Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қисса Нәрікбай-Шора (15-бөлім)

Шора · Майкөт—Ә. Сариев нұсқасы · 3 мин оқу

Талап қылып Нәрекем,
Самарқанға келді сонда.
Онда жатқан Шаһызанда,
Ол жерде һәм ишарат болмай,
Тәуекел деп түсті жолға.
Бұқарадағы Баһауаден,
Ол жылап келген кісіге,
Үш күн тұрды есігінде,
Тілеу тілеп шыныменен.
Бұл арада ишарат жоқ,
Тәуекел деп Нәрекең,
Мамбайдың басып жолымен,
Құзардың Қарсы шөлімен,
Нәрікбай еңіреп барады,
Енді жынды көңілімен.
Үйрек ұшып, қаз қонар
Айдын шалқар көлінен.
Ел ішіндегі жалғыздың
Не түспейді ойына.
Ұзақ сапар қылмаққа,
Қарсының түсті жолына.
Нан пісуші еді Қазанда
Хан Нәріктің деміне.
Өкімет көрген кісі еді,
Қазанның байтақ елінде,
Алтын тақтың үстінде,
Белдігі кемер белінде.
Мүсәпір болды бұл күнде,
Кәріліктің шенінде.
Қол ұстасып екеуі,
Дуана болып барады,
Құлазып жатқан қу дала,
Құзардың ұзақ шөлінде.
Қарсы-Құзар дер екен,
Құлазып жатқан шөл екен.
Ондай-мұндай жұрт болып,
Көбеймеген жер екен.
Әр құдықтан су ішіп
Ауғанда күн бесіннен.
Құлазыған қу дала,
Таусылмас ерте-кешінен.
Ұмытпайтұғын бір сөз бар,
Ендігі жанның есінен.
Неше күндей жол жүріп,
Аз ғана емес мол жүріп,
Құтылмай жапан түзінен,
Келе жатып Нәрікбай
Жығылды танып есінен.
Ақылынан айрылып,
Алаңдайды Нәрікбай.
Есінен танып қалыпты,
Пері ұрғандай, шалықтай.
Келе жатып екеуі,
Не болғанын білмейді,
Нәрікбай жатып қалыпты-ай.
Айналдырған екеуі,
Жығылған соң біреуі,
Күлқаныс жылап тарықты-ай.

Ашылған бауда гүл еді,
Сөйлеуге қызыл тіл еді.
Нәрікбай патша жығылды,
Өлімге қиял жіберді-ай.
Өледі деген себебі,
Жеті жылдай зар жылап,
Бір тыным алмай жүр еді,
Жасы жеткен кісі еді,
Жеткен-ақ жері болды енді.
Нәрікбай жылап жүрсе де,
Жыламаушы еді Күлқаныс,
Бір артық жері бұл еді.
Екеудің бірі жатқан соң,
Не қыларын білмейді,
Аң-таң болып тұр енді.
Нәрікбайды байқаса,
Өлгелі тұр ал сонда.
Оны көріп Күлқаныс,
Қайтемін деп қысылды.
Өзі мұндай көрмеген,
Тегі әйел емес пе,
Өлсе Нәрік қайтеді,
Жалғыз нешік шара бар.
Қазаннан шыққан қаңғырып,
Ел жұртынан айрылып,
Ол күндерде қапа боп,
Жылаған жоқ зар қылып.
Әліби қылып зорлығын,
Түрікпеннен көрген қорлығын,
Онда да жылап көрген жоқ.
Шүкірлік қылған қадір түн,
Мал мен жанды тәрік қып,
Тастаған екен орнына.
Қырық үйлі тама шуылдап,
Үш күн ерген соңынан,
Сонда да әйел Күлқаныс,
Түк келтірмеген ойына.
Жеті жыл жүрген далада,
Ынтық болып балаға,
Әулиенің жолында,
Қапа боп Нәрік қартайған.
Түк келтірмеген ойына,
Бір сақтағаның Құдай-а,
Бар шығар деп Күлқаныс,
Тәуекел деген берік сөз,
Кетпеді, сірә, ойынан.
Ойлағанмен қиын-ды,
Нәрікбайды жын ұрды.
Екі көзі алаңдап,
Өлмек болып жығылды.
Есінен танып Күлқаныс,
Мүсәпір болып бұл күнде,
Еш адам жоқ қасында,
Қиялдың ісі қиын-ды,
Шыр көбелек айналып,
Жылады қатын зарланып:
—Ай, жаратқан жалғыз, Құдай-ай,
Көрсеткен күнің көп екен,
Мен ғаріпке мұндай-ай.
Аспаннан тұман орнады,
Тіземнен баттым лайға,
Іздеген таппай қоймайды.
Пайғамбардың перзенті,
Патима менің пірім-ай,
Мен де сенің құлың-ай.
Үмбетің болған кісіге,
Бір салмадың көзіңді-ай.
Қазаннан шықтым асы боп,
Сүйерге жоқ деп ұлым-ай.
Бір тыныштық салмады,
Әліби деген зұлым-ай.
Перзент тілеп алам деп,
Далада қалдым зар илеп,
Не болады күнім-ай.
Осындай ма еді тілегім,
Ол Қазаннан шыққанда,
Білеулі еді білегім.
Перзент тілеп алам деп,
Жаралы еді жүрегім.
Енді қандай болам деп,
Мен бейшара жүр едім.
Нәрікбай жылап жүрсе де,
Сақтағаны Құданың
Бар шығар деп жүр едім.
Бұ не деген сұмдық сөз,
Патша болған Нәрікбай,
Жас байтақтың жерінде,
Бір уыс топырақ бұйырмай,
Ит иіскеп, қасқырлар
Тартты деген сүйегін.
Жиған малым сиыр-ды,
О да мұрнын шүйірді.
Біздей болған бар ма екен,
Өтіп кеткен бұрынғы.
Еш пендеге салмасын,
Менің бұл ісім қиын-ды.
Бұ не деген сұмдық сөз,
Патша болған Нәрікбай
Далада қалса көмусіз,
Адамнан топырақ бұйырмай.
Арғымақ жалсыз, ер малсыз,
Жаратқан Тәңірім болжалсыз,
Қазаннан зарлап шыққанда,
Желіктірмесемші мен арсыз.
Барлығын Құдай қылады,
Басында мен де мекермін,
Бала тілеп не етемін.
Аспанның асты күйек-ті,
Енді қайда кетермін.
Бала тілеп алам деп,
Әулиеге барам деп,
Обалыңа мен қалдым.
Ел қыдырып нетермін,
Іштен туған ат бедеу.
Неге шықтым Қазаннан,
Туысқан-туған адамнан.
Бала тілеп алам деп,
Бермесін тілеп Тәңірінің,
Күнәкар, асы екенмін.
Әуелі тудым адам боп,
Мастық қып жүрдім надан боп.
Жалғаншы пәни дүниеден
Еш арманым қалған жоқ.

Тағы оқыңыз