Қисса Нәрікбай-Шора (26-бөлім)
Шора · Майкөт—Ә. Сариев нұсқасы · 3 мин оқу
Бұл сөзді халық Қызыл таздан есітіп, ақылы сасып, зәресі ұшып: «Шораның атасы қу, анасы сұм, қу мен сұмнан жақсы бала туа ма?—деп Әліби ханға,—рұқсат беріңіз, барып Нәрікбайдың сақалын кесіп, Шораның ерінін тесіп, Кұлқаныстың шашынан байлап ат көтіне салып, құйрығына байлап алып келіп, сіздің арбаңызға қоймаса болмас екен,—деп, қырық үй таманы алып келіп, қырық дарбазаның аузына қондырып, дерегін білдірмей жіберсем болмас екен». Сонда жасынан дана туған Қарахан бала ойлады: «Тама бейшаралар өлмесін білген екен»,—деді. Әліби Қараханға айтты: «Тамалардың бірін қоймас едім, сіздің қадіріңізді сақтап, сізге қорғалап, паналап келген еді деп едім. Енді маған рұқсат бер,—деп, есіріп қалған екен, мұның бірін аман қоймаймын,—деп ашуы келіп, орнынан қарғып тұрып, тамаларды қырып, жойып, тамам қылайын»,—деп елірді. Деген соң Әлібидің түгі шығып, қырық жігіт ертіп алып, қаңтардағы қара бурадай күркіреп, жыны түскен бақсыдай зіркілдеп жөнеді. Енді бала Қарахан Әлібиге рұқсат бергеніне қапа болып: «Шора болса жас, Әліби болса қу еді, қабырғасы қатпаған жас баланы оқшы қылып қоймаса жарар еді»,—деп, Қаратиын бекеуілді жұмсады,—«оқшы болмаса, қапы қалмасын»,—деп. Қаратиын бекеуілі ешкімге көрінбей түн ішінде келіп, Нәрікбайды оятып, Қаратиын бекеуілдің айтқан сөзі:
—Келдім өзім көрінбей,
Әлібидің алдынан.
Мүсәпір болсаң сен болдың,
Анаңның туып қарнынан,
Көрмеген қорлық қалмады.
Басынып кеткен Әліби
Аттанды сені алғалы.
Шайтандай болып тағы да,
Дұшпандығын қамдады.
Айтқалы келдім бұл сөзді,
Жасырынып көрінбей.
Бармасаң, Нәрік, аулыңа,
Жетілді дейміз жеткіншек
Қанатыңды бүгінде.
Кімге Тәңірі береді,
Шын нәрседен түңілме,
Мың баласын өлтіріп,
Әлібиден кек алдың.
Өліп кетсең бүгінде,
Арманың жоқ түбінде.
Қолыңды қойып төбеңе,
Малыңнан бездің бір күнде.
Ал аттанды Әліби,
Қамыңды жегін, тамалар,
Жолықтың тағы сүргінге,
Айтқалы келген сөзім бұл.
Бардың ба, Нәрік, үйіңе,
Бала Шора қай жақта?
Батырым көзге көрінсін.
Қолыңнан келген іс болса,
Батырлар неге ерінсін.
Сен адам болсаң болады,
Жамандар жайды не қылсын.
Әлің келсе, ер Шора,
Қайрақтыдай дұшпанның
Қылыштан өткер көбісін,
Батыр Шора сен болсаң,
Анық туған ер болсаң,
Әлібиге талап қыл.
Дабысың елге білінсін,
Дұшпанның көңілі сөгілсін,
Достың көңілі семірсін.
Әлібиді өлтірсең,
Ерлігің көзге көрінсін.
Дұшпан болған теріс ауыз
Ит етіңе семірсін.
Дұғай сәлем деді хан,
Жандай достым Нәрікке,
Нәрікбай деген ғаріпке.
Нәріктің ұлы Шораға,
Шора деген балаға,
Шора менің теңлесім.
Аттанып кетті Әліби
Мені жіберді демесін,
Көңіліне келмесін.
Сонау кеткен қырқының,
Әлің келсе қоғамға,
Қолың келсе орамға,
Біреуі тірі келмесін.
Артында бар Қарахан,
Құнын сұрар демесін.
Жана Шора сырласым,
Жасы кіші болғанмен,
Заманы бірге құрдасым.
Өз әкесі біледі,
Әліби деген доңыздың
Қолымнан менің келмесін,
Ауып келген жеріңнен,
Не себептен еліңнен.
Ешкім хабар алмады,
Келгеннен соң өзіңнен.
Қараханды бала қып,
Шыныңды айттың көңліңнен.
Сен жылап жүрген күніңде
Сүйегіміз егілген.
Өз әкемдей сыйладым,
Әліби ұрды темірмен.
Кетті Әліби аттанып,
Тыныш болмас сенімен.
Әуелі сені алдайды,
Әріптің қылып сөзімен.
«Балалық қылып сөзіме,
Дос болад деп өзіне»,
Сеніп қалма көңіліңмен.
Дос болмасын онымен,
Жана бір сөз айтайын,
Әкеңдей ойла мәнісін.
Сен сенгендей Әліби
Әкеңменен ел емес.
Әлің келсе барлығын,
Жұмсайтұғын дер кезі[ң].
Салғаннан қырдың мың бала,
Күңіренттің, батыр, еліңді,
Бір қауым жанды жылатып.
Өзіңді-өзің парықта,
Өзің бала, өзің жас,
Әлібиді оңай көрме енді.
Нашарлық қылып толмасаң,
Ұрысар көңілің болмасаң,
Қайтар ма екен райдан,
Атыңды тартып алдасаң.
Басында жоқ бұ бүлік,
Мың баланың елі бар,
Жоқтайтұғын жөні бар.
Әкеңмен бір ат өш қылды,
Енді берер кезің бар.
Әлібиге ат тартып,
Шора қорықты демеймін,
Айтамын істің жөнімен.
Өзінен бұрын хабар ал,
Жас баласың бейхабар.
Азулы жау арыстан,
Аңлысып қалған сенімен.
Сен түгілі, ханынан қорықпайды,
Ел емес, көрсем, менімен.
Болғаным менің сөз айтып,
Қамданғын, Нәрік, еліңмен.
Бүгін боп тұр басыңа,
Азамат, ауыр малақат.
Өзіңдей біл біреуді,
Ол да өзіңдей жамағат.
Бүліндірген елімді,
Жалғыз, Шора, Шұбар ат.
Пірің сенің зор деуші еді,
Осы жол қылсын тәрбиет.
Сыртыңнан дұға қылармыз,
Қараханмен біз жекжат.
Бір тәңірге тапсырдым,
Нәріктің ұлы ер Шора,
Құдайың болса ақ пана.
Қамыңды же, тамалар,
Қалма деді арманда,
Деп айтып, қайтып жөнеді.