Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қисса Нәрікбай-Шора (6-бөлім)

Шора · Майкөт—Ә. Сариев нұсқасы · 2 мин оқу

Қарахан сонда сөйледі:
—Жақсы айтасың, Әліби,
Сен де менің досым-ай,
Дос болып едің жасымда-ай.
Айдарханнан қорыққаннан,
Дос болып едің басында-ай.
Күнің үшін қорғалап,
Отырушы едің қасымда-ай.
Бүгінде мықты сен болдың,
Жетімдік менің басымда-ай.
Әруағына атамның
Келген екен бір қоңсы,
Әлде қалай қасымды
Дос болғандай мен саған,
Көрсеткен күнің осы ма-ай?
Қайдан таптың қаңғырған
Бір Қазанның тамасын.
Келместен жатып біліпсің,
Жоқ екенін баласын.
Иманды, жақсы хан едім,
Қасиетті жан едім.
Мазақ қып ақыл саласың,
Егер мені хан десең,
Тамаға неге барасың?
Сұраусыз зекет аласың.
Қайдан білдің таманың
Жоқ екенін баласын?
Тама мен маған зор болдың,
Зорлығыңа саласың.
Құдайға сен де бендесің,
Бір күні өліп қаласың,
Тәңірі алдына барасың.
Бізге үлкен болғанмен,
Тәңіріге пенде боласың.
Тәңірінің алды бір дейді,
Төренің алды тең дейді.
Алар қоңсы жағаңнан,
Қисабын қайдан табасың?
Нәрікбай мен көп тама,
Қасиетті жан шығар.
Саған жаман болғанмен,
Жұртына жақсы шал шығар.
Азар болса бейшара,
Бүйтіп зарлап жүргені,
Бір перзентке зар шығар.
Назар керден кісі екен,
Бір шаһарға хан шығар.
Нәріктен жақсы болып па
Шөп кіндікті Байшұбар?
Байшұбар деп жабыспа,
Адамға бермес мал шығар.
Ел-жұртынан айрылып,
Мүсәпір болып жүргені,
Зарланып қаңғып жүргені,
Сол атына қам шығар.
Бір шұбар аты бар деген,
Адамға бермес мал деген,
Шұбар ат бар деп есіттім,
Айтқаның сенің сол шығар.
Қайғылы кісі көрінді
Нәрікбайдың жүрісі.
Алдап алған кісіге
Көп білем алтын-күмісі.
Әруағына бұл жұрттың
Келіп қалды дұрысы.
Ішкімнен кем көрінбейді,
Маңдайындағы ырысы.
Хикмет көрген кісі екен,
Бурадай қиял тұрысы.
Қазанда болған хан екен,
Білмеймін қандай жүрісі.
Көңіліне азар салмасаң,
Болар еді, Әлеке,
Мұның да сұрары бар шығар,
Өзіңдей аға-інісі.
Алдап қылсаң туысқан,
Өзі мырза, өзі бай,
Шошытып азар салмасақ,
Асыл затын байқамай,
Құдай айдап келтірген,
Сіз бенен бізге шылқа май?
Келместен жатып, Әліби,
Мұнша неге зарлаттың,
Мақұл ма мұның, япырмай?
Не болмақшы еді жалғыз тай,
Жамандасып алған тай,
Жаманданып өлмей ме?
Жалғыз үйлі бір қоңсы
Қолымыздан келмей ме?
Біз Құдайдан қорықсақ,
Өзі-ақ әкеп бермей ме?
Қырық қақпалы ел екен,
Ноғайлы тама дер екен.
Үш алаштың баласы,
Жері байтақ кең екен.
Ішіне барған Нәрікке,
Артындағы ерлер сөз қылса,
Әлібидің қуаты
Нағып келген демей ме?
Жалғыз үйлі тамаға,
Әлібидің Нәрікке
Келген болса қуаты,
Осындай сөздің артында
Болушы еді ұяты.
Тілімді алсаң, Әлеке,
Тамаменен егеспе.
Естерге жаман болмай ма
Не бітіріп бермекші?
Жалғыз үйлі қаңғырған
Бір қоңсының бір аты.
Көп халыққа мақұл ма,
Осыған қылқың қақпағың.
Менен де бұрын сенікі,
Бауырыңа тартып алмағың.
Қырық мың үйлі қайрақты,
Қырық мың үйлі айрақты,
Содан бір ат таба алмай,
Жалғыз үйлі қоңсының
Атын көздеп қалмағың.
Мақұл болса қыла бер,
Өзіңде жоқ боп тұрғандай,
Атын тартып алмағың.

Әлқисса, Қараханның бұл сөзін естіп, Әліби тас-талқан болып, Қараханға ашуланып, үйіне барып таманы шабамын деп: «Мен сені хан деп айтсам, менің абыройымды жоқтамай, тентіреп жүрген таманың сөзін сөйлеп, мені әуре қыласың»,—деп, бек қайраттанып, ашуланып жүре берді.

Шора

Барлығы: 64 жыр

Тағы оқыңыз