Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қисса Нәрікбай-Шора (22-бөлім)

Шора · Майкөт—Ә. Сариев нұсқасы · 2 мин оқу

—Ассалаумағалейкум,
Қыбылагөйім, иә, ата,
Бір талап енді мен келдім,
Қолыңды жайып бер бата.
Рұқсат алмай кетпейін,
Жолым болар бір қата.
Бұл не деген жеріңіз,
Жалтырап жатқан көліңіз.
Көл жағалай көрінді,
Қисабы жоқ еліңіз.
Соның бәрін көрмекке,
Кетті біздің көңліміз.
Тамаша қылып келейін,
Қол жайып бата беріңіз.

Сол уақытта Нәрікбай:
—Алтыннан соққан тұяғым,
Күмістен соққан қияғым,
Білесің бе, Шоражан,
«Қубас» деген қу сөзден
Сен туған соң құтылған
Мен сорлының құлағым.
Атқа мінер болған жоқ
Әлі сенің уағың.
Әкең отыр зарланып,
Шешең отыр зарланып,
Көре алмаған көп дұшпан
Сыртымнан жүр қамданып.
Өлмек болған кемпір-шал,
Сен кеткен соң не болам,
Тұрамын кімге алданып.
Омыртқаң сенің өскен жоқ,
Қабырғаң сенің қатқан жоқ.
Қазір жауап бермейін,
Асықпай тұр, шырағым.

Сонда Шора сөйлейді:
—Қой, атеке, тұрмаймын,
Сөзіңді қабыл қылмаймын.
Көңілімді қайрама,
Тоқтатпастан бер жауап,
Сақтағушы Құдайым.
Қапа болып Нәрікбай,
Қайтерін білмей еңірейді.
Әлібиден қорыққаннан,
Балаға жауап бермейді.
Тоқтайтұғын бала жоқ,
Қайраты тасып кернейді.
Өсітсем бала қояр деп,
Кейіген болып сөйлейді:
—Екі сөзге келместен
Қайтарасың сөзімді.
Аңдып жүрген дұшпан көп
Аламын деп өзіңді.
Мен рұқсат бермеймін,
Дұшпан ойса не етерсің,
Асыққанмен көзіңді.
Мен де сендей тасушы ем,
Қазан деген жерімде,
Жан көрінбей көзіме,
Жиырманың кезінде,
Ешкімді ілмей көңліме.
Көмек берер адам жоқ,
Құдайдан басқа панаң жоқ.
Күн үшін қоңсы боп жүріп,
Қайрақты[ны]ң ішінде
Қазанға барып хан болып,
Тұрмысың қазақ елінде.

Бүгін айдың нешесі,
Ай қараңғы кешесі.
Патшадан кем емес,
Ер Шораның мүшесі.
Нәрікбайдың даусын есітіп,
Жетіп келді Күлқаныс.
Қызыр көрген шеше еді,
Жетіп келсе бәйбіше,
Нәрікбай тұр зар жылап,
Жанында алтын кесесі.
Сол уақытта Нәрікке,
Бәйбішенің сөзі бұл:
—Ақылы кеткен, Нәрікбай,
Өкпе, бауыр, жалыңмен,
Күн көруші елің шалықты-ай.
Бір күн болмай ұмыт болып,
Сөз шығардың шалықтай.
Неге бата бермейсің,
Шырағыма тарытпай?
Тәңірі берген баласын,
Қызығын неге көрмейсің?
Балаң бата сұраса,
Тарығып неге еңірейсің?
Мен айтайын, тамалар,
Атқан оғын баланың,
Біреуің алып келмейсің.
Шырағыма бата бер,
Батаңды бер де, жата бер.
Бағатұғын балаңды
Сенен басқа адам бар
Қасиетті кемеңгер.

Не қыларын білмейді,
—Қатын, бала билеген
Болды маған күн,—деді.
Жаратқан жалғыз Құдай-а,
Дегеніңе бас ұрдым.
Сөзді сөзге ап келіп,
Күйгенімнен жасырдым.
Ұйқы мен тамақ жерінде,
Баратұғын жері жоқ,
Қуаныш қылар елі жоқ,
Далада шығар жері жоқ,
Ішім оттай жанады.
Ақылымнан адастым,
Еш дәрменім қалмады,
Мен білмеймін бұл жолды.
Еш нәрсенің жөні жоқ,
Бұ не деген күн болды.
Буындарым тітіреп,
Жүрегім тола мұз болды.
Басыма туса кер заман,
Сүйектерім күл болды.
Қараңғы тұман орнады,
Зұлмат кеш, түн болды.
Аңдыған дұшпан көп еді,
Енді бізге сын болды.
Құзарда қуат беріп ең,
Кеңіте көр қырық шілтен,
Қысылып тұрған жер болды.
Жолың болсын, бар балам,
Мен ештеңе білмеймін.
Аман барып, аман қайт,
Тілге аларсың ата-анаңды.

Тағы оқыңыз