Қисса Нәрікбай-Шора (23-бөлім)
Шора · Майкөт—Ә. Сариев нұсқасы · 3 мин оқу
Атасы бата береді,
Атасынан бата алып,
Анасына еріп жөнеді.
Қасиетті ордаға
Ертіп келді шешесі.
Үйде тұрған қамқапты,
Алтыннан соққан айдарды,
Тілләдән кілт салады.
Алтын зерін, кемерін,
Беліне әкеп салады,
Етке салса, аңқ еткен,
Сілтесе нарға, бүлк еткен,
Оқ жыланның тіліндей,
Шапса, кетер білінбей,
Аспақан соққан ақ балдақ[ты]
Беліне байлап алады.
Меруерт телпек кигізіп,
Алтынды жүген, ақ сулық[ты]
Оң қарына ілгізіп,
Шешесі ертіп қасына,
Баланы алып шығады,
Ақ зеңгірдің басына.
—Құлыным, Шора, шырағым,
Атаңның айтқан жауабын,
Есітті ғой құлағың.
Екі бірдей қос мұңлық,
Келгенінше сағынып,
Жолына қарап тұрамын.
Мына жатқан Кермісін,
Өзімнің жерім демейсің.
Жау айғырға жат байтал,
Көресің алақ белгісін.
Мынау тұрған Аққала,
Екі қырық мың қайрақты,
Солардың басы Әліби
Бізді қанша зарлатты.
Мына бір көл—Қоғалы,
Ат шаптырмас томары.
Ата жұртың бұл емес,
Қазаның жатыр жоғары.
Қоғалының бойында
Он мың жылқың қойнында,
Ол жылқының ішінде,
Танырсың барсаң түсінен,
Қасына барма үркеді,
Түсі суық кісіден,
Күміс құйрық Шұбар ат,
Мінсе деп саған ынтығар.
Жеткізсе Тәңірім сәлемет,
Шұбарыңды мінгейсің.
Досың менен дұшпанды
Осылайша білгейсің.
Мен садақа атыңнан,
Ұмытпа балам жадыңнан.
Заты шарып затыңнан,
Бабай Түкті Шашты Әзіз,
Қысылсаң қолдар бабаң бар,
Есіңе алып жүргейсің.
Насихатым бұл енді,
Қайда барсаң онда бар,
Білгеніңді қыл енді.
Анасы бата береді,
Анасынан бата алып,
Батыр Шора жөнеді.
Балалықпен жүгіріп,
Еш адам жоқ қасында,
Толмаған нәзік жасында,
Сүрініп шықты ентелеп
Бір төбенің басына.
Бет алдына қараса,
Ойнап жатыр мың бала,
Жер дүниені шаңдатып,
Жонды обаның астында.
Ойнап жатыр қырық бала,
Бұяғына қараса,
Ер Шораның қасында
Тақиядай тақырда.
Әлқисса, Шора батыр ойлайды: «Мың бала қалай, қырық бала қалай?»—деп. Ойлайды да: «Мына түрікпеннің баласы, мына таманың балалары ғой, бұл бала не себепті анау көп балаға қосылып ойнамайды,—деп тағы ойлап,—мыналар көп болғандықтан, қорқып қалған шығар»,—дейді де, олардың көп балаға қосылмағанына ашуланып, ыза болып, әуелі бұлардың жазасын берейін деп өзінің қырық баласына қарап жөнеді.
Ыза боп Шора келеді,
«Мың балаға бармайды,
Асығын неге алмайды,
Сұрайыншы»,—деп енді.
Жасы кіші болғанмен,
Періштесі артық неме еді.
Ер Шораны көрген соң,
Қырық бала сәлем береді.
«Қаласаң, жаным, мә асық»,—деп,
Асығын ап кеп төгеді.
Асығын бала алмайды,
Ойынға назар салмайды.
Қырық баланы сөгеді:
—Қауыстың ұлы тамасың,
Қазаннан келген баласың,
Туғаннан-ақ ел-жұрттан
Тағы болып қалғансың.
Алдыңда ойнар мың бала,
Оған неге бармайсың?
Асығыңды алып кеп,
Мені неге алдайсың.
Балалар шулап жылайды:
—Жас та болсаң, ей, Шора,
Ойласаң ақыл табасың.
Аңдыған дұшпан көп еді,
Жалғыз қайда барасың.
Құдайым қор қып жаратқан
Қазанның қырық үй тамасын.
Нәрікбай мен Күлқаныс
Тірі болып отыр ма?
Соны тастап зарлатып,
Даладан нені табасың?
Біз қырық үйлі тамамыз,
Қорлықпен от боп жанамыз.
Мың балаға барамыз,
Ойнамаққа көңіл қып,
Барсақ асыр саламыз.
«Бір асығың олай,—деп,
Бір асығың бұлай,—деп,
Қолқабыспен жүруші ең,
Жеткерді қоныс Құдай»,—деп,
Асықты тартып алады.
Неше жерден жиылып,
Шырқыратып сабайды.
Аузы-басы қан болып,
Сабаса, ағаң талады.
Сабағанмен тұрмайды,
Шоқып, сабап басыма,
Шеке тамыр салады.
Несіне, Шора, қинайсың,
Өміріміз сел болып,
Қорлықпен өтіп барады.