Қисса Нәрікбай-Шора (17-бөлім)
Шора · Майкөт—Ә. Сариев нұсқасы · 4 мин оқу
Хабар алсаңшы әлімнен,
Мен бейшара не қылдым.
Үйрек ұшып, қаз қонар,
Көзден аққан жасыма.
Қиямет сауда, қиын күн,
Түсіп тұр мұның басыма.
Айтушының бұ сөзі
Рас болса, естуші ем.
Аспанменен айланып,
Жетіп келді қырық аққу
Күлқаныстың қасына.
Аспаннан қырық қу келді де,
Зікір салып күңіренді.
Қу екен деп байқасам,
Қырық сәлделі пір келді.
Тілеуін Тәңірім бергенін
Күлқанысайым білді енді.
Көлсіз жерлер шөл,—дейді,
Елдегі сорлы сен,—дейді,
Ол Қазаннан шыққалы,
Бермен қарап зар жылап,
Бір тыныштық салмадың.
Құлағыма сен,—дейді,
Жеті жылдай қаңғырдың,
Бармаған қалмай жер,—дейді,
Сол безіректің бәрі де
Сенің үшін зар қылып,
Арызыңды тілеп еңіреді.
Сүймеген пенде сен, балам,
Саған перзент бер деуге,
Солардың халі келмеді.
Не боласың дүниеден,
Енді, балам, сен,—дейді,
Сенің [үшін] зар жылап,
Тілеп еді солар да,
Саған перзент бергелі
Келгенім жоқ мен,—деді,
Қиялдық қылып аңқылдап,
Зарлай берме сен,—деді,
Құлазыған қу дала
Қарсы Құзар атанар,
Түбінде осы жер,—деді,
Сол жазира қазір бұл.
Түбінде бұл болады,
Қырық миллион ел,—деді,
Қарсы Құзар қоямын,
Мұның атын мен,—деді.
Саған бір сөз айтайын,
Мұнда тұрмай жөнегін.
Сексен сегіз саруар,
Тоқсан тоғыз машайық,
Отан қып жатқан жер еді,
Қазіреттің Қара тау,
Кешікпестен бар енді.
Қара таудың бауырында,
Кім нашар болып жыласа,
Тезірек соған дем берген.
Кім жалғыз болып жыласа,
Сол кісіні ізде сен,
Айтайын сол сен үшін.
Тәңірге жылап көрмесе,
Сол кісі тілеп бермесе,
Неше адамның қажетін
Ашады деп естуші ем,
Есігіне барып еңіресе.
Ертерек соған жет,—деді,
Мұнда тұрмай көп,—деді,
Қажетің содан жетпесе,
Көңілің кірі кетпесе,
Не боласың дүниеден,
Тентіреп өліп кет,—деді.
Сонда қатын сөйледі:
—Өңім бе, әлде түсім бе,
Алла оңдаған ісім бе,
Құс ұшпаған далада,
Тілеуді Тәңірім бермеді.
Айналайын, Құдай-ай,
Қалмаспын енді далада.
Айналайын, пірлер-ау,
Бермесе қойсын, қайтейін.
Ынтық болып балаға
Нәрікбай жатыр өлмек боп,
Қайтейін тілеп ұлын-ау?
Берер күнде бермеді,
Иіскелетіп қолын-ау.
Мүйіз тілеп алам деп,
Құлағынан айрылған,
Тоқал ешкі мен болдым.
Бар көргенім бұл болды,
Шерменде кісі мен болдым,
Бала тілеп алам деп,
Бұл дәулетке кез болдым.
Тауықтай болып күлге аунап,
Табамын ба баланы?
Атым әйел емес пе,
Ақыл-есім қалмады.
Дұға қылғай Нәрікке,
Тірілер ме екен жолдасым?
Жаз да шығып барады.
«Кетіпті,—деп,—ақылың,
Сасыпсың,—деп,—жарқыным»,
Етегімен қырық қожа
Бір-бір сипап өтеді.
«Басыңды көтер, Нәрікбай»,
Деп, бір аттап кетеді.
Қарғып тұрды Нәрікбай,
Пірінің берген қуаты
Кәдімгідей адам қылады.
Ол уақытта расы-ай,
Нәрікбайды тірілткен
Күлқаныстың дұғасы.
Әйелге берген қырық шырақ,
Шын көңілмен жыласа-ай.
Ендігі сөздің қысқасы,
Айтушының ұстасы,
Көргенін қатын айтады
Нәрікбайға сыр қылып.
Құдайға айтты боз қасқа,
Бейшара боп бұл жүріп.
Пірі рұқсат қылған соң,
Несіне тұрсын бұл жерде,
Ізінше қайтты сарп ұрып.
Қуанған мен қорыққан бір,
Бір-біріне айтты сыр.
Бұған да шүкір қылдық деп,
Қаратау деген мекенді
Тынбастан жүріп келді іздеп.
Ойын, күлкі, ұйқы жоқ,
Қайғыланып, күңіреніп,
Көргенін сұрап, үйреніп,
Қазіреттің қара тауына
Келді екеуі ізденіп.
Қазіреттің Қара тау
Қалың шаттың аралы-ай.
Аса, Талас екі өзен,
Екеуін бірдей жағалай,
Сандалып жүр қос мұңлық.
Пірін іздеп таба алмай,
Ортеке болып орықты,
Орғып жүріп торықты,
Торыққан пенде қайтеді.
Бұлар да сондай болыпты,
Бір топ шеңгел басында,
Бір топ ағаш қасында.
Азын-аулақ қыс жатып,
Сол ақ шеңгелдің басында,
Бір бұлаққа кез болды.
Бұлақ емес қайнар көз,
Дөңгелегі үш жүз кез,
Аударылып ағады
Зеңбірек атқан оқтан тез.
Іші толған жыланы,
Айқасып жатқан ақ жылан,
Оймақтай оның құлағы,
Бір кереметті бұлағы,
Жыланменен аралас,
Сырықтан ұзын балығы.
Қасына барған адамға
Биттей жоқ оның шабуы.
Кереметті бір жер-ді,
Білінді мұның анығы.
Мұнан өтіп қатының,
Ешқайда жоқ баруы.
Қасиетті емей немене
Қалай пірді тануы.
Қабиділлалап шаш қойып,
Ақ шеңгелге бас қойып,
Етбетінен жығылды,
Кереметі білінді.
Жатып алды зар жылап,
Ақ шеңгелдің түбінде.
Қызыл сеңгір жер еді,
Сол сеңгірдің түбінде
«Қызыл көл» деген көл еді.
Нәрікбайды шақырды,
«Жарылқар пірің бұл жақта,
Нәрікбай, бермен кел»,—деді.
Қызыл таудың қасына
Барып қалған Нәрікбай,
Қатынға қайтып келмеді.
Арқыраған суы бар,
Жарқыраған туы бар,
Аспанға жеткен буы бар,
«Бір түп шеңгел олқысты,
Маған бала беред деп,
Ақымақ болып сен»,—деді.
Қатын бұған бармады,
Нәрікбай оған келмеді.
«Тәуекел қылдым мен,—деді,
Берсе Тәңірі көрдім,—деп,
Бермесе тағы мейлі,—деп,
Бір түп шеңгел олқысты.
Маған бала беред деп»,
Нәрікбай оған келмеді.