Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қисса Нәрікбай-Шора (25-бөлім)

Шора · Майкөт—Ә. Сариев нұсқасы · 3 мин оқу

Ыза болып ер Шора,
Баланы басқа бір салды.
Бір салғаннан не қалсын,
Сеспестен жатып қалады.
Мың баланы мың салды,
Жүз баланы жүз салды.
Қойға тиген бөрідей,
Шетінен қырып өлтіріп,
Тоғайға түскен шоқтай боп,
Көп қамысқа өрт жүріп,
Мың балаға бермей аман,
Мыңына түсті ақыр заман.
Лашындай ұмтылып,
Бидайықтай сыпырып,
Қырғанына қызығып,
Қырды Шора отырып.
Бағанағы қырық бала,
Шықты-ай былай құтырып.
Атой беріп ұста деп,
Артына бала қарады,
Ер Шораны көреді,
Арқа сүйеп келеді.
Етегіне балалар
Асықты тере береді.
Олжаға батып қалады,
Өшіккені соншама,
Өліп жатқан балаға
Шеке тамыр салады.
Сол баланың ішінде,
Жасар жасын жасаған,
Жақ сүйегі босаған,
Қызыл таз деген бар еді.
Соны көре қашыпты,
Тез кетсем деп сасыпты,
Құмарпаздығы соншама,
Құнан қара өгізге,
Теңлеп шыққан ойынға
Екі шанашы асық-ты.
Бір шанашын арқалап,
Сай қуалап жөнеді.
«Шора мені көрер,—деп,
Көрсе жазам берер»,—деп,
Әлібидің ақ сарай
Шарбағына енеді.
Алма теріп отырған
Әлібидің қызы еді.
Ақсұлуды көреді,
Ашумен келген Қызыл таз[дың]
Ақсұлуға айтқан сөзі еді:
—Бір өлмек екен бір туып,
Ақ ісінде жоқ еді.
Жасы ер жетіп Шораның,
Мың баланы қуыпты.
Жақсылық деген жуық-ты,
Сүйінші берсең, Ақсұлу,
Шора байың туыпты.
Нәрікбайдың жалғызы
Салды үйірге бүлікті.
Бақан менен сырық-ты,
Жылқышы келер құрықты,
Кегін алып әкеңнен,
Мың баланы қырыпты,
Мені мұндай қуыпты.
Қуып тықты алдыңа
Мен сияқты саяқты.
Асықпасаң, Ақсұлу,
К…ңе тығар таяқты.
Шорадан көрдім қорлықты,
Әліби әкең қаяқта.
Ақсұлудың сөзі бұл:
—Құдай атсын, Қызыл таз,
Келме менің қасыма.
Иісің жаман күлімсі,
Көлге барып жуыншы.
Мұнда неге қысылдың,
Не кеп туды басыңа.
Менің әкем Әліби,
Қараханның қасында,
Алтын тағы астында.
Жазасын берер Шораның,
Қызыл таз, сорлы шошыма.

Аптыққан таз жөнеді,
Адырайып келеді,
Хан қасында отырған
Әліби мұны көреді.
Әлібидің сол уақытта,
Тазға айтқан сөзі еді:
—Адырайған Қызыл таз,
Желке шашың ұзын таз.
Артыңнан біреу қуғандай,
Басыңа заман туғандай,
Неғып жүрсің аптығып,
Өз-өзіңнен бүгін таз.
Сол уақытта бұларға
Қызыл таздың сөзі еді:
—Ей, Әліби, Әліби,
Көретұғын көз отыр,
Сөйлейтұғын сөз отыр.
Әр сөз айтсам тыңлаушы,
Падишаның өзі отыр.
Азға теңдік жоқ деуші ең,
Көпке теңдік көп деуші ең,
Мың баланы қырдырып,
Жорға тазың кеп отыр,
Аз теңдігін ап кетті.
Ей, Қарахан, Қарахан,
Ата туған бала хан,
Тыңда менің арызымды,
Көтер менің назымды.
Мың баланы қырдырып,
Келтірді Шора тазыңды,
Қуып келді алдыңа,
Қаңғырлатып қазыңды.
Нәрікбайдың Шорасы
Арыстан болып туыпты.
Мың баланы өлтіріп,
Мен сияқты тазыңды
Қорғалатып алдыңа,
Қуып келіп тығыпты.
Балпаң-балпаң бал ішіп,
Балпаңдаған мырзаңды
Байлағандай көрінді.
Аяқ-аяқ бал ішіп,
Алшаңдаған мырзаңды
Айдағандай көрінді.
Қорыққаныма болмаса,
Шора менің көзіме
Әлдеқандай көрінді.
Осы отырған кәпірге,
Әлібидей қоңызды
Шайнағандай көрінді.
Айдарлыңды құл етер,
Бүгініңді жоқ етер.
Көргенім шайтан болмаса,
Қырық үй қоңсы тамаңды
Қырық қақпалы қалаңа
Алып келіп, бек етер.
Ора төбе кімдікі?
Қарарлы болса хандікі.
Ішіне тұмар қалатқан,
Сыртына болат жалатқан,
Қаласын биік жаздырған,
Орын терең қаздырған,
Түн болса мыршар күзеткен,
Көшесін күнде түзеткен,
Түрікпен соққан Аққала
Шоранікі емей кімдікі?
Нәрікбайдың Шорасын
Алдап-сулап қасыңа ал,
Қасыңа ал да басын ал,
Алдап басын алмасаң,
Жиып алар малыңды.
Бір пұлдай көрмес арыңды,
Басыңнан алар бағыңды,
Ертерек қылғын қамыңды.
Ерте қамды қылмасаң,
Арыстан алар тағыңды.
Алтын тақтың үстінен
Ағызар бір күн қаныңды.

Тағы оқыңыз