Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қисса Нәрікбай-Шора (19-бөлім)

Шора · Майкөт—Ә. Сариев нұсқасы · 3 мин оқу

Бұл сөзді айтып Нәрікбай,
Келе жатыр екеуі
Еркелетіп Шұбарды,
Асылдырып мойнына.
Өкшесін басып ентелеп,
Келеді Шұбар еркелеп.
Үйге келді екеуі,
Шұбарды жіпсіз жетелеп.
Келеді деген Нәрікті,
Таманың жоқ ойында.
Басшысынан айрылған,
Балапандай шуылдап,
Жылады ерте-кешіне.
Нәрекем келді үйіне,
Түс қайта берген бесінде.
Дәнеңе жоқ ойында,
Отыр еді көп тама.
Нәрікбайды келер деп,
Есінде жоқ бейшара.
Келіп қалды Нәрікбай,
Тамаға Құдай боп пана.
Нәрікбайды көрген соң,
Таманың кетті ақылы.
Бөтен емес бәрі де,
Жанашыр туған жақыны.
Алатаудай бар еді
Айбатының салқыны.
Батқан айы туған соң,
Не қыларын білмеді.
Қуанғаннан ақыры,
Жанып тұр сөнген шырағы,
Таманың жетті мұрады.
Нәрікбайды көрген соң.
Қуанған мен қорыққан бір,
Не күн тынбай жылады.
Есі шығып таманың,
Есепсіз малды қырады.
Неше күндер шуылдап,
Тамалар тойды қылады.
Құдайыны көп сойып,
Қуанысып тамалар,
Аяғын құшып Нәріктің,
Жыласып қатын, балалар,
«Өңім бе, түсім бе екен?»—деп,
Не күндей ұйықтатпай,
Сағынып қалған жарандар,
Нәрікке әркім ынтызар.
Неше күн зарлап жол жүре,
Бір күні шөкті қара нар.
Барғандай боп Қазанға,
Қуанып жатыр тамалар.
«Ел көрерміз енді,—деп,–
Нәрекем есен келді»,—деп
Қайғы шығып есінен,
Той қылып ерте-кешінен,
Көп тасаттық беріпті.
Тынықты Нәрік неше күн,
Шөлдерде тартқан кейісті.

Есіктің алды өрік-ті,
Судың қасы көрікті.
Бір күндерде тынығып,
Кемпір мен шал желікті.
Арыстанның етіне
Болыпты қатын жерікті.
«Арыстан атып келгін,—деп,
Жолбарыс тауып бергін»,—деп,
Айымнан хабар келіпті.
Түрегелді Нәрікбай,
Ай мүйізді ақ қошқар
Алып келді ғаріп бай,
Бір перзенттің жолына
Құрбан қылып шалыпты-ай.
Бұқардан келген ақперен
Мойнына алып салыпты-ай.
Сұр мергені бар екен,
Қасына ертіп алыпты-ай.
Көлшүнгент деген бір тауға
Жолбарыс іздей барыпты.
«Бісміллә»,—деп Нәрікбай,
Шұбарға мініп алыпты.
Ол Шұбарға мінген соң,
Жеті жыл көрген қорлығы
Сол жерде түсіп қалыпты-ай.

Көлшүнгенттің басына,
Кереге тастың астына
Нәрекем келіп отырды.
Кім екенін білмейді,
Ғайып ерен секілді
Бір адам отыр қасында.
Түс қайтып, бесін болғанда,
Мұж ұрып, дария толғанда,
Арыстан келді арқырап,
Танадай көзі жарқырап.
Қайыптан мылтық тарс етті,
Арыстан жығылып жалп етті.
Нәрікбай жетіп келеді,
Қоңыраулы нардың үстіне
Барлығын артып жөнеді.
Сәскелік жерге барғанда,
Бірін-бірі жоқтасып,
Арыстан қайтып келеді.
Арыстан қайтып келгенше,
Елге Нәрік жөнелді.
Үйде отырған Күлқаныс,
Қожанты пышақ қолында,
Алдынан шығып жөнелді.
Түйеден алды түсіріп,
Ойынды етін ойып ап,
Отқа салып пісіріп,
Сары суы еттің тарамай,
Асап-асап жейді енді.
Арыстан етін жеген соң,
Жерігі әбден қанады.
Жолбарыстың етін жеп,
Қатында құмар қалмады.

Енді сөздің қысқасы,
Тоғыз ай, он күн көтеріп,
Арада жапа еткізіп,
Тарыққан жерде Құдайым,
Мұратына жеткізіп,
Тоғыз сағат болғанда,
Тоғыз минөт толғанда,
Тапты Шора баланы.
Арылдаған дауысы
Ай күндік жерді алады.
Есіткен түрікпен, қайрақты
Аң-таң болып қалады.
Қағанақтың суына
Алпыс қатын ағады.
Екі қолын ескек қып,
Керегеге асылып,
Қатынның жаны қалады.
Алпыс қатын кеңесіп,
Алдына орап алады.
«Баланың дауысы шыққанда,
Жаным бірге шығар»,—деп,
Жеті қырдың астына,
Жетпіс бие байлатып,
Нәрікбай жатып қалады.
Жанның бәрі қуанып,
Сүйіншіге барады.
«Сүйінші» деген кедейлер,
Нәрікбайдан енші алып,
Өз алдына ауыл боп,
Малды болып қалады,
Өріске мал салады.
Келді Нәрік зар жылап,
Көрмекке ынтық баланы.
Алып келіп қырық қатын,
Алдына қойып баласын,
Нәріктен дүние алады.
Баланы көріп Нәрікбай,
Үш мәртебе талады.
Былжырап жатқан баланы
Қойнына ап кеп салады.
Еш адамға көрсетпей,
Үш күнге дейін екеуі
Ортаға алып бағады.

Тағы оқыңыз