Қисса Нәрікбай-Шора (14-бөлім)
Шора · Майкөт—Ә. Сариев нұсқасы · 3 мин оқу
Ендігі сөздің қысқасы,
Айтушы ердің ұстасы,
Мал—адамға бауыр ет,
Бұрынғының нұсқасы.
Желі туып оңынан,
Жұлдызы туып тобынан,
Қол ұстасып екеуі,
Тағы да зарлап жөнелді,
Баратұғын жолына.
Етегі өрім жыртылып,
Үстінен биті төгіліп,
Тасқа басқан табаны
Көбесінен сөгілді.
Қайратпен жүріп өктеді,
Көңілді жерге жеткелі,
Табаны жерге тимеген,
Маңдайы күнге күймеген,
Үстіне жаман кимеген,
Бар жазығы ғаріптің—
Бір перзент бер деп іздеген.
Опасы жоқ сұр дүние,
Кімнің көңлін шат қылып,
Сол секілді патшалар
Өстіп өтті дүниеден.
Бейнет емей немене,
Табанының жарасын
Ынтық болды жеткелі.
Көк күмбезді моланы
Көлденең тастап өтпеді,
Безіректің есігін
Сыпырып, қылды қызмет.
Қожа көрсе бүлініп,
Жүгіріп қылды көп қызмет.
Жалаң аяқ, жалаң бас,
Жалпылдаған баста шаш,
Етегі өрім өрініп,
Абыройына қарамас,
Әсте қолы тимейді,
Кір басқан үсті жалаңаш.
Табаны басқан көмірдей,
Түсі солған жуадай,
Іші қара сиядай.
Екі көзі жылауда,
Қара жер болды төсегі,
Жерге аунаған құландай.
Арыстың бойы алты адыр,
Алты айдай еңіреп келеді.
Жеті ғазиз Жайықта,
Жеті айдай еңіреп келеді.
Барайын деген жеріне
Бірін тастап кетпейді,
Біріне бармай өтпейді.
Сондай бейнет көрсе де,
Сөйтіп жылап жүрсе де,
Бірі жәрдем бермейді,
Ешбір сәуле көрмейді.
Құдайдан сұрап біреуі,
Бір бала тілеп, бермейді.
Бір перзент тілеп беруге
Бірінің халі келмейді.
Тарығып келген бейшара
Күліп қайтсын демейді.
Жер жүзінде жеті шар,
Жеті дария деген бар.
Мағырып пен машырық,
Бәрін қоймай қыдырды.
Перзент болып ынтызар,
Ойлай алмай келеді
Оған да барып түнейді.
Жөнін айтып бала деп,
Зарланып жүрген ісінің,
О да сайып қылмады.
Нәріктің көріп пішінін,
Кім білмекші еді зейінін.
Нәрікбай жылап айналып,
Демін алмай, дамылын,
Күлқаныс жылап тілеп жүр,
Ісінің ақыр сабырын.
Көріп болды Нәрікбай,
Қабағы қатып түнерді,
Асаудай үзіп шідерді,
Бармаған жері қалмады,
Бәрі де назар салмады,
Дүниеден үзді күдерді.
Екінші көңілі желікті,
Ерлерге дәулет серік-ті.
Жеті ықылым дүниені
Жылап жүріп көріпті.
Жоғары мен төменге,
Не таулар мен өзенді,
Безірек сақтап жатыр дегенге,
Бәріне назыр беріпті.
Бұ дүниені қыдырып,
Диуана болды жын ұрып.
Түркістан деген бір жайда,
Бір күндерде келіпті.
Қатқан екен қабағы,
Арпа, талқан тамағы.
Рақат жоқ, ұйқы жоқ,
Ойын, тамақ, күлкі жоқ,
Кеңкелес, жынды, көңілі жоқ,
Өзі қиял, өзі мас,
Жын ұрғандай мәжнүн боп.
Өзі жаяу, жалаңаш,
Өзі ғаріп, өзі аш,
Тентіреген екі бас.
Түнерген қатып қабағы,
Көңілінде жаны бар болса,
Бір бала мұның талабы.
Сөйтіп көрген қу бала,
Қайда сүйреп барады.
Тіршілікте кісіге,
Мәртебесі жалғанның—
«Баласы кісі» дегені.
Баласы кісі мәрт болмас,
Қалжың сөз бен керіске.
Ендігі сөздің баяны
Жолықты Нәрік көп іске.
Түркістан деген бір жайға,
Сиынып келді Құдайға,
Қасиеті көп еді,
Сексен сегіз саруар,
Тоқсан тоғыз машайық,
Отан қып жатқан жер еді.
Түркістанда түмен бап
Кісі мекен дер еді.
Отырарда отыз бап,
Ең үлкені Арыстан бап,
Бәрі де мұның шын еді.
Біреуін қоймай қыдырды,
Есігінде зар жылап,
Нәрікбай патша өзі енді.
Ерлі-байлы екеуі,
Өстіп жылап жүргенде,
Бірінен нышан көрмейді.
«Бұ дүниеден кеттік»,—деп,
«Наумыт болып өттік»,—деп,
«Мүсәпір болып келсек те,
Бірінен жәрдем көрмедік.
Біз күнәһар, не еттік,—деп,
Бұ дүниеден кетейін.
Еңбегімді бермесе,
Етпеттей беріп не етейін.
Пендесі мендей жоқ па екен,
Мәжнүн болып өтейін.
Ақ көңіл-ақ сорлы едім,
Не қылды бізге не ғалым.
Шолақ екен дүние,
Ақырет қамын етейін.
Болса да перзент бермейді,
Енді қайда кетейін.
Бір күндік қапты өмірім,
Ашылмады көңілім.
Есігіне қағбаның
Ауқат қып жүріп өтейін».
Ортеке болып орықты,
Орғып жүріп торықты.
Ендігі кеңес бұл болды,
Қажыға бармақ болыпты.
Шыңбұлақ деген бір жерге
Бір күні келіп қоныпты.
«Шыңбұлақ бастау» дер екен,
Шыңбұлақтың басында,
Таһрат алып отырып,
Нәріктің айтқан сөзі еді,
Нәріктің айтқан налыспен.
Жай болған осы шың мешіт
Құмдақ келген жер екен.
Шың бұлақтың бойынан,
Көңілі қалып көшті де,
Бадамға келіп түсті енді,
Бадамның бойы пісте еді.
Сырдариядан өтпекке,
Қожантты басып кетпекке,
Талап қылып жол жүрді,
Самарқанға жетпекке.
Самарқанда Шаһызанда,
Сапар қылып келдім мұнда,
Зор келтіріп екі қолға,
Ай, Құдай-ай, өзің оңда.