Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Ертедегі Шора батыр (4-бөлім)

Шора · Мұсабай жыршы нұсқасы · 4 мин оқу

Тоғыз бала бас қосып,
Алтын сақа, жез кеней,
Тоғызы қолға алады.
Келе жатқан Боздақтың
Алдынан шығып барады.
Сол уақытта хан Боздақ
Тоғыз бірдей баланы
Ортаға алып қамады,
Асығын тартып алады,
Тоғыз жанғаш тірілей келіп талады,
Қайта қашып барады.
Ауылға тоғыз бала келмейді,
Аңға кеткен Шораның
Артынан қуып жөнейді.
Келе жатса тоғызы,
Талма-тал түс болғанда,
Тоғыз бала іркілді.
Енді алдына қараса,
Қасқырдай аузы қан болып,
Ақ білегі сал болып,
Алпыс құлан арқалап,
Жалаң аяқ, жалаң бас,
Алдынан шыққан секілді,
Келе жатқан Шораны
Тоғыз бала көреді.
Алдынан шығып жылайды,
Жылағанда не дейді:
—Бір күні үйде жоғыңда,
Көрсетті Боздақ қорлықты,
Бізге қылды зорлықты.
Жалғыз Шора ер жетіп,
Қашан берсін Боздақ бізге теңдікті.

Сонда Шора желікті,
Желігіп Шора қағынды.
Тоғыз балаға Шора сөйлейді:
—Осы айтқаның шын болса,
Боздақты көрер күн болса,
Сендер елге бара тұр.
Қаладан келген Боздаққа
Жалғыз өзім барайын,
Қырық баласын қарайын.
Мен тіріде, тамалар,
Кісіден жеме уайым.
Іздегенім жау еді,
Жауды маған берер ме,
Жарлыға қатты Құдайым.
Құдай салса, көрейін,
Жаяу барып келейін,
Менменсіген Боздаққа
Қолымнан өлім берейін.

Ақ білегін сыбанып,
Асығып жаяу жөнейді.
Келе жатқан Шораны
Ауылдың бергі қасында
Боздақтың көзі көреді,
Келеке етіп күледі.
Сонда тұрып Боздақ сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді:
—Марықтың ұлы Шорасың,
Мысықтай шайқым саласың.
Иттен бетер шуылдап,
Мұнша тынышымды аласың.
Жалаң аяқ, жалаң бас,
Қайда кетіп барасың,
Кімнен кеміңді аласың?
Және Шора сөйлейді:
—Атың мініп ап, Боздақ,
Сен де шықтың серіге,
Мен де шықтым серіге.
Сендер қой да, мен қасқыр,
Қоралы қойға беттер ме
Мендей көкжал бөріге?
Сұраусыз келдің еліме,
Жалғызсынып тұрмысың
Бәлем, Боздақ, ойыңа.
Атаң жеген ауыр мал,
Алмаймын деп жүрмісің,
Расын[да] мойныңа.
Асық ойнай келемін,
Сендер көп те, мен жалғыз,
Ойнаған асық ойнына,
«Ұрысқа таман жүр,—дейді,
Шора әкең мен,—дейді,
Ойнайық асық кел»,—дейді.

Қырық баланы қуалап,
Татырға айдап жөнейді.
Менменсінген Боздақтың
Жағасынан алады,
Сақасын тартып алады.
Асық салар билігін
Тағы да өзі алады.
Сонда Шора сөйлейді:
—Атаңа нәлет, ит Боздақ,
Маған неге тиесің,
Ажалың жетті өлесің.
Алшы түссе менікі,
Тауа түссе менікі,
Шіге түссе менікі,
Бүге түссе менікі,
Жалғыз омпа сенікі,
Мұны қалай көресің?
Егер асық ұтылса,
Осы тұрған қырық бала,
Бала бас сайын сексен екі тепкіден
Және бас-басыңа
Қырық жұдырықтан
Ұпайымды бересің.
Менменсіген, ер Боздақ,
Қоңсы болған таманың
Ойынын қалай көресің,
Тыңда Шора кеңесін.

Шора солай толғады.
Сол уақытта қырық бала
Боздаққа келіп жылайды,
Қашалық деп шулайды.
Шулағанда не дейді:
—Кел, қашалық қалаға,
Қашпайсың ба, Боздақ сынды жан аға!
Алып келіп тап қылдың
Шора сынды бәлеге.
Аузы жаман демесең,
Бірен-саран бармасақ,
Алтын сарай қалаға.
Асығы құрсын жетелік,
Апарып Шораға
Асықты беріп кетелік.
Қалаға аман жетелік,
Бастың қамын етелік.
Бастың қамын етпесек,
Шорадан қашып кетпесек,
Алшы түссе, алады,
Тауа түссе де, алады,
Бүге түссе де, алады,
Шіге түссе де, алады,
Бәрін де өзі алады,
Жалғыз-ақ омпа бізге қалады.
Егер омпа тұрмаса,
Қырқымызды қырады,
Құдай бізді ұрады.
Бұл сияқты Шорадан
Қалай жаның қалады,
Қашсақ, қалай болады.
Сонда Боздақ қырық балаға
«Қашпайсың»,—деп ақырды,
«Қасыма кел»,—деп шақырды.
Ер Шораның қасына
Ойнаймын деп асықты
Тізелесіп отырды.
Сол уақытта ер Шора,
Асықты жиып алады,
Қатырып асық қағады.
Алшы түссе де, алады,
Тауа түссе де, алады,
Бүге түссе де, алады,
Шіге түссе де, алады,
Сол уақытта қырық үш ойыннан
Бір ойын таба алмай омпа тұрады.
Жазатайым бір омпа,
Тұрайын десе ер Шора
Қолымен қайтып жығады.
Аяқ жағын ер Шора
Зорлық етіп барады.
Үш ойыннан өткізбей,
Төрт ойынға жеткізбей,
Асықты ұтып алады.
Жан-жағына қарады,
Сексен құлаш жүн арқан[ды]
Көтеріп қолына алады.
Басы Боздақ ер келіп,
Қырық баланы қосақтап,
Жалғыз өзі тұрады.
Қыз алатын Боздақты
Қосақ басы қылады.
Ақ білегін сыбанып,
Алмаққа ұпай жинадық.
Қырық баланың қасына
Шора жетіп барады.
Сексен тепкі салады,
Қырық жұдырық алады.
Еріп келген қырық бала
Аяқ-аяқ қан құсып алады,
Алдына құлады.
Қырық баланың сүйегін
Бір төбенің басына
Жинастырып үйеді.
Қырықын қырып болғасын,
Қыз алатұғын Боздақтың
Өзіне кезек келеді.
Боздаққа келіп сөйлейді:
—Ұмытты болам деп пе едің?
Өзім тумай тұрғанда,
Тоғыз үйлі тамаға
Түрікпен отын жақтырып,
Қалың малын бақтырып,
Не жазығы бар еді,
Тоғыз қақпалы қаланың,
Үштің бірі шығынын,
Тоғыз үйлі тамаға
Жанынан төлетіп тарттырып.
Ай басы сайын тамаға
Алпыс теңге салғандай,
Мұндай шығын алғандай.
Ылди қандай, өр қандай,
Қорқақ қандай, ер қандай,
Өзің қандай, мен қандай?
Әкем менің қарт Марық
Қуанып той қылғанда,
Сенің әкең Әліби,
Ақтайшамен екеуін
Шақыртып тойға алғанда,
Енді екеуі бас қосып,
Атымды қоя барғанда,
Алма мойын қара атты
Қорқытып алып мінген соң,
Әкем киген ақ сауыт[ты]
Әліби алып киген соң,
Балдағы алтын шар болат
«Беліңе алып будың»,—деп,
Асты тақтай мамықтың,
Қандырып ұйқың тұрған соң,
Арызын айтқан шешеме,
Көтеріп қамшы ұрған соң,
Өз айтқанын қылған соң,
Мен секілді әкеңді
Алты жасқа келгенде
Құл қыламын дегенсің.
Қарындасым Тұрғынды,
Қаздың жүні қаттасым,
Үйректің жүні үндесім,
Емшектесім, сүттесім
Алты жасқа келгенде,
Күң қыламын деген соң,
Ажалыңа кіл, Боздақ,
Құдай айдап келгенсің.
«Ала мойын қара аттың
Ала қамшы, ақ тізгін
Ұстап мінген қолың,—деп,
Өзіңнің салған жолың,—деп,
Екі қолын Боздақтың
Қарынан кесті шұнтитып.

Шора

Барлығы: 64 жыр

Тағы оқыңыз