Қисса Нәрікбай-Шора (28-бөлім)
Шора · Майкөт—Ә. Сариев нұсқасы · 3 мин оқу
Аяймын деп қоңсыны,
Мың балам бекер қырылды.
Ақтасаңдар тұзымды,
Ұстап бер Шора зұлымды.
Есіркеме жетімді,
Тимесең жетім есірді.
Ешкім қарап көрген жоқ
Әлі менің бетіме.
Ескерусіз жүр десем,
Жетіп-ақ қалған секілді.
Алданып назар салмаңыз,
Алтын-күміс, зерім деп,
Тартулы қара нарым деп,
Қорыққаннан тарту қып,
Ап кепті асыл «барым» деп.
Нәрікбайдың сақалын
Түбінен кесіп алыңыз.
Күлқанысты шашынан
Ат көтіне тағыңыз.
Көз алдынан Нәріктің,
Бауыздап Шора құлынын,
Басын кесіп алыңыз.
Сенгені оның Қарахан,
Алдына айдап барыңыз.
Атқан оқтай сымпылдап,
Перідей бала бұрқылдап,
Жын ба, шайтан, пері ме,
Еш адамға көрінбей,
Келді жетіп зырылдап.
Көк шекпенді көрпе етті,
Көтергендей дәулетті.
Падышадай сәулетті,
Сүттен аппақ бала еді.
Ол уақытта реңі
Болат темір секілді,
Түрленеді көгеріп,
Бір түрлі емес келбеті.
Арқар алған бүркіттей,
Адамға шапқан үлектей.
Жолбарыстай шабынып,
Екі көзден от жанып,
Жүрегі жаман қабынып,
Әлібидің алдына
Көлденең келіп тұрады,
Салқыны таудай салынып.
Мұны көріп Әліби,
Жүрегі шығып қабынып,
Үрейі ұшып жанынан,
Хабар алшы, халайық,
Әлібидің халінен.
—Сен құбылсың, құбылсың,
Құбылып жүрген бір ұлсың.
Сәлемің жоқ, аман жоқ,
Өзің жаман бір ұлсың.
Балам, қайдан жүресің,
Айт жөніңді кім ұлсың?
—Танымайсың, а, Әліби,
Шыныңменен мені сен.
Өміріңде көрмеген
Танып тұрмын сені мен.
Біліп тұрып танымай,
Тәкаппар болдың көңіліңмен.
Іздегенің кім еді,
Мұнша неге құтырдың?
Соңыма мұнша түскендей,
Алып едім неңді мен?
Тарту тарттым жолыңа,
Үлкен тұтып сені мен.
Тартуымды қорлайсың,
Зор болды маған өлімнен.
Айт маған барар ісіңді,
Көрдім жаман түсіңді.
Жолықпай жүрген шығарсың,
Жауап берер кісіңе.
Жібермеймін сені мен,
Менменсінген тәкаппар.
Сынайын сенің күшіңді,
Қандай адам оң көрер,
Ақымақ сенің ісіңді.
Ықпалың асқан күнінде,
Алатауға, Әліби,
Теңемегін өзіңді.
Нең бар сенің болмаса,
Айтқызып, доңыз, сөзіңді.
Өзіңнен біреу зор шығып,
Оймасын, мұндар, көзіңді.
Тәубе қылсаң болмай ма,
Пайғамбардың жасына
Жақындаған кезіңде
Қай жаққа кетіп барасың,
Таусасың кімнің шарасын.
Іздеп шыққан еліңнен
Кедей қоңсы мен деді.
Танымаған боласың,
Нәрікбайдың Шорасын.
Танымасаң, таныма,
Одан нені табасың?!
Сонда Әліби сөйлейді:
—Шорамысың, сен,—деді,
Танымаған ағаңа
Кейігенің не?—деді,
«Інісі лайық аға жар
Ойнақтар» деген бір сөз бар,
Көрісетін, ей, шіркін,
Қолыңды бері бер,—деді,
Әуелі бастап айтайын
Өкпелеме, ер,—деді.
Әкең келді Қазаннан
Қырық үйлі тама ел,—деді.
Көріскелі әкеңе
Бардым іздеп мен,—деді.
Рас, әкең өзімнен,
Көп жапа көріп еңіреді.
Мал-жанын тастап бала деп,
Жоғары, төмен өрледі.
Сыртынан дұшпан болғанмен,
Ішімнен дос мен,—деді.
Сонша жерден келіп ед,
Ел ішіне еніп ед,
Бір перзент, бір Құдай деп,
Тілеусіз болып мен саған,
Сөйткенде көрген бала едің,
Өкпелей берме сен маған.
Әлі де болса бір сөзім,
Меһрім төккен бір кезім.
Дос-дұшпанға біліндім,
Бір атқа бола иттікті
Қылып жүр деп ел-жұртың,
Есітемін бір сөзін.
Астыңдағы Шұбарды,
Түсіп маған бер,—деді,
Несіне менен аяйсың,
Қартайып қалған мұндарды.
Ат керек болса мен саған,
Құйрықтан басқа жемеген,
Қызылбастан бала алып,
Сағымындай болып жөнеген,
Мінгіземін тұлпарды.
Қараханға тығылып,
Әкең көзге ілмеді,
Кім екенім білмеді.
Бір жетімге сеніп ап,
Шенімнен менің жүрмеді.
Жамандықты құрмалық,
Өтіп кеткен күндер-ді.
Әкемді үлкен деп айтсаң,
Шақырдым үйге жүр енді.
Керек болса, міне, ал,
Сені разы қылар малым бар,
Табылар бізден дүние енді.
Әйтпесе мені аға деп,
Сенсең Шұбар атың бер,
Жамандасып жүрмелі.