Қисса Нәрікбай-Шора (10-бөлім)
Шора · Майкөт—Ә. Сариев нұсқасы · 4 мин оқу
деп жылай берді. Күлқанысайым деген бәйбішесі бар еді, өзі есті адам еді, Нәрікбай қанша қапа болып жүрсе де, ол кісі Құдай Тағала өзі білер деп жүруші еді. Сабыр қылып, Нәрікбайға бәйбіше айтты, қайрат беріп тоқтау айтты: «Әлібидің қастығына, Нәрікбай, сен ермес пе едің, өзің патша болған адам ең, осындай жаудың ішінде жылай ма екен?»—деп сөйлегені:
—Қой, Нәреке, жылама,
Жыламай көңлің тына ма?
Жаратқан жаппар Құдайдан
Қысқа тілеу сұрама.
Жылағанмен қайтесің,
Әлібидің қорлығын
Сіз бенен бізге Құдайым
Сақтаған болса сыбаға.
Бір Құдайға жылайық,
Біз тәуекел қылайық.
Көрсеткені Құданың
Осы болса Нәрікбай,
Өлелік те тыналық.
Жақсылық пен жамандық,
Бір Құдайдан деуші еді.
Құдайдан түбін сұрайық,
Жаманды-жақсы хан едік,
Қасиетті жан едік.
Әлібиден сөз естіп,
Жау ішінде жылама.
Бүгін өліп кетсек те,
Сіз бенен бізге, Нәреке,
Болмас деймін лайық.
Еділ қайда, ел қайда,
Елге жетер күн қайда?
Жайық қайда, жай қайда,
Жайға жетер күн қайда?
Қос өгізін айдамай,
Белді бекем байламай,
Егіншіге нан қайда?
Базарға барып мал сатпай,
Саудагерге мал қайда?
Екі көзсіз соқырға
Даңғыраған жол қайда?
Киімі жоқ кедейге
Бұралған сары тон қайда?
Тіршілік—жанның зейнеті,
Дүниеде не пайда?
Иманың болса жанға дос,
Ақыретте тым пайда.
Табаны жерге тимесе,
Маңлайы күнге күймесе,
Елден елді қыдырып,
Шерменде болып жүрмесе,
Әркімнен сондай сөз естіп,
Кемшілік іс болмаса.
Нәрікбай мен Күлқаныс
Жұрттан шыққан безеуге,
Екі бірдей қубасқа
Алтын айдар, шоқ белбеу,
Тегін жатқан ұл қайда?—
деп екеуі қол ұстасып, ақ ордаға келіп, қырық үйлі таманың бәрін жиып алып, боз қасқа айтып сойып, бұ дүниеден бейперзент өтетұғын ұқсаймын деп, пәни дүниені тастап, тәрік дүние болып өтемін деп, екі қолын төбесіне қойып жылап тұрып айтқан сөзі:
Ай мүйізді ақ қошқар
Алып келіп шалады.
Ерлі-байлы екеуі
Мойнына бота салады.
Ерлі-байлы қос мұңлы,
Жылап еді зар қылып,
Таманың есі қалмады.
—Ай, тамалар, тамалар,
Үлкен-кіші, ағалар!
Тумасаң да өзімнен,
Туғандай болған балалар,
Сендерге айтар сөзім бұл,
Құлағың сал, жарандар,
Басында мен де мекермін,
Мекерлік қылып не етермін.
Құдай пендем демесе,
Диуана болып өтермін.
Енді маған разы бол,
Мен ортаңнан кетермін.
Өзі пендем демесе,
Өзі берген дүниеге
Өзі иесін бермесе,
Бекерге жылап не етемін.
Енді маған разы бол,
Мен ортаңнан кетемін.
Бұл дүниені тарқатып,
Тентіреп өлмек екенмін.
Ажалым жетсе, өлермін,
Нәсібім болса, келермін.
Қош-қош, тама, аман бол,
Енді саған не дермін.
Айдап келіп Қазаннан,
Обалыңа сендердің
Бекер-ақ қалған екенмін.
Қазаннан жалғыз жапанда
Сен іліндің қолыма,
Үмітпенен қырық үйің
Еріп едің соңымнан.
Айдап келіп сендерді,
Дұшпанға тастап барамын,
Обалың менің мойныма.
Жау айғырға жат нөкер,
Жазым болса, бас кетер.
Айдап келіп дұшпанға,
Сендерді тастап барамын.
Обалыңа қалдым-ау,
Қарақтарым, беп-бекер,
Мен кеткен соң сендерді,
Түрікпен келіп ап кетер.
Қызылбастың ұлындай,
Сатып алған құлындай,
Есігіне сап кетер.
Белбеуін салып мойнына,
Тәуекел қылып Тәңірге,
Қоштасып жұрттың бәріне.
Ер өлімі бір күн,—деп,
Бір тәуекел қылдым,—деп,
Нәрікбай түсіп жөнелді,
Мүсәпірлік жолына.
«Сен өлген жерде өлем,—деп,
Бір сіз деп баста кеп ем»,—деп,
Тамалар шулап жылайды.
«Қалмаймыз,—деп,—соңынан
Қайда барсаң ерем,—деп,
Сізбенен бірге көрем,—деп,
Елі-жұрттан айрылып
Бір сіз үшін кеп ем»,—деп,
Тамалар шулап жылайды.
Қаламын деп не қылып,
Қалмайын деп айрылып,
Шыға алмады Нәрекем,
Үйренген жұрттан айрылып.
Жана бір ақыл айтады,
Жылап тұрып, зар қылып:
—Ай, тамалар, құлақ сал,
Жана бір айтар сөзім бар.
Сендер жақсы көргенмен,
Қайғылы мені қылды зар.
Басында патша болғанмен,
Бағым тайып басымнан,
Кең дүние болды тар.
Қасиетім зор еді,
Қайрақты мені қылды қар.
Не сұрамас бәндесі,
Бермесе тәңірі, не лаж бар?
Қос өкпемнен оқ тиді,
Қолдан келер не айла бар?
Жүк көтерген қара нар,
Тұяғы тасқа кетілді
Бәйгеден келген ақ тұлпар.
Тұғырынан адасты
Әуелеп ұшқан ақ сұңқар.
Жаңбыр жаумай сел болды
Пұлы қымбат манатым,
Тасқа тиіп мұқалды
Балдағы алтын болатым.
Сендер едің тірлікте
Құйрығым мен қанатым.
Сендерге айтар сөзім бар,
Менен қалған санатың,
Бұл жерді мекен қылмаңдар,
Шұбасаң да кетіңдер,
Қазанға қарай жетіңдер.
Алты айшылық Қазан бар,
Ақ Жайық деген жолға сал.
Дүние-малдың бәрін де
Қазанға таман тез апар.
Бұл жерде тұрсаң өлерсің,
Өлмек тұрмақ кемшілік,
Мүсәпірлікке енерсің.
Қорлықпенен құл болып,
Мүшкіл істі көрерсің.
Осы малдың күшімен
Қазанға барып енерсің.
Қазанға барып енгенің,
Қайран жұртты көрерсің.
Елді аман көргенің,
Есімге есен көрісіп,
Қолын алған ерлерім,
«Жалғыз ағаң кетті,—деп,
Түбіне түрікпен жетті,—деп,
Жалғыз жеңгең тентіреп,
Қорлықпенен өтті,—деп,
Есімді тірі көргенің,
Мұңлы болған ағаңның,
Осы болды өмірі,
Нәріктің көргені»,—дегейсің.