Қисса Нәрікбай-Шора (21-бөлім)
Шора · Майкөт—Ә. Сариев нұсқасы · 3 мин оқу
Осылай жауап береді,
Ғайып боп дереу жөнеді.
Айырылып бірден қалады,
Тастап кетті баланы.
Жерде қалған баланы
Жүгіріп барып Нәрікбай
Қойнына алып салады.
Шырылдап жатқан баланы
Пірі назар қылған соң,
Аты Шора болады.
Таманың өзі білмейді,
«Шора туды» дегенді
Дүниенің төрт бұрышына
Періштелер жайып барады.
Бесігінен баланың
Түнде шырақ жанады.
Періште кісі ұлық боп,
Рахметі жағады.
Не қылмақшы еді жас бала,
Есіткен соң түрікпеннің
Зәресі ұшып қалмады.
Күннен-күнге күн жасап,
Ер жетеді Ер Шора.
Әруағы дұшпанды,
Дендетеді Ер Шора,
Маңайынан алыстап,
Ел кетеді Ер Шора.
Қасиетін әркімге,
Тумай жатып бейшара,
Көрсетеді Ер Шора.
Келді Шора бір жасқа,
Бір жаста көңілі бір басқа.
Қайраты қатты болғандай,
Ұрынады көк тасқа.
Келді Шора екіге,
Екіде жетіп сертіне.
Адам қайран болғандай,
Аузынан шыққан кебіне.
Адам қарап болмайды
Сұрқияның бетіне.
Келді Шора үшіне,
Үшінде кірді күшіне.
Адам қарап болмайды
Антұрғанның түсіне.
Келді Шора төртіне,
Төртінде жетті сертіне.
Адам қайран болғандай,
Жүрегінің өртіне.
Келді Шора бесіне,
Бесінде кірді есіне.
Көрінбесе қайраты,
Құр мақталық несіне.
Қазандай қара тастарды,
Сақа қылып ойнайды,
Көтеріп алып төсіне.
Келді Шора алтыға,
Алтыда бала хат танып,
Адамның тартты салтына.
Келді Шора жетіге,
Жетісінде Ер Шора
Жүреді өзі еркіне.
Адам қарап тұрғандай,
Ер Шораның көркіне.
Келді Шора сегізге,
Батырлық істеп негізге.
Сырттан біреу келсе егер,
«Бұл кімнің ұлы» дегізді.
Келді тоғыз, он жасқа,
Он жаста көңілі бір басқа.
Қылыш ұрып ойнайды
Көлденең жатқан көк тасқа.
Нақ түйенің желіндей,
Қасты болып ортадан,
Айырып тастар бір басқа.
Тап он бірге жеткенде,
Қызмет қылды жүгіріп,
Дүниенің жетті парқына.
Тілеп алсаң Тәңірден,
Әке-шеше қартына
Ойдағыдай сый қылып,
Жағымды болды халқына.
Қылған ісі бәрі ұқсар
Батырлықтың салтына.
Ал енді Шора туған соң Нәрікбай белеңдінің түбінде қатері жам болып жата береді. Періште әуезін көтеріп, Шораны дүниенің төрт бұрышына жайды. Он бірге анық жеткен соң, ата-анасына қызмет қылып, әдеп үйреніп, адам, жаужарақ, садақтарын өз-өзінен түзете бастайды. Жүзге келген кісіден саясат артық біледі. Мәртебесі жоғары болды. Тамалардан түрікпенге ауысып кеткен мал болса, іздеп алуға жарады.Түрікпеннің тамаларға ауысып келген малы болса, артынан іздеп келе алмайды. Шора сондай ардақты болды. Әммені бәлекеттей тітіретті енді. Сондай қылып бағушы еді. Ерлі-байлы екеуі Шораны асты-асты қасынан ұзатпады. Жана һәм үйінен шығармады, солай қылып бағушы еді.
Нәрікбайдың ойы: «Балам кемел ер жетіп, балағатқа жетер ме екен,—деп,—өлгенде көрген перзентім еді, тірі қып дұшпаннан кегімді алып берер ме екен»,—деп, жана тамаларға айтты: «Менің балама қошемет қылып, үйдің алдындағы төбеге шығармаңыз, не үшін десеңіз, бала тысқа шықса, әр тарапқа қарар, дүниені көріп, көңілі алағызып, жынды кісідей болып, жасы жетпеген уағында бек әуре қылады»,—деді. Содан күндерде бір күн, белеңнің төбесіне бала ойнап жүріп шықты. Төңірекке қарап көрді; Аққала деген қаланы, жалпақ жатқан даланы, Кермісін деген жерді көрді. Түрікпен деген жерге, түрікпен деген елге баланың көңілі желікті. «О, дариға, мұндай ел бар екен,—деп,—атам мұндай елді маған көрсетпеді, не үшін үйден шығармай көрбала қып сақтады екен,—деп баланың көңілі желігіп,— мұның барлығын аралап, көрмесем болмас екен»,—деп ойлайды. «Адамның ата-анасы мегзеген іс еді, үйге барып ата-анамнан рұқсат алайын, сонан соң шығайын»,—деп үйге келді. Ата-анасынан баланың рұқсат сұрап айтқаны: