Қисса Нәрікбай-Шора (34-бөлім)
Шора · Майкөт—Ә. Сариев нұсқасы · 3 мин оқу
Ақыл салып бөркіне,
Қарғып мінді алаға.
Бір қиял түсіп балаға,
Өсіп-өнген жеріне,
Жетіп келді Ер Шора.
Жайық деген өзенге,
Көп шомылған көліне.
—Ей, Жайығым, Жайығым,
Жағалай жатқан қайығың.
Өзіңде өзім тусам да,
Түбім бөтен екенмін,
Бұл жолда менің айыбым.
Түрікпеннің зорынан,
Аз таманың қорынан,
Болмаса білем дайыным.
Бала боп өстім бойыңда,
Құлындай аунап бауырыңда.
Құрығыңды кесіп ап,
Сүйретіп едім қарымда.
Мың жылқыны гулетіп,
Тоғанының бойына,
Ойнасам ойыным қанбады.
Өзеніңді жайлаған,
Өскен елдің тойына,
Сендей өзен таусылмас,
Ел жатуға дария.
Ақ Жайықтай жер жоқ деп,
Айтушы еді қария,
Енді кетіп барамын.
Өзіңде туған ер Шора
Амандаспай кетті деп,
Артымнан менің налыма.
Арқыраған суы бар,
Аспанға жеткен буы бар,
Суыңнан ішкен жолаушы,
Жеткенше саған ынтызар.
Еніңе көзім жетпейді,
Ішіңнен елім кетпейді.
Шүйгініңді жерде жоқ,
Қыраңдығың көлде жоқ.
Туған жерін сағынбай,
Жүретұғын мен де жоқ.
Жерден бұрын көктейді,
Сүйрігің тәтті, сүттен ақ
Таңдайымнан кетпейді,
Аман болғын, Ақ Жайық.
Онан соң келіп бір жерге,
—Ассаламағалейкүм,
Атама қоныс, Қоғалы,
Ешкілі мен Обалы.
Сен—Қоғалы деген көлімсің,
Кірім жуып, кіндігім
Кескен жерім сенбісің.
Өзіңде туған бала еді,
Қоштаспай кетті дермісің,
Мен барамын Қазанға.
Тұрар заман болмады
Амандасып жеріне.
Әр қиял түсіп көңіліне,
Арыздасып қоштасты
Өсіп-өнген жеріне.
Онан соң келіп үйіне,
Атасынан бата алып,
Елге сәлем дат алып,
Жау жарағын байланып,
Жүрмекке Шора сайланып.
Нәрікбай мен Күлқаныс
Батасын берді зарланып:
—Құлыным, Шора, шырағым,
Алладан жетсін мұрадың.
Сені сұрап Құдайдан,
Жеті жылдай жыладым.
Сөйткенде көрген, шырағым,
Бір Құдайға тапсырдым.
Бабай Түкті Шашты Әзіз,
Айналайын атыңнан.
Ұмытпа, балам, жадыңнан,
Сиынсаң қолдар бабаң бар,—
деп, Нәрікбай мен Күлқаныс жана қырық үйлі тамалар бәрі амандасып, қоштасып, әуелі Құдайға, екінші, пірлеріне тапсырып, бата беріп, мойындарына бұршақ салып, есендігін сұрап қала берді. Енді Шора батыр алты айда Қазанға жетіп барады. Барса, Қазанның шетінде бір күрке тұр екен. Бір кемпір тезек теріп жүр екен, Шора соған барды. Кемпір Шораны: «Аман келдің бе?—деп бетінен сүйіп, әке-шешең аман ба?»—деп атынан түсіріп алып көрісті. Күркеге ертіп келді, бір шал отыр екен, шал Шорамен көрісіп: «Аман-есен келдің бе? Нәрікбай мен Күлқаныс аман ба?»—деп жыласып отырды. Ол ақсақал Нәрікбайдың уәзірі еді. Қазанды қалмақ алып, Қозбанбет, Садыр деген қалмақ патша болып билеп тұрған еді. Шал ақсақал: «Қарағым, Шора, кірің болса жуғызып, шаңың болса қақтырып жата бер»,—деді. Шора Шұбар атқа мініп, Қозбанбет, Садырға келіп:
—Есім қайда?—деді.
—Есім қазір зынданда жатыр,—деді. Шора:
—Шығарып бер,—деді.
—Жаумысың не елмісің?—деді Қозбанбет.
Садыр:
—Елміз,—деді.
—Ел болсаң шығар,—деді. Сонда Шорадан сескеніп Есімді зынданнан шығарып берді. Есімнің шашы, сақалы белуарына түсіп еді. Есім мен Шора көрісіп, жылап: «Нәрекем бар ма, аман-есен бе?»—деп жылады. Шашын алып, мұртын басып жеті жылғы ту қара биенің қазысына бөлеп, қалжалап, кемеліне келтіріп, қалмақты шауып, Қозбанбет, Садырды ұстап алып, басын кесіп өлтіріп, екеуі тізе қосып, қорада өлген қалмақты арбалап тысқа шығарды. Енді Қазан елінен көп әскер алып түрікпенге жөнеді. Түрікпенге келіп, таманы үш қабат шауып алған екен, келе-ақ шауып жіберді. Сонда Қарахан: «Нәрікбай деген достым, Шора деген құрбыма сәлем,—деп елші жүргізіп,еліме амандық бер»,—деді. Сонда қалған еліне амандық берді. Әлібидің қызы Ақсұлуды сексен нарға алтын, күміс жасау арттырып Шораға ұзатты. Түрікпенді Қараханға бағындырып, патша қып қалдырды. Енді Нәрікбай Қазанға келіп тағына мініп, патша болып дәурен сүрді. Содан кейін Шора Қазанда Нәріктен соң хан болып, үкім жүргізіп, қалмақ, қазақ халқын өзі сұрады.