ақыл мен енді.
Қазанға бар сен енді,
Сен Қазанға кеткен соң,
Шыным, дұшпан келмейді.
Ноғайлы, тама намыс қып,
Есім ер мұнда келеді.
Қазан бар деген себебім,
Өзіңнен де жақсының
Сырты күшті деп едім.
Қазанға Шора кетті деп,
Сыртымнан дұшпан келмеді.
Сен Қазаннан келгенше,
Мұндағы қалған ел-жұртың
Бір тыныштық көреді.
Көптің оғын көмектеп,
Жоғалса табар, қоймайды.
Жалғыздың оғы жоғалса,
Жан ашыры табылмас.
Кейінді ойлап, шырағым,
Көпсіз жүйрік шабылмас.