Ертедегі Шора батыр (6-бөлім)
Шора · Мұсабай жыршы нұсқасы · 2 мин оқу
Сонда Шора кейиді,
Жұдырығын түйініп,
Бір Құдайға сиынып,
Кәріп жаннан түңіліп,
Зеңбіректің шоғына,
Бір дүмбел мылтық оғына
Жалаң аяқ, жалаң бас,
Қырып жаяу жөнеді.
Әліби атты, бұл жаяу,
Қарсыласа қалысты,
Екеуі келіп ұрысты.
Қарсылап найза салғанда,
Әлібидің найзасы,
Суырып алды Әліби
Беліндегі болат қылышты.
Жаяу тұрған Шораны
Тартып келіп салғанда,
Балдағынан сынысты,
Екі қару тауысты.
Тағы да көтеріп алды
Әліби алпыс пұт ауыр сойылды,
Салып келіп кеткенде,
Тұз сабаған келідей,
Желкесінен үгілді.
Бар қаруын тауысып,
Аттан түсіп алысты,
Жағаға қолды салысты.
Екеуінің үстіндегі сауыты
Жағасынан айырылысты.
О да «Құдай, бер» деді,
Сауытқа симай кернеді,
Түске шейін алысты.
Алты жасар Шораға
Сонда да әлі келмеді.
Әлі сонда меңдейді,
Шора жағадан тартып сүйрейді,
Балшықтан бетер илейді.
Алты жасар бала-ды,
Құдай артық қарады,
Қарағанның мәнісі—
Көтеріп қолға алады,
Сол уақытта Әліби
Ақырып барып құлады.
Әлібидей батырды
Сақалынан көтеріп,
Қорқыратып шалады,
Тоғыз топар салады.
Ақыл бұлағы сол болып,
Үстінен тұрып жөнеді.
Жан-жағына қарады,
Ат ұстаған қырық жігіт
Қалаға қашып барады.
Әліби мінген қара атты
Астына мініп алады.
Қырық жігіттің соңынан
Шора қуып жөнейді.
Он екі құлаш найзаны
Жеткен жерден сермейді.
Он екі құлаш найзаға
Баршасын шаншып түйрейді.
Найза толған сүйекті
Қашпайтынын біледі,
Сілкіп тастап жөнейді.
Басы Әліби ол қылып,
Кейінгіге жол қылып,
Сексен бір кісі сүйегін
Жинастырып үйеді.
Қырық атты айдап, жайдақтап,
Қанға тоймай жалақтап,
Тоғыз үйлі тамаға
Кешке қайтып келеді.
Олжадан түскен қырық атты
Тоғыз [үйлі] тамаға,
Үлестіріп береді,
Бәрін бірдей көреді.
Тоғыз үйлі таманың
Қырық жыл кеткен шығынын
Қайратымен төледі.
Ер Шораның уақытында
Тама да теңдік көреді,
Азын көпке теңеді.
Сүйте-сүйте сол Шора
Алты жасқа келеді.
Атты жасын атқа алды,
Тартар жасын тайға алды.
Ақтайша жатқан қалаға
Ат қо[юға] ойланды.
Жүрейін деп тұрғанда,
Алаша сары биеден
Шора туған күні
Бір шұбар құлын туыпты.
Марықбай соны көріпті,
«Шораға ат болсын,—деп,
Өсіріп өзі мінсін,—деп,
Жауға барып тисін»,—деп,
Алты жасқа келгенше,
Асырап Марық бағыпты.
Сол уақытта ер Шора
[Шұбар] атты ерлейді.
Атын ерлеп болған соң,
Қайтарып атты байлайды.
Ақтайша мұны есітті,
Енді екеуі өшікті.
Шұбар атқа мінгесін,
Бізді қоймас десіпті.
Көп нөкерімен кеңесіп,
«Ел болалық»,—десіпті.
Сол уақытта Ақтайша,
Тоғыз мыңдай қол жиды,
Тоғыз мың қолдың алдында,
Марықбайдың аулына
Қырық жігітін жіберді.
Сонда Ақтайша сөйлейді:
—Марықбайға сәлем де,
Жау болғанын қойсын,—деп,
Мұнда көшіп келсін,—деп,
Күймелі арба астында,
Саялап күнін көрсін,—деп.
Меніменен ел болса,
Басы Әліби, сексен бір кісі құны үшін,
Енші қылған Шұбар ат,
Соны алып келіп берсін,—деп,
Не қылса да өзі білсін,—деп.
Шұбар атын бермесе,
Тоғыз мыңдай қолменен
Ауылында мені көрсін,—деп.