Қисса Нәрікбай-Шора (13-бөлім)
Шора · Майкөт—Ә. Сариев нұсқасы · 2 мин оқу
Бәденің малға ұқсатпай,
Перідей қылып ойнаттым.
Сөйлеуге бірақ тілің жоқ,
Дүниені біліп-ойлаттым.
Затың таза мақпалдай,
Серпінің қатты қақпандай.
Дүниені бастан біліп ең,
Пірлерден назар тапқандай.
Бермеді саған біреуді
Үстіңе мініп шапқандай.
Затың таза құндыздай,
Таң шолпаны—жұлдыздай.
Мені Құдай зарлатты,
Саған бір ие туғызбай.
Сенің дауысыңды есітіп,
Жүрегім болды су-мұздай.
Танауың үлкен тұлпарым,
Түбі түскен шелектей.
Кекіліне қарасам,
Күлтеленген жібектей.
Жалың майда бапылдақ,
Сұлулар жайған желектей.
Анық тұлпар сен едің,
Төрт аяғың теректей.
Айшығыңа қарасам,
Ел жайлаған түбектей.
Жал-құйрығың күмістей,
Күлтеленген жібектей.
Кекіліңе қарасам,
Алтындаған байрақтай.
Анық балам болмасаң,
Артымнан іздеп келер ме ең,
Ізіме түсіп ойнақтай.
Айналайын, Құдай-ай,
Саған бітіп бір ие,
Маған бітіп бір бала,
Дос-дұшпанның ішінде
Мақтанар күн қай жақта.
Айналайын Байшұбар,
Сенен басқа кімім бар,
Қай менің туған ұлым бар.
Бір перзенттің зарынан,
Қартайғанда қылдым зар.
Бала қып бақтым мен сені,
Разы болшы, жануар.
Қайсысы келді артымнан,
Тоғайда жатқан дүние-мал.
Артымнан іздеп сен келдің,
Жасыңнан дәмді мен бердім.
Басыма түскен тұманды
Мал да болсаң сен көрдің.
Жанды, жансыз дүниеден
Тырнақтап жиған не көрдім.
Басыма заман туған соң,
Бәрін де тастап жөнелдім.
Саған берген сүтіме,
Ай, жануар, разымын.
Шығар жолдың аузында
Ата-анаңа кез келдің.
Күйгелек Нәрік күйініп,
Бұ дүниеден түңіліп,
Нәрікбай жаным зар жылап,
Қайтермін мынау бүгіліп,
Өтпекші болдым дүниеден
Өмірімше жүгіріп.
Нәсібің болса, келермін,
Ажал жетсе, өлермін,
Кетпегін менен түңіліп,
Қош, қош, Шұбар, не дермін.
Осыны қатын айтады,
Құлыннан жаман шыңғырып,
Шұбар ат жылап қайтады.
—Менен қалды дүние-мал,
Иесіз тұрған орда бар.
Шұбар, сені мінбекке
Әліби доңыз ынтызар.
Қайрақты келсе, қағып ал,
Түрікпен келсе, аңлып ал,
Жылқыны он мың бағып ал.
Айналайын, Байшұбар,
Сенен басқа кімім бар?
Иесіз тұрған ақ орда,
Көп дүниеге назар сал.
Адасып қалған қырық ауыл
Тамалар сорлы зар жылар.
Түрікпен келсе шабам деп,
Жауап айтар кімім бар?
Қайсы бірін айтайын,
Кермісіннің белінде,
Қой, түйе, жылқы қалды мал.
Перзентім едің, Шұбарым,
Со дүниеңді бағып ал.
Әліби келер алам деп,
Айдаһардай ұмтылып,
Арыстандай қамтынып,
Халың келсе, қағып ал.
Ала алмасаң кәпірді,
Бас қамын қылып Қазан бар.
Табылар маған мал мұндар,
Не қылайын, Құдай-ай,
Пара-пара болдым-ау,
Кең дүние маған болды тар.
Соны айтты да Күлқаныс,
Етпетінен жығылды.
Нәрікбай қандай патша еді,
Дәулеттен бүгін сүрінді.
Мал-жанына жаны ашып,
Қайғырар емес бұ күнде.
Артынан Шұбар келген соң,
Құсасын біраз сыр қылды.
Адамнан есті Шұбар ат,
Сөйлеріне тілі жоқ,
Көзінің жасы құйылды,
Баурынан біраз бүгілді,
Бүркіттей көзі шүңілді,
Біздей белі бүгілді,
Патшасынан айырылып,
Айдалада азынап,
Кісінер Шұбар күн-түнде,
Қанатынан қайрылып.
Тұяғы тасқа кетіліп,
Айуан деп кім айтар,
Неше күндей оттамай,
Аза тұтып Нәрікке,
Жылқыда жүрді зар жылап.